Basty bet
Екі елдің жүрегі мен тілегі бір
Қасым-Жомарт Тоқаев Бішкекке ресми сапары барысында Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров пен келіссөз жүргізді. Кейіннен екі мемлекеттің ресми делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізілді.
Бұл жөнінде Президенттің баспасөз қызметі хабарлады.
Ынтымақтастыққа серпін беретін сапар
Келіссөздерге дейін Қырғызстан Президентінің «Ала-арча» резиденциясы аумағындағы «Ақ кеме» мəрмəр шатырында салтанатты түрде ресми қарсы алу шарасы өтті. Құрмет Қарауылының бастығы екі ел басшыларына рапорт беріп, Қазақстан мен Қырғызстанның əнұрандары шырқалғаннан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров бір-біріне ресми делегациялардың құрамын таныстырды.
Салтанатты рəсімнен кейін шағын құрамда кездесу болды.
Қазақстан Президенті бауырлас Қырғыз Республикасына ресми сапармен келуге шақырғаны үшін Садыр Жапаровқа ризашылығын білдірді. – Мен сіздің шақыруыңызды зор ризашылықпен қабыл алдым. Бұл сапардың мəні ерекше.
Осы маңызды сапар елдеріміздің арасындағы ынтымақтастықтың одан əрі дамуына зор серпін беретіні сөзсіз. Соның арқасында стратегиялық серіктестігіміз де нығая түспек. Қырғызстан – Қазақстанға барлық жағынан ең жақын ел. Оны күмəнсіз айтуға болады. Биыл екі елдің дипломатиялық қатынас орнатқанына 30 жыл толып отыр.
Осы кезеңде ынтымақтастық аясы барынша кеңейіп, достығымыз нығая түсті. Біз барлық деңгейде өзара сенімге негізделген саяси диалог орнаттық. Мемлекетаралық, парламентаралық жəне үкіметаралық кеңестеріміз бар. Сондай-ақ Сыртқы істер министрліктері ықпалдаса жұмыс атқаруда. Қазақстан тек Қырғыз елімен осындай тығыз байланыс орнатқанын ерекше атап өткім келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Садыр Жапаров өзінің шақыруын қабыл алып, Қырғызстанға ресми сапармен келгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, Қазақстан Президентінің бұл сапары екі ел арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін беретінін атап өтті. – Біз – ынтымақтастығы жарасқан бауырлас елдерміз. Екі ел арасында, тіпті өңірлеріміздің деңгейінде де ешқандай түсінбестік болған емес. Толықтай достық рухта бірге дамып келеміз, – деді Қырғызстан Президенті.
Мемлекеттер басшылары бұдан кейін саяси, сауда-экономикалық жəне мəдени-гуманитарлық салаларды кеңейтуге ерекше көңіл бөле отырып, қазақ-қырғыз стратегиялық серіктестігінің ауқымды мəселелерін талқылады.
Сонымен қатар аймақтық күн тəртібіндегі проблемалар қарастырылды. Сондай-ақ президенттер мəдени-гуманитарлық байланыстарды одан əрі нығайтуға өзара мүдделі екенін айтты.
Қатынастар жаңа деңгейге көтеріледі
Шағын форматта өткен кездесуден кейін екі мемлекеттің ресми делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Онда Қасым-Жомарт Тоқаев қырғыз делегациясына ілтипат білдіріп, Садыр Жапаровтың екіжақты қатынастарды жаңа деңгейге көтеру жөніндегі бастамасын қолдайтынын айтты. – Тəуелсіздік кезеңінен бері қазақ-қырғыз ынтымақтастығы барлық салада қарқынды дамып келеді. Осы байланысымыз стратегиялық серіктестік жəне одақтастық рухында нығая түсуде. Бұған қос халыққа ортақ құндылықтардың арқасында қол жеткіздік, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті шағын форматта өткен келіссөздердің нəтижесіне көңілі толатынын атап өтіп, Қырғызстан Президентінің елімізбен арадағы көпжақты серіктестікті тереңдетуге деген ниетін жоғары бағалады. – Мен өз тарапымнан Қазақстанның қазақ-қырғыз қатынастарын достық, тату көршілік жəне шынайы одақтастық рухында жан-жақты нығайтудың стратегиялық бағытына берік екенін атап өткім келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекетаралық қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын айта келе, жоғары деңгейдегі өзара сенімді жəне белсенді саяси диалогқа, екі ел үкіметтерінің үйлесімді жұмысына тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев қырғыз көшбасшысының Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтардың табысты жүзеге асырылып жатқанын айтты. Атап айтқанда, екі ел үкіметтері арасындағы байланыстардың жандануы, жаңғырған «Қордай – Ақ жол» өткізу бекетінің ашылуы, тұрақты гуманитарлық көмек көрсету жəне электр энергиясымен алмасу жөнінде сөз болды.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы əлемдік экономиканың құбылмалы жағдайындағы ықпалдастықтың жаңа формаларына назар аударды.
