Basty bet

Ұлттың жаңа болмысын қалай қалыптастырамыз?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі” атты Жолдауында халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыруға ерекше тоқталған еді. Яғни, “Қазақ қоғамында жаңа қағидаттар және жаңа бағдарлар салтанат құруға тиіс.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: “Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек” дейді.
Бұл көзқарас бүгінгі күні өте маңызды.
Біріншіден, ХХІ ғасырдың ұрпағы терең білімді болғаны жөн.
Екіншіден, жас буынды ерінбей еңбек етуге бейімдеу қажет.
Үшіншіден, кез келген істі кәсіби дағды арқылы жүзеге асырған дұрыс.
Төртіншіден, темірдей тәртіп және жоғары жауапкершілік баршамыздың бойымызда болуы керек.
Бесіншіден, әділеттен айнымаған жөн. Әділдік – қоғам дамуының маңызды шарты. Әділеттілік – әсіресе ел-жұрттың тағдырын шешу үшін аса қажет қасиет.
Алтыншыдан, бізге керегі – адалдық, ұқыптылық, тиянақтылық. Бәріміз нағыз қазақты дәл осындай кейіпте көргіміз келеді. Біз сонда ғана бәсекеге қабілетті мемлекет, зияткер ұлт қалыптастыра аламыз.
Қазақ зиялыларының жаңа кезеңдегі міндеті – ұлт болмысының жаңа қағидаттарын орнықтыру. Сондай-ақ ұлт сапасын арттыруға атсалысу” деген болатын.
Бүгінгі қоғамда көңілді алаңдататын, жүрегіңді толғандыратын мәселелер өте көп. Түрлі келеңсіздіктер орын алып жатыр. Тіпті ұлтымызға қауіп төндіретін, бүгін қолға алмасақ болмайтын, мәселен, жас ұрпақ тәрбиесінде ұлттық тәрбиеден алыстап кеткеніміз, адамдардың тегін дүниеге құмарлығы, бір-бірінің аяғынан шалу, көреалмаушылық, отбасында ажырасудың көбеюі сынды мәселелер бар.
Осы тұрғыдан кез келген елім, жерім, ұлтым деген жанды “Ұлттың жаңа болмысын қалай қалыптастыруға болады?” деген сұрақ мазалайтыны анық. Сондықтан осы сұрақ төңірегінде бірқатар халқымыздың жанашыр азаматтары мен азаматшалары, ауданымыздың төл перзенттерінің ой-пікірлерімен бөліскен едік.

Ырыс пен бақыттың кілті – еңбекте
Гүлтас Сайынқызы,
Назарбаев университетінің профессоры, “Рухани жаңғыру” орталығының директоры, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны, Жуалының төл перзенті.
-Жаңару деген өте бір позитивті дүние ғой. Табиғат жаңарса жаңа шөп өседі, жаңа жеміс береді, дүние өзгереді. Сол сияқты адам баласы да жаңалыққа құмар, жаңалықты жақсы көретін табиғаты жаңғырып отыратын болмыстың иесі ғой. Сондықтан да баршаңызға жаңаруды тілеймін.
Иә, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында осы жаңғыруға, жаңаруға байланысты ұлттық сананы, ұлттық болмысты қайта жаңғыртуға байланысты келелі ойларын айтты. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында да, былтырғы жылы Абайға арналған мақаласында да осы дүниелерге, яғни ұлттың болмысын өзгертуге, ұлттың санасын өзгертуге ерекше мән берді.
Біздің халқымыз басынан талай қиындықтарды өткізген, “мың өліп, мың тірілген” халық. Яғни, кешегі Желтоқсан оқиғасы болсын, жалпы кеңестік жүйеде болсын, кеңестік жүйенің алдындағы патшалық Ресейдің қазақ халқына жасаған қиянатын айтып жеткізе алмаймыз. Сол кездегі біздің ата-бабаларымыздың жағдайын ойласаңыз, қазір біздің кейде асығыс айтып жататын нәрселерімізге ұялатын кездеріміз болады.
