Basty bet
Бағаны тұрақтандыру- басты назарда
Кеше облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру шаралары бойынша жиын өтті.
Жиында облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Жандос Жақыпов баяндама жасап, атқарылып жатқан жұмыстар барысын жеткізді. Оның айтуынша, 2019 жылы облыс бойынша инфляция 105,3 пайызды құраған, оның ішінде азық-түліктер бойынша 109,5 пайыз, әлеуметтік тауарлар инфляциясы 110,0 пайызға айналған. Айта кету керек, бұл көрсеткіштер республикалық деңгейден төмен.
Аталған басқарма басшысының орынбасары тұрақтандыру шараларының негізгі тетігі ретінде тұрақтандыру қорынан тауар интервенциялары жүргізілуде екендігін жеткізді. Жаңадан қабылданған жергілікті қағида аясында қорға қажетті 10 тауардың тізімі тұрақтандыру қоры комиссиясының өткен жылғы 11 қараша күнгі отырысында бекітілген. Қазіргі таңда өңірдегі тұрақтандыру қорынан әлеуметтік 8 тауар түрі нарық бағасынан төмен бағада өткерілуде.
Айталық, қарақұмық пен күріштің келісі 240 теңге, картоп 75, сәбіз 55, пияз 45 теңгеден, ал, сүттің бір литрі 160, күнбағыс майының литрі 325 теңгеден сатылуда. Сондай-ақ, бір бөлке нанның бағасы 55 теңгені құраған. Осы орайда, аталған қордағы тауардың өткізу көлемін арттыру мақсатында Тараз қаласындағы негізгі ірі 8 супермаркет желілерімен («Смарт», «Корзина», «Гауһар», «Дәмдес», «Сафият», «Халил», «Алма», «Нұрислам») келісімдер жасалып, арнайы әлеуметтік сөрелер ашылған.
Сонымен қатар, нан бағасын тежеу шарасы аясында ірі 6 наубайхана басшыларымен меморандумдар қабылданып, бүгінгі таңда әр наубайхана тәулігіне 100-300 бөлке нан әлеуметтік осал топтағы жанұяларға 75 теңгеден сатылуда екен.
Басқосу барысында, әлеуметтік дүңгіршектер санын арттыру үшін қосымша 11 дүңгіршектің құрылыс орындары белгіленіп, жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп жатқандығы айтылды. Жоспар бойынша ағымдағы жылы әлеуметтік дүңгіршектердің санын екі есеге арттыру және тұрақтандыру қорының ішкі нарықтағы үлесін 5 пайыздан асыру көзделуде.
Асқар Исабекұлы тұрғындардың тұрмыстық ахуалына назар аударып, бұл тұрғыда әлеуметтік тауарлардың бағасын тұрақтандырудың маңыздылығын баса айтты. Ол бойынша жұмыстарды үнемі жүйелеп отыру керектігін ескертіп, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жолдады.
Жыл қорытындысы қаралды
Өткен 2019 жыл өңіріміз үшін жемісті жыл болды. Оған экономиканың дамуындағы оң динамика, жылдық жоспардағыдан жоғары деңгейде күтіліп отырған көп көрсеткіштер дәлел. Осы және өзге де көрсеткіштер бүгін аймақ басшысы Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен селекторлық режімде өткен аппарат кеңесінде жан-жақты айтылды.
Жиынның күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша облыс әкімдігінің экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова баяндама жасап, әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің өткен жыл қорытындысымен орындалуына тоқталып өтті.
Басқосуда 2020 жылдың жұмыс жоспарын әзірлеу барысы қаралып, аудан әкімдері мен басқарма басшыларының өткен жылы атқарған жұмыстарының есеп беру мерзімі пысықталды.
Сондай-ақ, облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту жобасының жүзеге асу барысы да баяндалды. Ол бойынша «Тараз әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ төрағасы Нүркен Шәрбиев сөз алып, жобаның бес бағыты бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Аймақ басшысы жобаның маңыздылығын алға тартып, барлық ұйымдастыру шараларының жедел әрі өз деңгейінде өтуін ескертті.
Асқар Исабекұлы тұрғындардың тұрмысын арттыру үшін барлық тиімділіктер қарастырылған баянды бастаманың орындалуында ешқандай олқылыққа жол берілмеу керектігін баса айтып, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді. Барлық құжаттарды қабылдау шараларын 20 қаңтарға дейін толығымен аяқтауды тапсырды.
Бұл мәселелер облыс басшысының тұрақты бақылауында болып, ол бойынша күнара кеңес отырысы өтіп отырмақ.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі