Basty bet
Қырыққабаттар үзуге дайын
Жайдарлы жаз мезгілі ортадан ауып, мәресіне жақындап келеді. Бұл – жер төсін емген диқандар мен бағбандар үшін ала жаздай дамылсыз еңбегінің жемісін көре бастайтын шағы.
Соңғы жылдары аудан тұрғындары ақ егіспен қатар, көкөніс түрлерін өсіруге де жеткілікті көңіл бөліп келеді. Өңірдегі суғармалы алқаптарда картоп, қырыққабат, сәбіз, қызанақ, қияр секілді дақылдар бапталуда.
Нұрлыкент ауылының тұрғындары Бақыт Тілеубердиев пен Камал Алтаев биыл жазда іргедегі Көкбастау ауылдық округіндегі Теріс ауылының сыртындағы «Бектай» ШҚ-ның үш гектар жерін жалға алып, қырыққабат, сәбіз, картоп секілді көкөніс дақылдарын баптап өсірді. Әсіресе, толысып, пісіп-жетілген қырыққабат плантациясына жолдың бойынан қарағанда көз сүйсінеді.
Ілкімді жігіттердің серіктесіп, осы кәсіппен шұғылданып келе жатқанына он жылдан астам уақыт болыпты. Бұған дейін олар бұл дақылды өздері тұратын Нұрлыкент ауылының маңындағы суғармалы алқаптарда еккен. Биыл Теріс ауылының іргесіндегі осы тың жерге түрен салып, баптап жатқан жайы бар. Ұқыпты қолдардың күтімінің арқасында бүгінде қырыққабат плантациясы жайқалып тұр.
– Қырыққабат – күн сәулесін молынан қажет ететін дақыл. Сондықтан бақшаның ашық жерде орналасқаны ләзім. Ағаштың немесе басқа заттың көлеңкесі түссе, дақылдар дұрыс өсіп-жетілмейді. Сондай-ақ оқта-текте қоңырсалқын ауа да қажет.
Біз әуелі қырыққабаттың ұрығын сатып аламыз. Оның бір қалташасында 10 мың данаға жуық ұрық болады. Оның нарықтағы бағасы 35-36 мың теңгенің төңірегінде. Біздегі ауа-райының ыңғайына қарай қырыққабат мамыр айының аяғына дейін отырғызылуы тиіс. Сондықтан сәуір айының алғашқы онкүндігінде үйдегі жылыжайда ұрықты топыраққа сеуіп, одан көшет өсіріп аламыз. Ұрықтардың 80 пайызы өніп шығады. Әр гектарға орта есеппен 30 мыңға жуық түп көшет отырғызылады.
Тәжірибелі бағбан Бақыт Тілеубердиев бізбен әңгімесінде кәсіптің қыр-сыры туралы осылай дейді.
Ал Камал Алтаев болса, «Жалпы қырыққабаттың жүздеген сұрыптары бар болса, осындағы алқапта жергілікті жерге бейімделген «Бухарест», «Ринда» және «Ақ қаудан» сұрыптары бапталуда. «Ринда» сұрыбы ұзақ сақталады, алысқа тасымалдауға өте қолайлы» деп серігінің сөзін қостап қояды.
Бақша осындағы бастау суымен аптасына бір мәрте мейірі қандыра суарылады. Арамшөптер мен бақша зиянкестеріне қарсы күрес жаз бойы жүргізіледі. Әуелі қырыққабат бас байламай тұрғанда, бақша трактормен бір қопсытылады. Кейіннен арамшөптер қолмен шабықталап, оталады. Ондай қол жұмыстары кезінде ауыл тұрғындарының көмегіне жүгінеді. Қырыққабаттың «Алапес», «Қызыл» деген аурулары бар, ондай ауру кезінде жапырақтары теңбіл не қызғылт тартып, дақыл бас байламайды. Бақшаның жауы – көбелек құртына қарсы «Политерин», «Нурель» деген сұйық препараттар шашылады.
Бағбандар өнімнің санына емес, сапасына қатты мән береді. Сондықтан да бақшаны күтіп-баптау жұмыстарын көбінесе өздері атқарады. Әбден пісіп-жетілгенде көкөністің ең үлкен қауданы 3-4 келіге дейін өнім береді. Егілген көкөністердің қай-қайсысы да нитрат, химикат дегендерден ада. Бұлардың ешқандай қоспасыз, табиғи таза өнімдері тұтынушылар тарапынан үлкен сұранысқа ие.
Дайын болған бақша өнімдерін өткізуде ешқандай кедергі жоқ. Ауыл тұрғындарына, іргедегі аудан орталығына апарып саудаланады. Көбінесе, шағын автокөліктермен алқап басынан алып кетеді. Қазірдің өзінде түрлі өңірлерден сұраныстар түсіп жатыр. Жігіттер «Қырыққабаттар пісіп-жетіліп, үзуге дайын, бұйырса, бір аптада шабылады. Тек жүйектердегі судың құрғауын күтіп отырмыз. Шабылған соң Ақтауға, Атырауға, солтүстік өңірлерге жөнелтіледі», дейді.
Бақша баптаған жандардың келешекке жоспары да аз емес. Олар осы кәсіпті одан әрі жандандырып, бақшалық жердің көлемін ұлғайту, су үнемдеу технологияларын қолдану ойларында бар.