Basty bet
Алаяқтардың арбауына жол бермеңіз!
Аудан әкімі аппаратының мәжіліс залында Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің ұйымдастыруымен агроөнеркәсіптік кешендегі субсидиялау бағдарламасын ақпараттандыру жөнінде отырыс өтті.
Жиынға Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Ниязов, Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті Превенция басқармасы басшысының орынбасары Ербол Бақтыхожаев және ауылдық округ әкімдері, аудандық «Nur Otan», «Ауыл» партияларының, кәсіпкерлер палатасының өкілдері, шаруашылық жетекшілері қатысты.
Отырысты аудан әкімінің орынбасары Жарқынбек Шоғалов ашып, жүргізді. Ол алдымен, бұл отырыстың Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі агроөнеркәсіптік кешендегі субсидиялау саласына ауқымды талдау жүргізгенін және жүргізілген талдау нәтижесінде субсидиялау кезінде анықталған кемшіліктер мен субсидия алу тәсілдері туралы кеңінен ақпараттандыру мақсатында өткізіліп отырғанын айтып, сөз кезігін аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Рақымғазы Құниязовқа берді. Ол аудан бойынша 2021 жылы Агроөнеркәсіпті дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламасының іске асырылуы туралы баяндама жасады.
Бөлім басшысының сөзінше, бүгінгі таңда ауданда 2 467 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер бар. Ағымдағы жылдың өнімі үшін 29 076 гектар арпа, 3 705 гектар көп жылдық шөп, 22 071 гектар майлы дақылдар, 707 гектар көкөніс, 10 гектар бақша, 2 660 гектар картоп, жүгері 861 гектарға егіліп, барлығы 59 090 гектарды құрады. 2020 жылмен салыстырғанда 2 208 гектарға артық.
– Үстіміздегі жылы Үкімет тарапынан 1 315 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдауға 1 миллиард 728 миллион теңге қолдау берілді. Оның ішінде, егін шаруашылығы бойынша ағымдағы жылдың 11 ай қорытындысымен 361 шаруа қожалық 284,9 миллион теңге субсидия алды. Ал, мал шаруашылығы бойынша ағымдағы жылдың 11 айдың қорытындысымен 254 шаруа қожалық 354,4 миллион теңге субсидия алды. Нәтижесінде, ауданда 2021 жылдың 11 айында мал шаруашылығы бойынша тіркелген мүйізді ірі қараның саны – 46 902 басты құрады. Инвестиция салымдары бойынша ағымдағы жылдың 11 ай қорытындысымен 201 ауыл шаруашылық тауар өндірушілері 500,2 миллион теңге субсидия алды.
Мемлекеттік қолдаулар нәтижесінде ауыл шаруашылығының негізгі капиталына инвестиция көлемі 2021 жылға жоспар 1,1 миллиард теңге көлемінде белгіленген. Бүгінгі күнге 1 162 миллион теңгенің жаңа ауыл шаруашылығы техникалары алынып, жылдық жоспар толығымен орындалды, – деді Рақымғазы Нұрғазыұлы.
Жиында сөз алған Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалының директоры Руслан Айтбаев кәсіпкерлер палатасының 2021 жылғы 12 ай қорытындысы бойынша атқарған жұмысы туралы баяндады. Филиал директорының айтуынша, ағымдағы жылы атқарылған шаралардың нәтижесінде ауданның негізгі экономикалық дамуы үдемелі өсуді көрсетіп отыр. Ауданның жалпы ішкі өнімінің көлемі есепті мерзімге 21 миллиард 123,4 миллион теңгені құрап, 2020 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 10,3 пайызға артқан. Ауданымызда 2020 жылы «Бастау Бизнес» жобасына 384 тыңдаушы қатысып, 2021 жылы 28 жоба 16,3 миллион теңге көлемінде грант қаражатына қаржыландырылса, осы жылы «Бастау Бизнес» жобасын 251 тыңдаушы жарамды сертификатпен оқуды аяқтап, оның ішінде 22 тыңдаушы қайтарымсыз гранттың иегері атанған.
Жиын барысында сондай-ақ, аталған департаменттің Превенция басқармасы басшысының орынбасары Ербол Бақтыхожаев және Департамент басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Ниязов сөз алып, агроөнеркәсіптік кешендегі субсидиялау саласына ауқымды талдау жүргізгенін және жүргізілген талдау нәтижесінде субсидиялау кезінде бірқатар кемшіліктер мен заңсыз әрекеттер анықталғанын баса айтты. Сонымен бірге, бүгінде маңдай терімен еңбектеніп жүрген ірі кәсіпкерлер, фермерлер субсидия алу кезінде алаяқтардың алдауына түсіп қалмау керектігін жеткізді. Себебі, заңсыз әркеттерге барып, жеке кәсіпкерлердің электронды цифрлы қолтаңбасын пайдаланып, айласын іске асырып жатқан алаяқтардың қатары көбейгенін тілге тиек етті. Сондықтан да ауыл шаруашылығы саласында қызмет етіп жүрген лауазымды тұлғаларға құжат қабылдар алдында жан-жақты зерделеу керектігін және құжатты жан-жақты зерделемей қол қоюға болмайтынын ескертті. Одан бөлек, алдағы уақытта ЭЦҚ кілтіне қатысты және субсидия алу кезіндегі өтініш қабылдауда бірқатар өзгерістер енетіні жөнінде хабарлады.
Жиынды аудан әкімінің орынбасары Жарқынбек Шоғалов қорытындылап, топ мүшелерінің ауданға келіп, қажетті ақпаратпен бөліскені үшін алғысын білдіріп, ізгі тілегін жеткізді.
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»