Қазақстан Президенті өзара экспорттық номенклатураны кеңейту, қазақ-қырғыз шекарасындағы өткізу мүмкіндігін, соның ішінде кедендік рəсімдерге цифрлық шешімдерді енгізе отырып жақсарту арқылы тауар айналымын ұлғайту мəселелеріне тоқталды.
Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев облыстар мен өңірлер арасындағы кең ауқымды ықпалдастықты жолға қоюдың маңызды екенін атап өтті. Осы ретте, Президент Қазақстан мен Қырғызстан арасында бірінші Өңіраралық ынтымақтастық форумын тез арада ұйымдастырудың маңызды екенін айтты.
Мемлекет басшысы өзара тиімді ұсыныстарды зерделеп жəне перспективті жобалардың тізімін жасай отырып, инвестициялық ынтымақтастықты жандандыруға шақырды. Қырғызстанда гидроэнергетикалық нысанды, атап айтқанда Қамбар ата ГЭС-ін бірлесіп салу соның бірі болуы мүмкін.
Келіссөздер барысында су дипломатиясы, ақпараттық технология саласындағы кооперацияны нығайту мəселелері қарастырылды.
Мəдени-гуманитарлық байланыстар бауырлас екі халықтың жақындай түсуіне маңызды үлес қосады. Мемлекет басшысы Бішкек қаласының орталығында қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының ескерткішін ашу жөніндегі шешімі үшін Садыр Жапаровқа алғыс білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев өз кезегінде Нұр-Сұлтан қаласында Манасқа ескерткіш қойылатынын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның сегіз жоғары оқу орны Қырғызстанда өкілдіктерін ашуға ниет білдіріп отырғанын атап өтіп, қырғыз студенттері үшін бөлінетін квоталардың саны 50-ге дейін көбейгенін жеткізді.
Қырғызстан Президенті өз кезегінде екіжақты қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын айтты. – Мемлекеттеріміз арасында ешқандай саяси қайшылық жоқ.
Ең бастысы осы. Қырғызстан мен Қазақстан күш біріктіре отырып, екіжақты байланыстарды одан əрі нығайтуды, сондай-ақ аймақтық тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту үшін өңіраралық жəне халықаралық құрылымдар аясындағы конструктивті ықпалдастықты қамтамасыз ететіні жөнінде айқын түсінік бар, – деді Қырғызстан Президенті.
Кездесу аясында Қазақстан мен Қырғызстан көшбасшыларына «Қарасу» жəне «Ақ тілек» өткізу бекеттерінің аумағында «Алатау» индустриялық сауда-логистикалық кешені құрылысының басталғаны туралы бейнесюжет көрсетілді. Бұл нысанның салынуы арадағы делдалдардың санын азайтуға, тұтынушылар үшін өнімнің өзіндік құнын төмендетуге жəне жеткізу жылдамдығын арттыруға мүмкіндік береді.
Келіссөздер қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров екіжақты ынтымақтастықты мейлінше жаңа деңгейге көтеруге, серіктестікті одан əрі жандандыруға жəне халықаралық аренадағы іс-қимылдарды үйлестіруге бағытталған бірлескен мəлімдемеге қол қойды.
