Basty bet

Ота жасайтын мал дәрігері

Әлемде неше түрлі мамандық бар. Әр мамандықтың өзіне тән қызығы мен шыжығы да кездеседі. Әр адам өз қабілетін, икемділігіне қарай қарай мамандық таңдай білуі тиіс. Қазіргі техника мен технологияның қарыштап дамыған кезінде білікті, білімді, жан-жақты мамандар да керек екені даусыз. Соның ішінде бүгінгі таңда алдыңғы қатарда ауыл шаруашылығы саласындағы мамандықтар сұранысқа ие болып отырғаны белгілі.

Ауыл шаруашылығы саласының мамандықтары кеңестік заманда қадірлі мамандықтардың бірі болған. Жұртшылық балаларын денсаулық, білім және осы ауыл шаруашылығының зоотехник, механик, тракторшы тағы басқа мамандықтарға оқуға жіберген. Ал, қазіргі таңда бұл қадірлі мамандықтың тапшы болып отырғанын жасыра алмаймыз.
Бұл күндері ауданымызда мал шаруашылығы жақсы қарқынмен дамып келеді. Жылдан-жылға ата кәсіпке мойын бұрушы жандардың қатары көбейіп, төрт түліктің басы да өсу үстінде. Мал басының аман сақталуы мен уақтылы егу жұмыстарының жүргізілуінде әрине, мал дәрігерінің өлшеусіз еңбегі бар.
Күнделікті қарбалас тіршілікпен қоса, ауыл тұрғындарының малдарын емдеумен шұғылданатын зоотехник Талғат Нұртайұлы Қаратас ауылында 1968 жылы дүниеге келген.
Әкесі Нұртай Өтегенұлы бүкіл ғұмырын «Чапаев» колхозының дамуына арнаған. Колхозда меңгеруші болып, еңбегімен құрметке бөленген жан екен. Ал, сегіз перзентті дүниеге әкелген ардақты анасы Қалиаш Өтегенова отбасының ұйытқысы болған.
Ол осы ауылда бала кезден қатарластарымен тай-құлындай тебісіп, ержетіп, үлкен өмірге қадам басқан. Ауылдағы Қаратас сегізжылдық мектебін бітіргеннен кейін бұрынғы Луговой ветеринариялық техникумының зоотехник мамандығына оқуға түседі. Мұнда төрт жыл білім алып, 1987 жылы Украина жеріне Отан алдындағы әскери борышын өтеуге кетеді. Жастайынан еңбекке араласып, 18 жасынан бастап «Чапаев» колхозында әртүрлі жұмыс істейді. Одан кейін он жылдай «Күреңбел» өндірістік кооперативінде ферма меңгерушісі болады. Ал, қазіргі таңда «Нұртай» шаруа қожалығын құрып, шаруашылықпен айналысуда. Қожалық иелігінде 42 гектардай жер, азын-аулақ малдары бар.
– Зоотехник мамандығын таңдауыма әкем түрткі болды. Малға ота жасауды фермада жүргенде үйрендім. Ол кезде малдар жатып қалып, өліп қала беретін. Неге олай болып жатқанын түсінбей, ең алғаш бұзауға байқап көрейін деп, ота жасадым. Алғашқы тәжірибем оң нәтиже беріп, бұзау келесі күні-ақ шауып кетті. Содан Алланың берген дарыны ма, төрт түлікті емдеуге кірістім.
Малдың да жаны ауырады, ауырған жерін білдіреді. Оны көріп, сезінемін. Әр аурудың өз белгісі бар. Соны дұрыс біліп, диагнозын дұрыс қоя білген жөн. Мәселен, сиырдың асқазаны жұмыс істемей қалса іші кебе береді. Мұндай кезде дер кезінде дәрігерлік көмек көрсетіліп, сиырға ота жасалса, аман қалады. Ота жасау үшін малға уколын салып, ішін жарып, асқазанындағы жұтқан бунап тұрып қалған полиэтилен қалта немесе шөп тайлаған синтетикалық жіптерді алып тастаймын. Қабырғасын тіліп, әлгі керексіз затты алып тастаймын да, малдың етін бір бөлек сонан соң терісін өзінше тігемін. Осыдан кейін сыртын бастыра байлап тастаймын. Апта бойына дұрыс күтім жасаса, күйі бар мал қайтадан өріске шығады. Уақтылы дезинфекциялап, уколын салып тұрса, мал аяғынан тұрып кетеді.