Өткен ғасырдың басындағы 30-жылдардағы ашаршылықты айтсаңызшы, кімнің қарны тойды дейсіз. Ұлы Отан соғысында қай отбасы жыламады дейсіз, қай отбасы қиналмады дейсіз, қаншама азаматтарымыздан айырылдық. Қаншамасы жараланып, аяғынан, қолынан айырылып келген азаматтарымыз сондай қиын күнде жүрсе де отбасын құрып, бала-шағасын асырап, ешкімнен қол жайып ешнәрсе сұрамай-ақ жеткізді ғой. Соны еске алсам қазір кейде ойлаймын, мынау Тәуелсіздік күнінде, осындай бейбіт өмірде өмір сүріп жатқан біздердің жылай бергеніміз, “жоқ, жоқ” дей бергеніміз шынын айтқанда, Аллаға да жақпайтын шығар. Жоқ десең жоқ қылу Аллаға оп-оңай. Сондықтан да барға шүкіршілік етіп, тәубаға келетін тұстамыз.
Бізге ең керегі уақыт, ең керегі бейбіт уақыт. Егер біз бейбіт уақытта бейбітшілікте осылай тағы да бір 30 жыл өмір сүретін болсақ, біз сан жағынан да, сапа жағынан да артатынымыз анық. Сондықтан бәрі бірден бола қалмайды. Ұлы жол ең алғашқы бірінші қадамнан басталады. Үлкен баспалдақ ең бірінші баспалдақтан басталады.
Қазіргі таңда әсіресе, әйел-аналардың түрлі мәселелерге шағымдану жағдайы көп. Әрине, олар бір еріккеннен шағымданып жүр деп ойламаймын. Бірақ соның өзінде де олар осы елді сабырға, ынтымаққа, бірлікке шақырып, бейбіт өмірдің ұзақ болғанын ниетімізбен де, көңілімізбен де, ісімізбен де қалап отырсақ, бұл үлкен бір олжа болар еді. Сондықтан да мен өзімнің жерлестеріме де, өзімнің қандас бауырларыма да айтарым, сабырлы болсақ елімізге береке де, бірлік те, ынтымақ та, молшылық та келетініне сенемін.
Төле би бабамыз айтқан екен: “Бір тал шыбықты сындыру оп-оңай, ал сол шыбықтарды біріктірсе, оны ешкім де сындыра алмайды” деп. Сол сияқты біз бірігіп, ел болуды ойласақ, бірігіп осы елді қалай дамытуды ойласақ, тәрбиелеп отырған ұрпағымызға, жақсы тәрбие берсек, әрбіріміз ұрпағымызға “алған біліміңді, жинаған тәжірибеңді Отанымызды дамытуға жұмса” деп ақыл айтар болсақ, біз мықты ел боламыз.
Мұхтар Әуезов 1957 жылы «Үмітті ұрпаққа игі тілек» деген Қазақстан комсомолының орталық комитетінің 5-ші пленумында керемет айтқан сөзі бар екен. Мен соны ол кісінің кітабынан тауып, шәкірттеріме бердім. Сонда ол кісінің сол замандағы арманы – интеллектуалдық мәдениетті қалыптастыру, жастардың бойында сондай тазалықты, адамгершілікті, білімге құмарлықты дәріптеу. Мысалы үшін айтады «дәрігерсің бе, өзің туған еліңнің, жеріңнің тарихын жақсы біл, инженерсің бе, өнерді жетік білмеске хақың жоқ. Бұлай болу сенің жан байлығыңды молайтады. Белгілі мамандықтың шеңберінен адамдық қасиеттің биік деңгейіне алып шығады» дейді. Міне, қандай керемет! Яғни, біз бір ғана мамандықтың шектеуінде қалмауымыз керек. Ең бастысы, адам болуымыз керек.