Содан кейін мемлекет басшыларының қатысуымен ресми делегациялардың мүшелері төмендегі құжаттарға қол қойды: Қазақстан Республикасының Алматы облысының əкімдігі мен Қырғыз Республикасы Президентінің Ыстықкөл облысындағы өкілетті өкілінің аппараты арасындағы Ынтымақтастықты нығайтуға байланысты келісімді жасасу ниеті туралы хаттама; – Қазақстан Республикасы Түркістан облысының əкімдігі мен Қырғыз Республикасы Президентінің Ош облысындағы өкілетті өкілінің аппараты арасындағы Ынтымақтастық туралы меморандум; – Қазақстан Республикасы Жамбыл облысының əкімдігі мен Қырғыз Республикасы Президентінің Талас облысындағы өкілетті өкілінің аппараты арасындағы Ынтымақтастық туралы меморандум; – Қазақстан Республикасы Сауда жəне интеграция министрлігі мен Қырғыз Республикасының Экономика жəне коммерция министрлігі жəне Joint Technologies жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасындағы «Ақ тілек» жəне «Қарасу» автожол өткізу пункттері ауданындағы индустриялық сауда-логистикалық кешен инфрақұрылымына инвестиция тарту туралы меморандум; – Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Қырғыз Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі арасындағы Өзара түсіністік туралы меморандум; – Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер кабинеті арасындағы Шекара маңы аумақтарында табиғи өрттердің профилактикасы жəне оларды сөндіру жөніндегі үкіметаралық келісім; – Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер кабинеті арасындағы Авиациялық іздестіру жəне құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісім; – Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер кабинеті арасындағы 2006 жылғы 4 шілдедегі Білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы Хаттама; – Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы 1996 жылғы 26 тамыздағы Азаматтық жəне қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсету туралы шартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Хаттама;
– Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Қырғыз Республикасының Сыртқы істер министрлігі арасында Дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай 2022 жылға арналған Сыртқы істер министрліктері арасындағы Бірлескен іс-шаралар жоспары.
Мақсат – сауда көлемін 2 млрд долларға жеткізу
Қазақстан мен Қырғызстанның Президенттері шағын жəне кеңейтілген құрамдағы келіссөздерден кейін бұқаралық ақпарат құралдары ның өкілдері үшін брифинг өткізді. Брифинг барысында Мемлекет басшысы екі елде көпжақты ықпалдастықты жаңа деңгейге көтеруге мүдделі екенін айтып, бүгінгі сапардың қарым-қатынасымызды нығайта түсуге тың серпін беретіні сөзсіз екеніне тоқталды. – Бірқатар уағдаластыққа қол жеткіздік. Біз сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға баса мəн бердік. Қазір əлемдегі ахуал күрделі екенін білесіздер.
Осындай қиын кезеңде күш жұмылдыру өте маңызды. Қазақстан – Қырғыз елінің негізгі сауда жəне инвестиция саласындағы серіктесінің бірі. Былтыр өзара тауар айналымы 1 миллиард долларға жетті. Қазақстан соңғы 15 жылда қырғыз еліне 1 миллиард доллардан астам тікелей инвестиция құйды. Оның ішінде əлеуметтік маңызы зор жобалар да бар. Жалпы, экономикалық ықпалдастықты одан əрі өркендетуге əлеуетіміз жетеді. Біз сауда көлемін жақын арада 2 миллиард долларға жеткізуге келістік, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент сауда-логистикалық индустриялық кешеннің негізі қаланғанына тоқталып, бұл қадам өндірістік байланыстар мен сауда-саттықты жандандыруға жол ашатынын айтты. Мемлекет басшысының айтуынша, өзара сауда айналымын қысқа мерзімде едəуір ұлғайтуға мол мүмкіндік бар. Қазақстан Қырғызстанға импортталатын жүздеген тауар түрін қазірдің өзінде ұсына алады. – Біз өнеркəсіп өнімдерін жəне басқа да тауарларды экспорттауға дайынбыз. Бұған Kazexport компаниясы қолдау көрсетеді. Қырғыз елінің де Қазақстанға шығаратын өнімдері аз емес. Осы орайда, қолда бар мүмкіндіктерді барынша пайдаланамыз деп уағдаластық.
Сондай-ақ, азаматтардың шекарадан өтуін жеңілдетуге баса назар аудардық. Жүк тасымалы рəсімдерін жетілдіру жайын пысық тадық. Соңғы жылдары бұл бағытта бірқатар ауқымды іс-шара атқарылды. Былтыр «Қордай» бекеті жаңартылып, жолаушыларға сапалы қызмет көрсетіле бастады.
