Basty bet

Біріккен істе береке бар

Вице-министр Н.Дайырбеков пилоттық жобаның барысымен танысты

Жуалы жұртшылығының есінде болса, 2019 жылдың соңында «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту пилоттық жобасының» аясында біздің ауданнан аталған пилоттық жобаға Ақтөбе ауылдық округі таңдалып алынып, соның нәтижесінде былтыр округ тұрғындарының 90 проценті 2,5% мөлшерлемемен несиеге қол жеткізген болатын. Жалпы айта кететін болсақ, пилоттық жоба аясында Ақтөбе ауылдық округіндегі 494 ауланың 444-і несиелендіріліп, олар тиісінше, несие қаражаттарына мал алып, кейбірі үй іргесіндегі жерлеріне бау-бақшалық дақылдар егіп, тұрмыстарын біршама түзеп отыр. Бұл жөнінде аудандық газет тілшілері округте несие алып, жұмыс жасап жатқан азаматтардың толымды тірліктері туралы ұдайы жазып келеді.

Аптаның сейсенбісі күні ауданға Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Нұрбек Дайырбеков жұмыс сапарымен арнайы атбасын бұрып, Ақтөбе ауылдық округінде жүзеге асырылып жатқан «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту пилоттық жобасының» аясындағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Айта кету керек, вице-министрмен бірге министрліктің өкілдері, сонымен қатар, Жамбыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Аманов бастаған делегация өкілдері де болды.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Нұрбек Дайырбековты Жуалы ауданының әкімі Нарбай Ергебеков аудан шекарасынан қарсы алып, Ақтөбе ауылдық округіне бастап алып келді. Вице-министр бастаған делегация ең алдымен пилоттық жоба аясында құрылған «Атамекен-Бастау» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің базасында болып, техникалармен және кооперативтің алға қойған жоспарларымен кеңінен танысты.
Аталған кооператив былтыр 93 миллион теңге қаражатқа барлығы 19 дана ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алған. Қосымша агрегаттарды айтпағаннның өзінде, үш дана су жаңа трактор, оның екеуі «LOVOL» маркалы трактор, бір дана дән жинайтын заманауи комбайны бар. Оны былтыр 19 миллион теңгеге алған. Кооператив басшыларының айтуынша, комбайн құнының 50 процентін мемлекет субсидиялаған екен. Дән сепкіш, тіркеме, одан бөлек, картоп тұқымын егуге және қазуға арналған қосымша техникалардың бәрі бар. Қазір ұжым мүшелері көктемгі дала жұмыстарына қызу дайындық үстінде. Қоймада 150 тонна картоп тұқымы сақтаулы тұр. Кооператив мүшелері алдыңғы және өткен аптада күннің күрт жылынып, қардың ерігенін тиімді пайдаланып, 120 гектар алқапқа арпа дәнін сеуіп үлгеріпті.
Ақтөбе ауылдық округінде тиімді жүзеге асырылып жатқан пилоттық жоба аясындағы жұмыстарды «Атамекен-Бастау» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің басшысы, аудандық мәслихаттың депутаты Зайырбек Сұлтанмұратов айтып берді.
