Basty bet
Мәслихаттың жаңа құрамы жұмысқа кірісті
15 қаңтар күні аудандық әкімдікте жаңадан сайланған жетінші шақырылған аудандық мәслихаттың бірінші сессиясы өтті. Сессия жұмысына аудан әкімі Нарбай Әбілқасымұлы, аудан әкімінің орынбасарлары, аудан әкімдігінің бөлім басшылары және БАҚ өкілдері қатысты.
Сессияны аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Нүрзия Алтыбаева жүргізді.
Н.Алтыбаева сайлау қорытындысы бойынша тіркелген депутаттардың тізімін оқып, оларға депутат куәлігін тапсырып, кеуделеріне төсбелгілерін тақты.
Жетінші шақырылған аудандық мәслихат депутаттарының қатарында түрлі сала мамандары бар. 13 депутаттың 11-і Nur Otan партиясының атынан сайланса, екі депутат Қазақстан Халық партиясының атынан сайланып отыр.
Жетінші шақырылған аудандық мәслихаттың бірінші сессиясына төраға болып Нұрмахан Тыныбеков сайланды. Әрі қарай сессия жұмысын депутат Нұрмахан Тыныбеков жүргізді.
Сессияның күн тәртібіндегі бірінші мәселе – аудандық мәслихаттың хатшысын сайлау болды. Бұл орайда аудандық мәслихат депутаттары Ерғали Тілеубековтың кандидатурасын қолдап, дауыс берді. Нәтижесінде “Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы” ҚР Заңының 19 бабы 1-тармағына сәйкес аудандық мәслихаттың хатшысы болып Тілеубеков Ерғали Өтемісұлы сайланды.
Екінші мәселе бойынша аудандық мәслихаттың тұрақты комиссиялары құрылып, олардың төрағалары мен мүшелері сайланды. Яғни, әкімшілік-аумақтық құрылым, аумақты әлеуметтік-экономикалық дамыту, бюджет және жергілікті салықтар мәселелері, адамдардың құқығын қорғау жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы болып Nur Otan партиясынан сайланған депутат Зайырбек Сұлтанмұратов сайланды. Ал, тұрғындардың денсаулығын және қоршаған ортаны, тұрғындардың аз қамтылған бөлігін, мүгедектерді, аналар мен балаларды қорғау, ұлттық мәдениетті, ұлтаралық және азаматтық келісімді дамыту, білім, жастар ісі, спорт мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы болып Нұрмахан Тыныбеков сайланды.
Үшінші мәселе бойынша Nur Otan партиясының депутаттық фракциясы тіркелді.
Ал, күн тәртібіндегі соңғы төртінші мәселеде аудандық мәслихаттың екінші сессиясының төрағасы сайланды.
Сессия отырысының соңынан аудан әкімі Нарбай Ергебеков жаңадан сайланған депуттарды құттықтады.
-Аудандық мәслихаттағы депутаттардың құрамы 45 процентке жаңарып отыр. Сонымен бірге аудандық мәслихат депутаттарының құрамындағы жастар мен әйелдердің үлесі де сақталды. Жалпы аудандық мәслихат депутаттығына ел сенім артқан азаматтар топтасып отыр. Сондықтан да мен ойлаймын ауданымызды дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған бағдарламаның аясында ауданымызды жан-жақты дамытуға сайланған халық қалаулылары біркісідей атсалысып, зор үлес қосады деген сенімдемін,- дей келіп аудан басшысы ел игілігі жолында атқарар жұмыстарына сәттілік тіледі.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»