Басқа да бекеттерді жаңғырту туралы келісімдер бар. Басты мақсат – шекарадағы тексерістерді азайтып, көлік кептелісін жою, – деді Қазақстан Президенті.
Аталған мəселелерді реттеу үшін Мемлекет басшысы екі цифрлық технологияны енгізудің маңызды екенін атап өтті.
Президент шетел инвесторларының мүддесін қорғау ісі жалғасатынын, бұл жұмыс қазақ компанияларының Қырғызстанға инвестиция салуына оң ықпал ететінін жеткізді. Сонымен қатар Қазақстан капиталының қатысуымен Ыстықкөл облысында күн энергиясы станциясын салу жоспарланып отыр. Жобаның құны – 300 миллион доллар. Қасым-Жомарт Тоқаев су-энергетика саласындағы қарым-қатынасты үйлестіруді келесі маңызды бағыт ретінде атады. – Біз трансшекаралық су ресурстары ортақ байлық екенін тағы бір мəрте атап көрсеттік. Су тапшылығы мəселесі жылдан жылға күрделеніп келеді. Беделді халықаралық экологиялық ұйымдар осындай болжам жасап отыр. Су келешекте көп бол майды, тапшы болады. Бұл – анық нəрсе. Сондықтан Орталық Азия мемлекеттері бір лес кен жұмыстарды қолға алуы қажет. Екі елге ортақ өзендер əрдайым жұртты жақындастыра түсуге дəнекер болуы керек. Қазақстан барлық міндеттемелерін толық орын дауға жəне маңызды жобаларды бірлесе іске асыруға дайын, – деді Мемлекет басшысы.
Екі ел президенттерінің кездесулерінде мəдени-гуманитарлық байланысты нығайтуға да ерекше мəн берілді. Соңғы жылдары рухани байланысты жандандыру бағытында атқарылған көптеген ісшараның қуанарлық жағдай екені атап өтілді. – Былтыр Садыр Нургожоұлының Қазақстанға сапары кезін де екі елдің жастарын жақындастыра түсетін бірқатар уағдаластыққа қол жеткізген едік. Соның нəтижесінде бүгін Бішкекте ƏлФараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филиалы ашылады. Бұдан бөлек, біз жас ғалымдар үшін түрлі гранттар тағайындадық. Олардың озық ғылыми идеяларына мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Мен мəдени-гуманитарлық байланысты нығайту үшін екі ел зиялыларының форумын жыл сайын өткізуді ұсындым, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Брифингте белгілі болғандай бүгінгі келіссөздер барысында екі ел басшысы жаһандық жəне өңірлік мəселелер туралы пікір алмасып, халықаралық түйткілдер жөніндегі ұстанымдары ортақ екенін атап өткен. Əсіресе, Орталық Азиядағы ықпалдастықты тереңдету мəселесіне назар аударылған. Осы орайда, көп ұзамай аймақ мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесуін өткізуге уағдаласты.
Мемлекет басшысының айтуынша, екіжақты жəне көпжақты форматтағы қарым-қатынастар жалғасады. Қазақстан тарапы Қырғызстанның Еуразия экономикалық одағының төрағасы ретінде атқарып жатқан жұмыстарын қолдайды. – Қырғыз бауырларға Азиядағы өзара іс-қимыл жəне сенім шаралары жөніндегі кеңесі аясындағы Қазақстанның бастамаларын қолдағаны үшін ризашылық білдіреміз. Бүгінгі сапар екі елдің ынтымақтастығын одан əрі нығайта түсетіні анық. Уағдаластықтар мен келісімдер – соның айқын дəлелі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент 5 маусымда елімізде өтетін конституциямызға өзгерістер енгізуге арналған жалпы халықтық референдумды өте маңызды əрі тарихи іс-шара ретінде бағалап, қазақ халқы өз тарихындағы шешуші кезеңге келгенін ерекше атап өтті. – Жаңа Қазақстан, яғни Екінші республика – бұл шын мəніндегі демократиялық қоғам деген сөз.