Ұлы ақын, кемеңгер атамыз Абай Құнанбайұлы халқымызды көп тілді меңгеруге, өнер үйренуге шақырған. Яғни, қазақ жастары суретші Репиннің, ұлы композитор Чайковскийдың шығармаларын білуге міндетті, Пушкинді, Гоголь мен Достоевскийді, Толстой мен Горькийдың шығармаларын қазақтың бүгінгі жас жігіті мен қызы өз нұсқасында жетік білуі қажет екенін айтады. Өз мамандығыңның қас шебері болсаң міндетті түрде халықтың тарихын, өнерін, мәдениетін, өз халқыңның ғана емес, өзге елдің де мәдениетін, өнерін білу – өте үлкен жетістік. Міне, ұлы даналарымыз осылай десе, бүгінгі Президентіміз де жастарға осыны айтады.
Сондықтан да біз жақсылыққа қарай, жақсы өмірге қарай ұмтылатын болсақ, ұрпағымызға да жақсы тәрбие беруіміз керек.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үстіміздегі жылдың 5-ші қаңтарында жариялаған мақаласында мемлекеттік тіл – қазақ тілі туралы тұшымды ойын айтты. Еліміздің басты нышандарының бірі – мемлекеттік тіл. Қазақстанның мемлекеттік тілі қазақ – тілі екенін Ата Заңымызда 90-жылдардағы күрделі кезеңнің өзінде нақты жазылған болатын. Осы аралықта қазақ тілінде білім беретін мектептер мен оқу орындарының балабақшалардың саны да көбейді. Қазақ тілін шын мәнінде біріктіруші факторға айналдырудың барлық құқықтық тәсілдерімен кепілдіктер қалыптасты. Ендігі мәселе тек ниетте. Ең бастысы, ынта болу керек. Ана тілімізді кеңінен қолдану басқа тілдерге әсіресе, орыс тіліне шектеу қойылады деген сөз емес. Барша этнос өкілдерінің ана тілін, салт-дәстүрін дамытуға мүмкіндік жасала береді. Жастарымыз бірнеше тіл білуі өздерінің көкжиегін кеңейтіп, көкірек көзін оятатынын жете түсінгені абзал деді.
Қараңызшы, өткен ғасырдың 50-жылдарында айтқан М.Әуезов пен бүгінгі еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың арман-ниеті де, мақсат-мұраты да үндесіп тұрғанына көзіміз жетеді. Сондықтан айналайын, ел-жұртым, халқым, жастар біз ежелден текті халықтың ұрпағымыз. Біз бүгін ата-бабамыз арман-мұрат еткен Тәуелсіздікке қол жеткіздік. Ендігі жерде осы ең қымбат байлығымыз Тәуелсіздігімізден айырылып қалмауды басты мұрат етуіміз керек. Тәуелсіздігіміз жасай берсе, бейбітшіл ел болатын болсақ, халқымыздың алға қойған бүкіл арманы орындалады.
Бүгін орын алған кішкентай қиындықты ақыл-парасатпен жеңе білуге тырысайық. Шынын айтқанда, барлық дүниенің кілті, барлық бақыттың, ырыстың көзі – еңбек қой. Еңбек ете білетін болсақ, бәрі де болады. Ұлан-байтақ жеріміз бар. Сол жердің игерілмей жатқаны қаншама. Тіпті ауылда, өзімнің ауылымда да кейбір адамдардың айналдырған 25 соттық жерінің өзі игерілімей жатқанына жүрегім ауырады. Егер сол 25 соттық жер қытайда болсыншы, бір отбасының өзі қаншама дәулетке кенелер еді. Сондықтан барымызды бағалай білейік, сабырлы болайық дегім келеді.

Шындық пен ашықтық керек

Руслан Сайлаубаев,
№22 Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектептің директоры, аудандық мәслихаттың депутаты.
-Ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру үшін ең бірінші, жастардың бойындағы ұлттық тәрбиені қолға алу керек. Себебі, қазір ұлттық тәрбие мәселесі өте кенжелеп қалған. Бұрынғы ақсақалдар мен қарттарды бүгінгі аға буынмен салыстыруға келмейді.
Ұлттық тәрбие ол отбасында дастарқан басынан басталады. Бұрынғы кезде өздеріңіз жақсы білесіздер, дастарқан басында отырғанда үлкен кісілер ұлттық тәрбиені дәріптеп отыратын. Мәселен, үлкенге қарсы сөйлеме, ұят болады деген сияқты. Қазіргі таңда жастардың үлкендерді сыйламау көрінісі көбейіп келе жатыр. Мұндағы басты кемшілік ұрпақтар сабақтастығының төмендеп бара жатқандығында. Сондықтан ұлттық тәрбиені, ұрпақтар сабақтастығын қолға алу керек. Сонда ғана жастардың бойында саналы тәрбие қалыптасады деп ойлаймын.
Екіншіден, бүгінгі таңда ауданда болсын, облыста болсын белсенді жастар өте аз. Яғни көп емес, санаулы-ақ. Жастардың бойында көбінде өзінің қара басын ғана ойлау басым. Ал мемлекеттің болашағына, дамуына алаңдайтын, үлес қосуды ойлайтындар өте аз. Одан кейін оңай жолмен жетістікке жеткісі келетін, яғни тез байығысы келетін, қызметте тез көтерілгісі келетін, биік мансапқа қызығатындар көп. Өкініштісі, сол биік қызметтің қаншалықты жауапкершілігі бар екенін сезінбейді, оған өзінің қабілеті жете ме, жетпей ме оны мүлдем ойламайды. Сондықтан осындай жастардан арылу үшін аға буын ұлттық тәрбиені мықтап қолға алу керек деп есептеймін.
Үшіншіден, ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру үшін шындық, ашықтық керек деп есептеймін. Қазіргі таңда қай салада болсын жалған ақпарат беру қалыптасып кеткен. Жоғарғы жаққа халықтың жағдайы жақсы, барлығы жақсы деген ақпараттар беріледі. Алайда ол ақпараттар атқарылған іспен сәйкес келмейді. Тек цифрларға ғана жұмыс істеп келеміз. Жасыратыны жоқ, сапаға емес, санға ғана жұмыс істейміз.
Жоғарғы жақтан басшылық келсе де, қонақтар келсе де тек жақсы жағымызды ғана көрсетеміз. Шешілмей жатқан күрделі мәселелерді көрсетпейміз. Кемшілігімізді жабуға, жасыруға тырысамыз. Сондықтан да мұндай жұмыс істеу әдісінен түбегейлі арылу керек. Қай жерде жағдай қандай болса да шындықты айту керек.
Қазіргі таңда ХХІ ғасыр цифрлық технология дамыған ғасыр ғой. Сондықтан халықтың наразылығын әлеуметтік желі арқылы барлығымыз көріп отырмыз. Сол үшін ашықтықпен, шындықпен жұмыс жасасақ ұлттың жаңа болмысын дамытуға болады деп ойлаймын.
Төртіншіден, қазіргі таңда жасандылық көп. Мәселен, ең бастысы іс-шараны өткіздік, суретке түсірдік, әлеуметтік желіге салдық, болды өткіздік деп ойлайды. Адамдардың ойын білсек, барлығы осындай пікірде. Яғни, шараның тәрбиелік мәніне тоқталмаймыз. Мұндай іс-әрекетімізбен бүгінгі ұрпақтың санасын улап жатқан сияқтымыз. Қазір мән бермейміз, алайда дәл осылай жалғаса берсе, алдағы уақытта мемлекеттің болашағы бұлыңғыр болады деп ойлаймын. Сондықтан жасандылықтан арылып, нақты өткен әрбір шараның тәрбиелік мәнін, берер пайдасын ойлауымыз керек.
