Basty bet

Берекелі шаңырақ

«Бірлік болмай, тірлік болмас» демекші, берекені көздеген ел мерекелі тірлік жасаудан жалықпаған. «Береке бастауы бірлік, ел іші тату тірлік» қағидасын ұстанған қазақ халқы ұлтаралық татулық пен тұрақтылықты, ынтымақ пен бірлікті ту етеді. Бір шаңырақтың астында сонау ықылым заманнан бері қазақ халқымен бірге этнос өкілдері ауызбіршілікте өмір сүріп келеді. Бұл біздің мемлекетіміздің ең басты байлығы.

Ел бірлігі – ең асыл қасиет. Тұрақтылық пен тыныштық, достық бар жерде елде бақыт пен береке, ырыс орнайды. Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Көпұлтты болуымыз – біздің байлығымыз, мақтанышымыз» деп еліміздің бірлігін жоғары бағалаған. Ел басына күн туған замандарда халқымызды ұлт ретінде сақтап қалған ынтымағы, бірлігі десек, артық айтпағанымыз болар. Небір қиын-қыстау замандарды басынан өткізіп, бейбіт өмірді қалап, өзге ұлттың баласын бауырына басып, бір нанды бөліскен қазақ халқы қашанда қайырымдылық пен қамқорлықтан қашқан емес.
Бірлігі мен ынтымағы жарасқан Шақпақ ауылдық округі көпұлтты елдімекеннің қатарына жатады. Ауылдық округтің орталығы Шақпақата ауылында тілі басқа тілегі бір, түрі басқа жүрегі бір өзге ұлт өкілдері ауызбіршілікте ғұмыр кешуде. Оның бірі ауылға сыйлы қариясы бар Алиакбаровтар жанұясын айтуға болады.
Отағасы Хейрулла Алиакбаров Шақпақата ауылының тумасы. Осындағы Қ.Сағындықов атындағы мектептің түлегі. Ал, отанасы Солмаз Гасанқызы Шыңбұлақ ауылында дүниеге келген. Екеуі өмірге екі ұл, бір қызды дүниеге әкеліп, әр қайсысын мамандық иесі атандырып, құтты орындарына қондырған. Тұңғыш ұлдары Сиявуш Қарағанды мемлекеттік медициналық академиясын стоматолог мамандығы бойынша тамамдаған. Қыздары Пери Тараз қаласының маңындағы Жаскешу ауылында балаларға білім мен тәрбие беруде, яғни мұғалім. Ал, кіші ұлдары Сейфулла мал шаруашылығымен айналысады. Келіндері Севим және Рухия шаңырақтың берекесі мен ынтымағын сақтаушы жандар. Берекелі шаңырақ иелері ұл-қыздарынан он немере сүйіп отырған бақытты ата-әже.
Бұл жаняұның басты құндылығы – еңбекті жоғары бағалауында. Өмірлік ұстанымдары да бірлікте, ауызбіршілікте ғұмыр кешіп, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету болып табылады. Балаларына әке жолымен адал еңбек етіп, адами жоғары қасиеттерді бойына сіңіріп, түзу жолмен жүруді үйретеді. Өздерінің таңдаған ісінің маманы болып, пайдалы іспен айналысуларын қолдайды. Татулықты, ынтымақты ту етіп, бір-біріне көмек қолын созуға шақырады.
-Әкем Әжі алты жасынан бастап еңбекке араласқан. Себебі, сол қиын кездері ата-бабамызды Иран шекарасынан жер аударып жіберген. Әзірбайжанның Бананияр ауылынан әкемнің әулеті сол тұстағы саясаттың салдарынан туған жерлерінен жырақтап, қазақ жеріне келген. Өз Отанын тастап келген әзірбайжан ұлтының өкілдеріне қазақ халқы есігін айқара ашып, бір нанды бөлісіп жеген. Қонақжайлылықтарын танытып, бауырмалдық танытқан. Әкеміз оны үнемі айтып отырады.
Ең алғашында біз Ынтымақ ауылында тұрғанбыз. Кейіннен округтің орталығы Шақпақата ауылына қоныс аударып, мен осы ауылда дүниеге келдім. Әкем алғашында колхозда механизатор, кейіннен өмір бойы бригадир болып жұмыс істеген. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласатын. Қазіргі таңда әкем сексеннен асты. Өзі кіріп-шығады. Бірақ бұрынғыдай көп жиналыстарға бара бермейді. Ал, анамыз Хавар арамызда жоқ. Сегіз ағайындымыз. Әрқайсысы бір жанұяның иесі болып өсіп-өніп отырған жайы бар.
Еңбек түбі – береке. Әкеміздің жастайынан еңбек етіп, абыройға бөленгенін көріп өстік. Сол қалпында біз де қолымыздан келгенше, жұмыс істедік. Әскери борышымды Германияда өтеп келген соң, Шымкент қаласындағы автожол техникумын жүргізуші мамандығы бойынша бітірдім. Содан көбінесе, көлік жүргізушісі болып жұмыс істедім. Механизатор болдым. Совхозда ел қатарлы еңбек еттік. Ал, қазіргі таңда жеке шаруа қожалығымен айналысамыз. Мал бағып, диқаншылықпен шұғылданамыз. Қысы-жазы осы тірліктің көзін тауып отырған жайымыз бар. Көмекшім кіші ұлым – Сейфулла. ұлымды әскерден келген соң үйлендірдім.
Жұбайым да жастайынан еңбек еткен. Үйдің берекесі, ұйытқысы. Балалардың тәрбиесіне мән береді, қонақтарға қонақжайлылық көрсетеді. Қазіргі таңда денсаулығына байланысты ІІІ топтағы мүгедіктігі бар. Ол осы ауылдың дәрігерлеріне үнемі алғысын айтып отырады. Дәрігерлердің жауапкершілігін, қызмет көрсетуін бағалайды.
Ауылдың тұрғындарымен ағайындай болып кеткенбіз. Бір-бірімізбен араласып, қуанышымызды бөлісіп отырамыз. Әрдайым бір-бірімізге есігіміз ашық. Көмегімізді аямаймыз. Бірлігіміз бекем, татулығымыз баршаға аян. Көршілерімізбен сәлеміміз түзу. Байлығымыз ынтымақ екенін жақсы білеміз, – дейді Хейрулла Әжіұлы.

Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Таңдаулы материалдар

Close