Жоба негізінен бес бағыт бойынша жүзеге асырылуда. Былтыр 57 гектар алқапқа жоғары репродукциялы картоп тұқымын егіп, 920 тонна өнім жинаған болатынбыз. Одан бөлек, қызанақ, қырыққабат, тағы басқа дақылдар егіп, мол өнімге қол жеткізіп отырмыз. Өздеріңізге белгілі, «Алқаптан – сөреге» жобасы аясында дайын өнімдерімізді күздің күні Жуалы ауданының және Жамбыл облысының орталығында өткен ауыл шаруашылығы өнімдерінің дәстүрлі жәрмеңкесіне шығарып, нарық бағасынан едәуір төмен бағаға өткердік. Одан бөлек, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларындағы азық-түлік жәрмеңкелеріне бірнеше рет өнімдерімізді алып бардық. Жуалы жерінде өндірілген қандай өнім болсын, экологиялық жағынан таза. Әсіресе, бұрыннан дәмі тіл үйіретін ақ картобымен аты Одақ көлеміне тараған Жуалыда әлі де бұл дақылдың түрі жақсы өседі. Жәрмеңкелерде негізінен картопқа сұраныс өте жоғары болды. Мысалы, базарларда картоп 100 бен 150 теңгенің аралығында сатылып жатқанда біз 70-80 теңгенің аралығында саудаладық. Бұл әрине, қарапайым халық үшін өте тиімді баға.
«Біріккен істе береке бар» демекші, пилоттық жоба аясында құрылған «Атамекен-Бастау» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне округтегі қаншама шаруа қожалық және ауыл тұрғындары жерлерімен келіп қосылып жатыр. Жобаның талабына сәйкес 191 адам жеке кәсіпкерлік ашып, кәсіптерін дөңгелету үстінде. Одан бөлек, жалпылай айтқанда, 230 адам жұмыспен қамтылып отыр. Былтыр алғаш рет бес гектарға таңқурай дақылын ектік. Сондай-ақ, пилоттық жоба аясында сүт өндіру бағытында несие алған азаматтардың сүтін өңдеуге арналған шағын цехтің құрылысын жүргізіп жатырмыз. Алға қойған жоспарларымыз өте көп. Жоба аясында төмен процентпен несие алған кооператив мүшелері ел Үкіметіне алғыстарын жаудыруда. Ары қарай да осы қарқынмен жұмыс жасай береміз,- дейді Зайырбек Жақсыбекұлы.
Кооператив базасында өткен шағын басқосуда аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Рақымғазы Құниязов пилоттық жобаның тимділігін, одан күтілетін нәтижелер, алдағы жоспарлы жұмыстар, сондай-ақ, жалпы жобаның аясындағы жетістіктер мен проблемаларға да тоқталды. Ең бастысы, жобаның ауыл тұрғындарына өте тиімді болып отырғанын қуанышпен жеткізді. Жиын барысында сөз алған кооперативтің механизаторы Әбдіқадыр Бейсенбаев та пилоттық жоба аясында жұмысты болып отырғанын әрі еңбекақысының да уақтылы төленіп жатқанын айтты.
Ауыл шаруашылығы Вице-министрі Нұрбек Дайырбеков бастаған делегация пилоттық жобамен несие алған ауыл азаматтарының үйлеріне барып, ондағы жұмыс барысымен де танысты. Мысалы, Жаңаталап ауылының тұрғыны Серік Көшкінбаев 2,5 процентпен төрт миллион теңге несие алып, былтыр оған 22 бас бұқа сатып алған. Бұқашықтарды бордақылап жатқанына да бір жылға жуықтапты. Жақында оның төртеуін сойып, етін ауылдастарына және аудан орталығындағы сауда нүктелеріне 1900 теңгеден өткізіпті. Ол мал бордақылау кәсібінің өте тиімді екенін айтады. Ал Серіктің көршісі Қайырғазы Әбдікерімов те жоба аясында 5 млн теңге несие алып, оған 10 бас жылқы және 25 бас қой сатып алып, оларды семіртіп, ауылдастарын сапалы әрі дәмді етпен қамтамасыз етіп отырғанға ұқсайды. Жылқы етінің әр келісін 1950 теңгеден саудалауда. Ал қойды көбейту үшін алған.
–Несиенің рәтін көріп, пилоттық жобаның арқасында тұрмысымызды түзеудеміз. Бес жыл мерзімге 5 млн теңге несие алдым. Әр үш ай сайын 320 мың теңгеден төлеп жатырмын. Өте тиімді. Осы уақытқа дейін сатып алған он жылқының бесеуін семіртіп сойып, өткіздім. Кәсібіміз жаман емес,- дейді Қайырғазы. Топ мүшелері Жаңаталап ауылында 150 бас жылқы және 150 бас ірі қара бордақылап отырған шаруақор азамат Абсамат Асановтың да шаңырағына барып, ондағы жұмыс процесін көрді. А.Асанов пилоттық жобамен алынған 7 млн теңгеге жылқы сатып алып, бордақылап, бұл бағытта «Жуалы – Ет» аталатын сауда желісін ашып, экологиялық таза жылқы және сиыр етін аудан көлеміне саудалап жатқанын айтады.