Кісілік ұлттық тәрбиеден бастау алады
Төлебала Күзембекқызы, көпбалалы ана, ардагер ұстаз.
-Түркі дүниесі қара шаңырақ деп таныған бүгінгі қазақ елін Аллаға шүкір әлем таниды. Жалпы қазақ деген халықтың қандай кезеңде де жасампаз болуы, қанымызда бар отаншылдық, намысшылдық, бауырмашылдық және дәстүр-салтымыздың, рухани құндылығымызды құрметтеп, қадір тұтуымыз сонау бағзы заманнан келе жатқан ұлттық болмысымыздың жоғарғы дәрежеде сақталуынан болса керек. Демек, бабалар мұрасы қай жағынан болса да теңдессіз сыйлық.
Әрбір адам өз жүрегінің, өз жанының иесі болғандықтан әрбір қадамыңа, тіршілік әрекеттеріне мән беруі керек. Ұлы ақылдың иесі Абайдың «Ақырын жүріп, анық бас» деп ескерткені де бекер емес.
Шүкіршілік, өз Отанымызда, өз шаңырағымызда арманымыз асқақ, көңіліміз тыныш, ешқандай елден қалмай, ынтымағы жарасқан іргелі өркениетті елдің қатарындамыз.
Дегенмен, бүгінгі қарттар ағайынның ынтымағы, бабалар салтының сақталуы, дәстүрді толқын-толқын ұрпақ көкейіне берік сіңіру, ата-ана үлгісін үкілеу, әрбір шаңырақтың отын сөндірмей, құрдымға жібермей, әрбір өнегелі отбасының халқымыз үшін, мемлекетіміз үшін маңыздылығын жете түсіну қазақ үшін алтын діңгек екенін түсіндіріп, айтып, айтып қана емес, үлгі бола білуді мақсат етуі керек. Бұл – біздің қариялық міндетіміз. Уақытты, дәуірді, күн көрісті көлденең тартып, көлгірситіндер де бар ғой. Оны да түсінуге болады. Бірақ, бірнші кезекте жастардың болашағы, ұлттың болашағын ойлауымыз қажет.
Біздер, яғни қазіргі қариялар сонау репрессия жылдарының, қазақтың ұлан-ғайыр жерінде өркен жайған саясаттың қаншама зардап шектіргенін, өз ауыздарымен айтқан кісілерді көзімізбен көрдік, олардың бабаларының, әкелерінің жанкешті оқиғаларын айтқанда жаның шошиды, тебіренесің. Одан кейін әрине Ұлы Отан соғысының куәгерлері, біздер де сол бір ауыр шақтардың шетін көрген жандармыз. Сондықтан алаңсыз, тоқшылықпен, баршылықпен өсіп келе жатқан ұрпаққа әрқашан өткен күндерді еске түсіріп, айтып кетпесек болмайды.
Бүгінде еліміз етек-жеңін жинап, дамып, көркейіп келе жатқаны қуанарлық, мақтанарлық жағдай. Бірақ ата салтымызды, дәстүрімізді, құндылықтарымызды ұмыта бастағанымыз жақсылық емес. Халқымыздың: «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» деген даналық сөзін есімізден шығармайық. Әрине заман талабына ілесу керек, қалмау керек-ақ, бірақ өз менталитетімізді жоғалтуымызға болмайды. Тілді, дінді, ділді ұмыту деген өзімізді ұмыту деген үрейлі ұғымға жетелейді.
Ұлтымыздың бойынан табылатын кісілік, адалдық, имандылық, сыйластық, бәрі-бәрі ұлттық тәрбиеден бастау алады.
Алдыңғы қатарлы озық елдерден үйренеріміз көп, бірақ шектен шықпай қазақ екенімізді ұмытпау керек қой.
