Basty bet
«Денсаулық» пойызы
Боранды бекетіне аялдады
«Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында денсаулық сақтау саласында бірқатар жұмыстар атқарылып жатқаны белгілі. Осы ретте ел өңірлеріндегі, оның ішінде шалғайда орын тепкен ауыл халқының денсаулығын тексеріп, жоғары санатты дәрігерлердің қызметін қолжетімді ету мақсатында жолға шыққан «Денсаулық» пойызының Атырау облысынан бастау алған сапары біздің Жуалы ауданында жалғасын тапты.
Өткен аптаның сенбі күні Тұңғыш Президент күні мерекесі қарсаңында таңертең «Денсаулық» пойызы аудандағы «Боранды» бекетіне аялдады. Тұрғындарды қабылдау барысына аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы, аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Нұрбай Ергебеков қатысып, дәрігерлердің жұмысына табыс тіледі. Пойыз басшысы, онколог-маммолог дәрігер Мұрат Айтахунов аталған пойызда УЗИ, невропатолог, хирург, эндоскопия, уролог, лаборант, ЛОР, окулист, кардиолог, гинеколог, терапевт, педиатр дәрігерлері тұрғындарға тегін қызмет көрсететінін айтты. – Біздің №13-інші бригада қызметкерлері Алматы қаласындағы «С.Асфендияров атындағы ұлттық медициналық университеті» АҚ-ның атынан өңірлерге шығып, тұрғындарға медициналық қызметтер мен кеңестер беріп келеді. Бүгін Жамбыл облысының Жуалы ауданына аялдадық. Алда облыс орталығының тұрғындары күтіп тұр. Басты мақсатымыз – тұрғындарға қызмет көрсетіп, денсаулықтарының жақсы болуына септігімізді тигізу,- дейді пойыз басшысы.
Осы орайда біз де «Денсаулық» пойызына барып, білікті дәрігерлерден ем-дом алып жатқан тұрғындармен сөйлесіп, пікірін білген едік. Б.Момышұлы ауылының тұрғыны, зейнеткер Қуантай Исаев біраз жылдан бері жүрек ауруымен ауыратынын айтты. Ол «Денсаулық» пойызының ауданға аялдайтынын естіп, білікті кардиологтарға тексерілуге әрі кеңес алуға келген екен. Кезек күтіп кардиологтың қабылдауына кіріп, денсаулығын тексертіп, дәрігерден кеңестер алып шықты. Қуантай ата тұрғындарға қызмет көрсеткен пойыздағы дәрігерлерге ризашылығын білдірді.
Нұржан МАНАСҰЛЫ.
Суретті түсірген Сәбит Күзембаев,
«Жаңа өмір»