Basty bet

Аудан әкімінің құрметі

1986 жылы 26 сәуірде Украинадағы Чернобыль атом электр стансасында болған апаттың 33 жылдығына байланысты аудан әкімі Нарбай Ергебеков сол апат келтірген залалдарды жоюға қатысқан жуалылық азаматтарды қабылдады. Чернобыль апатына қатысқан 12 ардагер бүгінде ауданда тұрып жатыр. Аудан басшысының қабылдауына «Жамбыл облыстық Чернобыль одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Руслан Саржанов және мүшесі Шынарбек Райысбеков бастаған топ құрамында 11 ардагер болды, екі ардагер ауырып келе алмады.

– Құрметті, ардагерлер! 1986 жылы КСРО құрамына кірген көптеген елге Чернобыль апаты үлкен қасірет әкелді. Бірнеше миллион халық зардап шекті. Апат зардаптарын жоюға қатысқан бірнеше мемлекеттің ішінде Қазақстан алғашқылардың қатарында болып өзінің жауынгерлерін жіберіп, көмек қолын созды. Ал, көптеген қазақстандықтар өз еркімен жазылып, кетіп жатты. Сол батырлардың ішінде өздеріңіз де барсыздар. Ал, мыңдаған азаматтар бүгінгі күнге жетпеді, өмірден озды. Біз оларды ұмытпаймыз, есімізге алып отырамыз. Әрине, украин халқы да сіздерге алғыстарын айтып келеді. Мұндай апат енді қайталанбасын, келешек ұрпақ ондай қасіретті көрмесін,- дей келе Нарбай Әбілқасымұлы ардагерлерді ой-пікір бөлісуге, жағдайларымен танысуға шақырды.
Ардагерлерді бастап келген «Жамбыл облыстық Чернобыль одағы» ҚБ төрағасы Руслан Саржанов сөз алып:«Чернобыль апатын залалсыздандыруға Жамбыл облысынан 1500 адам қатысқан, бүгінде солардың ішінде 300-і ғана ортамызда бар. Жерлестеріміздің ерлігіне арнап бүгінде Жаңатас, Қаратау және Тараз қалаларында белгілер орнатылды. Сондай белгі Жуалыда да орнатылса, құба-құп болар еді. Ондай ескерткіш өсіп келе жатқан, келешек ұрпағымызға керек. Бұл ардагерлердің ерлігі жастарға тарих, үлгі-өнеге болып сақталуы қажет. Кеше Таразда ардагерлердің қатысуымен «дөңгелек үстел» өтті. Онда біз ардагерлер денсаулық сақтау, әлеуметтік салалары бойынша Чернобыль ардагерлері үшін жеңілдіктер сұрадық. Бұрынғы кездегі облыстық терапия жанынан құрылған «Соғыс, тыл ардагерлеріне, мүгедектеріне» арналған тегін зерделеуді қайта жаңғыруды талап еттік. Сондай орталықтар ауданда да құрылуы тиіс»,- деді Руслан Саттарұлы.
Қабылдауға келген ардагерлердің бірқатары ауырып, ем іздеуде, емделейін десе ауруханаға жата алмай жүргендерін айтты. Солардың ішінде Төлеген Сопбеков:
– Маған ауыр диагноз қойылды. Ауруханаға жатайын десем қабылдамайды,- деді Төлеген Әденұлы.
Аудан әкімінің кездесуіне келмеген науқас туралы оның әріптесі, Көлбастау ауылының тұрғыны Батихан Байтоқов сырқаттанған ардагер мүгедектік ала алмай жүргендігі туралы айтып, Нарбай Әбілқасымұлынан көмектесуін өтінді.
Пікірлерді мұқият тыңдаған аудан басшысы ардагерлерге қолынан келгенше аянбай көмек беруді уәде етті. Келешекте Чернобыль апатына арнап ескерткіш-белгі орнатуға да қолдау көрсетті.
Кездесу соңында Нарбай Әбілқасымұлы ардагерлерге естелік сыйлықтар тапсырып, алдағы мереке Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтады.

Гүлмира Дембаева.
Суреттерді түсірген Сәбит Күзембаев,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close