Президенттік жүйе сақталғанымен, Парламенттің рөлі жəне ықпалы едəуір күшейтіледі. Халқымыздың үні жəне пікірі анық естілетін болады. Мен Президент ретінде осы құқықтық реформадан ешқандай артықшылыққа я жеңілдікке ие бол маймын. Мақсатым – бүкіл қоғам да оң өзгерістер жасау, халқымызға жарқын болашақтың жолын ашып беру, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл реформамен демократияландыру үрдісі аяқталмайтынын, алдымызда ұзақ жол бар екенін еске салды. Президенттің айтуынша, жаңа реформалар жалғаса береді, бүкіл қоғамымыздың жүйесі жаңартылады.
Ағайындардың өміріндегі ерекше күн
Ресми сапары аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстан астанасындағы «Театр» гүлзарының орталық аллеясына қойылған Ұлы Абай ескерткішінің ашылу салтанатына қатысты.
Мемлекет басшысы бұл күнді қазақ пен қырғыздың рухани өміріндегі ерекше күн ретінде бағалап, Бішкек төрінде Абай ескерткішінің бой көтеруін қырғыз елінің қазақ халқына деген айрықша құрметінің белгісі деп атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев осы игі бастамаға қолдау көрсеткені үшін Садыр Жапаровқа зор ризашылығын білдіріп, бұл қадам Алатаудың бөктерін қатар жайлаған екі елдің бауырластығын бекемдей түсетінін айтты. – Ағайын елдердің тамырластығын кезінде Абай да айтқан. Ұлы ақын қазақтың тарихына тоқталған кезде қырғыз бауырларды ерекше атап өткен. Ол «Еш қазақ қырғыз бен қазақтың бір тұқымдас екеніне таласпайды» деген. Шын мəнінде, екі ұлттың тегі мен тілі бір, жүрегі мен тілегі бір. Айыр қалпақты ағайынға біздің ықыласымыз қашанда ерекше. Көп ұзамай елімізде Манас ескерткіші бой көтереді. Бұл есім қазақ арасында өте танымал. Əйгілі Манасқа құрметіміз ерекше. Манастану ғылымының негізін қалаған Шоқан Уəлиханов екенін еске салғым келеді. «Манас» жырының тағдыры тартысқа түскен кезде оған Мұхтар Əуезов араша түскенін білеміз, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев осының бəрін бір-бірімізге деген жанашырлық пен тілектестіктің көрінісі деп атап өтіп, екі елдің бауырластығы мен достығы ешқашан мызғымайтынына сенім білдірді.
Сондай-ақ қырғыз халқына бақ-береке тіледі.
Садыр Жапаров сөйлеген сөзінде осы күнді қырғыз-қазақ үшін маңызды күн деп атап өтті. – Философ, гуманист тұлға, қазақтың ұлы ақыны Абайға Бішкек қаласында қойылған ескерткіштің ашылуымен баршаңызды құттықтаймын. Екі елге ортақ тұлғаға дипломатиямыздың 30 жыл дығы қарсаңында құрмет көрсетіліп отырғаны – ерекше оқиға.
Жазда жайлауы, қыста қыстауы қоңсы қонған екі халықтың рухани əлемінің жақындығын Абай мен Тоқтоғұлдың, Мұхтар мен Шыңғыстың мұралары көрсетіп келеді. Абайдың 175 жылдығы кезінде Ұлттық кітапханадан арнайы мəдени бұрыш ашылғанын да еске салғым келеді. Біздің бауырлас қазақ халқымен достығымыз барлық салада дами беретініне сенемін, – деді Қырғызстан Президенті.
Бұдан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ескерткіштің ашылуына жиналған екі елдің зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, пікір алмасты.
Қырғыз студенттері
ҚазҰУ-де оқиды
Қазақстан Президентінің Қырғызстанға жасаған ресми сапарының бағдарламасы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаровтың Бішкекте Əл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филиалының ашылу рəсіміне қатысуымен аяқталды.
Əл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев екі мемлекеттің басшыларына университет аудиторияларын көрсете жүріп, оқу ордасының білім беру жəне ғылыми жобалары, соның ішінде қырғыз студенттері үшін грант бөлу жоспары туралы айтты.
Университетті аралап көру барысында президенттер жоғары оқу орнының оқытушы-профессорлар құрамымен жəне ҚазҰУ-дің қырғызстандық түлектерімен əңгімелесті.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Құрметті қонақтар кітабына» қолтаңбасын қалдырды.
Egemen Qazaqstan,
№99, 27 мамыр 2022 жыл