Ер мен әйел өз орнын, қазақы қалпын сақтау керек. Алла қосқан қосағын үлкен жауапкершілікпен таңдап қосылған жөн. Өйткені әрбір жанұя – бір мемлекет.
Өмір болған соң әртүрлі жағдайлар кездеседі, сыйластығы мол, ынтымақты жанұя барлығын да жеңеді. Олардың ұрпағы да салиқалы, түсінік-танымы мол жандар болып есеймек. Оның өзіне де, қоғамға да тигізер пайдасы көп.
Жар таңдаудағы қателіктер, осы ата-аналар жіберген қателіктердің жемісі. Шамам келгенше өмірден түйген ойымды айтуды жөн көрдім.
Мысалы: қыздың нағыз әйел болып қалыптасуына көмектесетін тұлға ол анасы. Ал анасы дұрыс жанұядан шықпаған болса, өз қызына дұрыс үлгі-өнеге көрсете алмасы анық. Жаман мінез-құлық, көреалмаушылық, келте ойлау, жөнсіз мазасыздық т.б. анасынан қызына беріліп, қыз бала өз өмір жолында көп қателіктерге ұрынады. Қазіргі кезде ажырасқан отбасы, баланы жалғыз өзі өсіретін әйелдер саны артуда. Бұл әрине кеудемсоқтықтың, сабырсыздықтың салдары. Баласының алдағы өмірде орнын таба алмай қателікке ұрынуының себебі өзінің осы әрекеттерінен бастау алатынын түсінбейді.
Әкесіз өскен қыз бала анасының өмірін қайталауы мүмкін. Олар толыққанды отбасында тәрбиеленбегендіктен ер адамдармен бірге мәңгі өмір сүруді қажеттілік деп санамайды. «Анам мені жалғыз өзі-ақ асырап-бақты және барлық проблеманы өзі шешетін. Бұл менің де қолымнан келеді» деп өзіне сенеді. Осындай оймен бойжеткен қыз отбасын құрып жатса, болмашыға шыдамсыздық танатып, ақыры ажырасады. Бұдан өзін жеңілдегендей күй сезінеді.
Негізінде әке ғана қыз баланың жақсы әйел-ана болып қалыптасуына әсер етеді. Ер азаматқа тән қадір-қасиеті, ерекше қамқорлығымен, отбасы алдындағы жауапкершілік қасиеттерімен әке қыздарына ер кісінің қандай болатындығын көрсетеді, үлгі болады.
Сондықтан қандай жағдай болса да әкенің абыройын түсіру бала санасына жағымсыз әсер қалдырады. Әке махаббатын сезініп өсуі тиіс қызының тағдырына анасы балта шаппағаны жөн. Ал, ер балаға келсек, ер баланың тәрбиесіне келсек, ер кісінің, әкенің рөлі өте үлкен.
Ажырасудың сан түрлі себеп-салдары бар болса де, осы жағдайды да қаперден шығармау қажет.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Ұлтымыз жаңа санаға көшу үшін біздің күнделікті өмірлік ұстанымымыз да өзгеруі керек», – деген. Демек, жас ұрпақты лайықты тәрбиелеу, оларды түрлі бағыттағы зиянды дүниелерден қорғау ісі өте өзекті мәселенің бірі екені даусыз. Жастарымызға отбасын құру, шаңырақтағы жағымсыз түйткілді істер, әке, ана, келін болу әдебін, қоғамдық қарым-қатынасқа бейімдеуіміз керек. Сондықтан әрбір шаңырақ шаттыққа толып, мынау тоқшылықта өткен күндерімізді жақсы қасиеттерімізбен, еліміздің бейбіт, берекелі өмір сүруімізге біздер қарттар да ақыл-кеңестерімізді аянбай ортаға салғанымыз дұрыс.