Делегация мүшелері Ақтөбе ауылдық округіне сапары барысында «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту пилоттық жобасының» бесінші бағыты бойынша несие алған жеке кәсіпкер Гүлбану Қанатбаеваның да жұмысымен танысты. Кәсіпкер 5 процентпен 4 млн 700 мың теңге несие қаржысына қол жеткізіп, оған кондитерлік өнімдер шығаруға арналған арнайы құрал-жабдықтар сатып алған. Нан және нан өнімдерін пісіретін пешті Алматы қаласынан алдырыпты. Қазіргі таңда округтің орталығы Бәйтерек ауылындағы Г.Қанатбаеваның кондитерлік цехында күніне 100 келіге жуық 20-ға жуық өнім түрлері шығарылады. Үш адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Мұнда дайындалған өнімдер округ дүкендеріне және аудан орталығындағы сауда орындарына жөнелтілуде.
Ауыл шаруашылығы Вице-министрі Нұрбек Дайырбеков Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту “пилоттық жобасының” аясында Ақтөбе ауылдық округіндегі жұмыстарды оң бағаласа, онымен бірге келген министрлік өкілдері жоба төңірегінде туындап отырған кейбір проблемаларды жазып алып, алдағы уақытта министрлік және облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан зерделенетінін жеткізді.
* * *
Топ келесі кезекте Жуалы ауданының орталығындағы «Бурное сүт компаниясы» ЖШС-ның жұмысымен де танысты. Іргетасы сонау 1951 жылы қаланған бұл сүт өңдеу зауытының өнімдері Қазақстан аумағынан бөлек Ресей Федерациясына да жөнелтілуде. Атап айтқанда, мұнда өндірілетін ірімшіктің 70 процентін ресейліктер тұтынып отыр. Одан бөлек, айына теміржолмен 28 вагон өнім Атырау және Ақтау қалаларына жөнелтіледі. Зауыт тәулігіне 110 тонна сүт қабылдап, өңдеуге қауқарлы. Алайда ауданда мұндай сүт өңдейтін алты шағын цехтың бар екенін ескерсек, мұнша көлемде сүт бұл зауытқа өткізіле бермейді. Сондай-ақ, аудан шаруаларынан жиналған сүттің елеулі бөлігі Тараз қаласындағы «Көкжиек» ЖШС сүт өңдеу кәсіпорнына да жөнелтіледі. Осы себептен де шикізаттың тапшылығы зауыттың толық қуатында жұмыс істеуіне қолбайлау болуда. Бұл туралы серіктестік басшысы Әбдібек Пошқаев айтты.
Аталған сүт өңдеу зауыты «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен тығыз байланыста жұмыс жасауда. Қазір бұл кәсіпорынға 18 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі және жекелеген тұрғындар сүт өткізуде. Мұнда қатты ірімшік, сары май, құрт, тағы басқа сүт өнімдері шығарылады. Серіктестік басшысы Үкімет тарапынан ауылдық округ тұрғындарына сүт бағытында төмен процентпен несие берілсе, тиісінше шикізаттың да көлемі көбейер еді дегенді алға тартады.
Жалпы Ауыл шаруашылығы Вице-министрі Н.Дайырбековтың жұмыс сапары барысында ауыл шаруашылығы саласындағы бірқатар мәселелерге назар аударылды деуге әбден болады. Ең бастысы, топ мүшелері Жуалы ауданындағы толымды әрі ауызбіршілікпен атқарылып жатқан жұмыстарға және біріккен істе береке бар екеніне көздері жетіп, көңілдері толып аттанды.

Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close