Basty bet
Қызмет көрсетуде іркіліс болмайды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен коронавирустың алдын алу мақсатында ел аумағында бір ай көлемінде төтенше жағдай жарияланғаны баршамызға белгілі. Одан бөлек, Жамбыл облысының аумағында 2020 жылдың 31 наурызында сағат 00.00-ден бастап жаңа шектеу шаралары енгізілді. Онда: «Жамбыл облысының тұрғындарына азық-түлік, бірінші кезектегі қажетті заттарды, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алу, медициналық көмекке жүгіну, сондай-ақ, күтпеген ТЖ және адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін басқа да жағдайларды қоспағанда, аса қажет болмаса тұрғын үйден шығу шектеледі. Отбасы мүшелерін қоспағанда, үш адамнан көп топтарда адамдардың қозғалысына шектеу қажет. Кәмелетке толмағандардың ересек адамсыз жүруіне тыйым салынады. 65 жастан асқан азаматтарға өзін-өзі оқшаулау режимін сақтау қажет. Облыс тұрғындарының тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін полицейлердің, медициналық, авариялық-құтқару және басқа да коммуналдық және шұғыл қызметтердің (жылумен-газбен жабдықтау, сумен қамтамасыз ету, энергетика және т.б.) қызметі шектелмейді» деп атап көрсетілген.
Мемлекет деңгейінде қойылып отырған талап пен тәртіптің қай деңгейде орындалып жатқанын, аудандағы ахуалдың барысын білмек болып, ең алдымен аудандық полиция бөлімінің басшылығына хабарласқан болатынбыз.
-Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлем бойынша тараған коронавирус жұқпалы дертінің алдын алу мақсатында 2020 жылдың 16 наурызынан бастап республика көлемінде төтенше жағдайды енгізу туралы Үндеуінің негізінде, 18.03.2020 жылы Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен өткізілген Төтенше жағдайлар жөніндегі Мемлекеттік комиссия отырысының №2 хаттамасының 8 тармағында көрсетілген нұсқауын орындау үшін Жуалы ауданы аумағында «коронавирус» жұқпалы дерттің алдын алу және қоғамдық орындар мен тойханаларда, кафе-барларда, орта мектептер мен балабақшаларда, аудандық орталық ауруханада, жалпы қоғамдық орындарда тәртіп бұзушылықтың алдын алу, заңбұзушылыққа жол бермеу мақсатында жергілікті атқарушы мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, Жуалы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері қатарынан жұмыс комиссия тобы құрылды.
2020 жылдың наурыз айының 19-шы жұлдызы сағат 20:00-ден бастап Жамбыл облысының Түркістан облысымен шекаралас аймақтарға екі бірдей санитарлық-бекет орналастырылып, аудандық полиция бөлімі бастығының бұйрығымен 8 полиция қызметкері күшейтілген режимде күнделікті тәуліктік кезекшілік атқаруда.
Түркістан облысы мен Жамбыл облысының шекаралас аймағында орналасқан «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» тас жолының 583-ші шақырымында «Шақпақ» санитарлық-бекеті, сонымен қатар, Түркістан облысы Бәйдібек ауданымен шекаралас орналасқан Қошқарата ауылының 75-ші шақырымында «Қошқарата» санитарлық-бекеті қойылды.
Қызметкерлер азаматтардың өмірі мен денсаулықтарын сақтау шараларын қабылдау, өтіп жатқан автокөліктерге тиянақты қарау жүргізу, жолаушылардың санын, жүру бағытын есепке алып, тиісті есеп журналдарды жүргізу жұмыстарын тиянақты атқаруда.
Аталған санитарлық-бекеттерде қызмет атқаратын полиция қызметкерлері ыстық тамақпен, қызметтік автокөліктермен және тиісті мөлшерде жанар-жағармаймен, инфекцияға қарсы құралдармен (обаға қарсы костюмдер, медициналық маскалар, респиратор) қамтамасыз етілген.
Қазіргі таңда санитарлық-бекеттер арқылы өткен 5524 автокөлік тексерілген. Аталған автокөліктердің 1149-і жүк көліктері, 489-ы жолаушылар автокөлігі, 375-і шетел автокөліктері, 3886-сы жеңіл автокөліктер. Аудан аумағымен өтіп жатқан автокөліктердің ішінде 8258 жолаушы тексеріліп, олардан «коронавирус» жұқпалы дерті анықталмаған, тек бір ғана жолаушы жоғары дене қызуымен аудандық орталық ауруханаға тексеруге жеткізілді,- дейді аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Есім Ордабаев.
Осы ретте халыққа қызмет көрсетіп отырған коммуналдық мекемелердің жұмысы да аса маңызға ие. Тұрғындарға ең керегі – азық-түлік, ауыз су, көгілдір отын, сонымен бірге, электр жарығы. Аталған қызметтердің барлығы тұрғындарға үздіксіз беріліп, сапалы қызмет көрсетіліп отырса, ешқандай мәселе туындамайтыны анық. Төтенше жағдай режимінде аудандағы коммуналдық қызмет көрсететін мекемелердің жұмысының барысын білу мақсатымен «Жуалы газ» бөлімшесіне хабарластық.
-Аудан тұрғындарына табиғи газ жеткізу жұмысында ешқандай кедергілер болып жатқан жоқ. Біздің мекеме ауданда газбен қамтамасыз етілген елдімекендерде барлығы 8200-ден аса абонентке сапалы қызмет етіп отыр. Одан бөлек, 200-дей заңды тұлғаға көгілдір отын жеткізіледі. Коронавирустың алдын алуға байланысты елде енгізілген төтенше жағдай режимінде тұтынушыларға табиғи газды үздіксіз беруде, апаттық-диспетчерлік қызмет көрсету ісінде ешқандай кедергілер мен олқылықтар орын алып жатқан жоқ. Апаттық-диспетчерлік қызмет тәулік бойы кезекшілікпен жұмыс жасауда. Онда бір ауысымда үш адам болады. Одан бөлек, 12 слесарь өздеріне бөлініп берілген территорияларында қашықтықтан жұмыс істеп жатыр. Әзірге ешқандай проблема туындап отырған жоқ. Абоненттерге газ жеткізу ісін бұрынғыша жалғастыра беретін боламыз,- дейді «Жуалы газ» шаруашылығының директоры Асқар Байдосов.
Аудандық электр желілерін тарату мекемесі және «Жуалы-су» МКК-ның да жұмысы қалыпты жағдайда. Аудан тұрғындарына электр энергиясы мен ауыз су үздіксіз берілуде.
«Қазақтелеком» АҚ-ның Жуалы аудандық байланыс торабында да абоненттерге қызмет көрсету қалыпты жағдайда жүруде. Мекеме директоры Нүркен Оңдасыновтың айтуынша, клиенттерге қызмет көрсету, сату бөлімі таңертеңгі сағат 09-00-ден түскі сағат 13-00-ге дейін ғана жұмыс жасауда.