Basty bet
Қалайша қиямыз, Ұшырса ұямыз…
Биылғы оқу жылында ауданда 790 оқушы 11 сыныпты аяқтады. Алтын белгіге үміткер 38 оқушы мен үздік аттестатқа үміткер 36 оқушы барлығы мектеп бітіру мемлекеттік емтихандарынан сүрінбей өтіп, үмітті ақтап шықты.
12 маусым күні аудандағы барлық мектептерде мектеп бітіру кештері өтті. Әрбір жас түлектің есінде мәңгі сақталатын шаттық пен қуанышқа, қимастық сезімге толы кеш аудан орталығындағы №19 Дінмұхамед Қонаев атындағы мектеп-гимназияда да ерекше сән-салтанатымен өтті.
Ортаға қошеметпен жас түлектерді сынып жетекшілерімен бірге шақырды. Шәкірттерінің екінші анасындай болған ардақты ұстаздары мен әр сыныптағы әр түлектің мектеп табалдырығындағы жетістіктері таныстырылды.
Білім шаңырағының 1 сынып оқушысы Кәусар Мұстафа «Нұр Астана» әнін орындады. Алғашқы құттықтау сөз мектеп-гимназия директорының міндетін атқарушы Райса Қасымбековаға берілді. Алтын ұя мектебімен қоштасып, үлкен өмірге қадам басқалы отырған түлектерге игі тілегін білдіріп, 11 жыл бойы үздік оқыған мектеп мақтаныштары «Алтын белгі» төсбелгісінің иегерлерін ортаға шақырып, төсбелгілерін кеуделеріне тақты.
Мектеп-гимназияны 118 оқушы бітіріп отырған болса, оның 11-і «Алтын белгі» төсбелгісінің иегері, ал сегізі үздік аттестат алды. Түлектерді ұстаздары мен ата-аналары құттықтап, естелік суретке түсті.
Әрі қарай барлық түлектерге орта білім туралы аттестаттары тапсырылды.
Құттықтау сөз кезегі кештің қонағы, Б.Момышұлы ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы Кемел Дәуреновке берілді.
Білім шаңырағының биші қыздары сыған, испан, өзбек биін билеп, кештің ажарын аша түсті.
Жас түлектердің сынып жетекшілерінің атынан Айша Әзтаева мен ата-аналар атынан Нұрбай Ергебеков жас түлектерге алдағы үлкен сынақ – Ұлттық бірыңғай тестілеуден сүрінбей сәтті өтіп, аңсаған армандарына қол жеткізулеріне тілектестігін білдірді.
«Түлектер» әні шырқалып, жас түлектер мектеп вальсін биледі.
Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»