Ірі қара малдағы 1 жастан бастап 3 жасқа дейін жүретін қарасан деген ауру болады. Осы аурудың емі жоқ дейді. Бірақ қарасанмен ауырған малды төрт күнде жазып шығып, тәжірибеме енгіздім.
Қазақ малға жақын болғаннан кейін малға қатысты түрлі тыйымдар бар. Әкем «малдың басынан ұрма, теппе, киесі ұрады» деп айтып отыратын. Балаларыма да үнемі осыны айтып отырамын. Көбінесе, Нұрзат қасымда жүреді, соған білгенімді үйретемін, – дейді ол.
Талғат Нұртайұлының сөзіне қарағанда, ол сынған сүйекті де орнына салады екен. Мал дәрігері болуы үшін де адамда қызығушылық қасиеті жоғары болуы керек дейді. Яғни, өз ісінің маманы, жан-жақты, уақтылы қызмет көрсете алуы қажет екен. Ол малдың жанын өлімнен арашалаумен қатар, үйде бүркіт ұстап, аңшылыққа да шығады. Есік алдында иттің жеті-сегіз түрі жүр. Сонымен қатар, үйде екі тотықұс ұстайды екен. Қазақ халқының ырымдарын мал ауырғанда қолданатынға ұқсайды. Мәселен, сиырдың іші кепсе, «өлігіңді тарт» деп сағат тілімен әбден жүгіртеді, сонымен қатар малдың сырқатына қарай қазақшылықпен құрбақа да салады.
– Қазіргі таңда жылқы малының ауруы көбейіп кетті. Жан-жақтан хабарласып, кеңес сұрайтындар көп. Болмаса шыдай алмай өзім барып, көріп қайтамын. Ауылдарға жиі барамын. Мал – елдің күнкөрісі. Тұрғындар қорадағы малымен баласын оқытып, істерін жүргізуде. Сол үшін де малдың амандығын тілейді. Дер кезінде дәрігерлік көмек көрсетіп, жанын қинамай ем-домын жасау керек. Алдағы арманымның бірі, ауылдан мал дәрігерлік пункт салынса деймін. Сол жерге тұрғындар ауырған малдарын әкеліп емдетсе, яғни, мал басының өсуіне септігімді тигізер едім, – дейді ол.
Көпбалалы отбасында дүниеге келген Нұртай Өтегенұлының өзі де көпбалалы әке. Отбасында жеті перзент, яғни төрт ұл, үш қыз тәрбиелеп, өсіріп отыр. Өмірлік жары Гүлнар Сейітжанова Байзақ ауданының тумасы. Тұңғыштары Асхат отбасылы, жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Бекзат ІТ маманы. Нұрзат мал шаруашылығымен айналысса, Ақерке мұғалім. Назира аспаз мамандығын таңдаған. Нұрхат пен Нұрмат мектеп оқушылары. Ұл-қыздарынан бес немере сүйіп отыр.
Жары Гүлнар Сейітжанова жолдасы туралы: «Отағасының мінезі ақ көңіл, қарапайым әрі елге көмек қолын созудан танбайды. Өз шаруасын тастап, өзгеге көмек көрсетеді. Иттің түр-түрін асырап, аңшылыққа барады. Жылқысын баптап, күтім жасайды. Шақырулар жан-жақтан келеді. Тіпті кейде үйден келіп алып кетеді. Біреудің малы ауырып жатса, хабарласып жағдайын сұрастырып отырады. Кейде малдың сауыққанына көзін жеткізу үшін өзі барып қайтады. Онысына ешқандай ақы да сұрамайды. Барлығын шын көңілмен жасайды»,-дейді.
Міне, өз мамандығын мақтаныш ететін Талғат Нұртайұлы өмірден жинаған тәжірибесін күнделікті қолданып, тынымсыз тіршілікпен айналысуда. Қасиетті қара шаңырақтың түтінін түзу ұшырып, мал ауруын емдеуге үлесін қосуда. Қайнаған ауыл өмірінде мұндай өз ісіне деген адалдығы, бойында қарапайымдылығы бар азаматты тұрғындар да жақсы көреді.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close