Шындық пен пәлеқорлықты шатастырмайық

Иә, жоғарыда біраз пікірлер айтылды. Барлығы да орынды деп есептейміз. Әрине, бүгінгі таңда елдің ертеңі үшін толғанар мәселелер көп. Мұның барлығы ұрпақ тәрбиесін, идеологияны мықтап қолға алуды қажет етеді.
Мені әсіресе, кейбір әйел-аналардың бүгінгі түсінік-пайымы, іс-әрекеттері толғандырады.
Әйел-ана бір отбасының ғана емес, ұлттың ұйытқысы, тәрбиешісі. Егер әйел көркіне ақылы сай, мінезді, білімді, иманды болса, менталитетімізге тән қасиеттерге бай болса, оның ұл-қыздары да сол деңгейде болады. Демек, ұлтымыз да сол деңгейде болады. Арлы ана арлы ұрпақ тәрбиелейді.
Жалпы, қай қоғамда болсын шындықты айту – бұл дұрыс түсінік. “Бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде” деген көзқарастан арылуымыз керек. Нәтижеге жұмыс істеу – бүгінгі күннің басты талабы. Алайда қазіргі таңда шындық пен пәлеқорлықты шатастырып алғандар көп. Тегін дүниеге құмар, ұрпағын қайыршылыққа, жасандылыққа тәрбиелеп отырған аналардың қатары көбейіп келе жатқаны жақсылық емес.
Ауданда пәлеқор аналардың бір тобы пайда болған. Әкімшілікке көмек сұрай келген аналардың ішінде көбінің жағдайы жақсы. Сорақысы, олардың кейбірінің “Мен бүгін әкімді орнынан түсіріп келдім. Енді баламның сынып жетекшісі ұнамай жүр, соны ауыстырыуым керек” дегендей әңгімелерді мақтанышпен айтып жүргендері жағамызды ұстатты. Бұл нағыз пәлеқорлардың іс-әрекетін әшкерелеп, жөнге салмасақ, соңы жақсылыққа апармасы анық. Әлгі дәл осы әңгімелерді айтып жүрген әйелдердің жағдайы кейбір қаншама жыл тынымсыз еңбек етіп жүрген жандардың жағдайынан жақсы. Бірақ, оның елдің алдына шығып етегін жасқа толтырып жылағанда, оның намыссыздығына қарап таң қаласыз. Бұл әйелдердің ерлері қайда қарап жүр?! Бұл ана баласын таза қайыршылыққа, тегін дүниеқұмарлыққа тәрбиелеп отыр. Қазақта “Тегінге көзіңді сүзбе, бақытыңды еңбектен ізде” деген сөз бар.
Әйелдер дейміз-ау, бізде ауданда осындай ерлер де бар. Сондықтан “Бетпақ жеңеді, бейбақ көнеді” деген ұстанымды ұстанған әйелдерді және ер азаматтарды тезге салуды аудандағы, ауыл-ауылдағы Ардагерлер кеңесі, Аналар алқасы, жалпы қоғам болып тезге салу керек.
Әрине, қоғам болған соң әртүрлі адам, түрлі тағдырлар бар. Шын мұқтаж жандарға, мұқтаж отбасына көмек көрсету керек. Әр салада ақсап жатқан жұмыс жолға қойылуы тиіс. Қоғамдағы жауапсыздық, өз пайдасын бірінші кезекке қойып, қызметін пайдаланып жүрген адамдардан, сыбайлас жемқорлықтан арылуымыз керек. Онсыз көсегеміз көгермейді. Ол туралы турасын айтып жақтан жандарды қолдаймыз. Алайда пәлеқорлыққа жол жоқ. Мұны тез қолға алмасақ, қоғам бүлінген үстіне бүліне береді.
Құрметті қоғам мүшелері, жаңаруды бірінші өзімізден бастайық, бәсекеге қабілетті, зияткер ұлт болу жолында бірігейік!

Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close