Basty bet

17 жер телімі мемлекеттік жер қорына қайтарылды

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында Үкіметке ауыл шаруашылығы жерлерін толыққанды экономикалық айналымға енгізудің әдіс-тәсілдерін әзірлеуді тапсырды. Осының негізінде Үкімет еліміздегі, соның ішінде өңірлердегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер мен суғармалы алқаптардың көлемін арттыра беретін болады.

Жуалы ауданы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұрғайша Қоскелбаеваның айтуынша, мекеменің негізгі функционалдық міндеттері аудан аумағында жер қатынастары саласындағы функцияларды жүзеге асыру болып табылады.
Бөлімде бүгінгі күні үш мемлекеттік қызметкер, екі инспектор қызмет қызмет атқаруда. Мекеме қызметкерлерінің барлығы дерлік осы салада көп жылдар еңбек еткен білікті мамандар.
Жуалы ауданы жерінің жалпы көлемі 413 698 га, соның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер 210 772 га, бұның егістігі 95 004 га, суармалысы 8 708 га және жайылымы мен шабындығы 111 484 га құрайды. Бұдан басқа, жер санаттары бойынша елдімекендерде 32551 га, өнеркәсіп, көлік, байланыс және ауыл шаруашылығынан өзге мақсатқа арналған жерлер 4 383,8 га, орман қоры 103 861 га, ерекше қорғалатын аймақтардың жерлері 10 633 га, су қоры 8 614,7 га, босалқы жерлер 38 062 га құрайды.
Бүгінгі күнге ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізіп жатқан 2 318 шаруа қожалығының жер көлемі 183 990,0 га, соның ішінде егістігі 88 090,0 га, 4 өндірістік кооперативтің жер көлемі 10 087,0 га, 10 жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің, 2 ауылдық тұтыну кооперативі мен 2 әртүрлі тұлғаның жер көлемі 12 761,0 га, соның ішінде егістігі 4 622,0 га-ны құрайды.
Жуалы ауданы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі мемлекеттік қызмет көрсету стандарттарының 16 түрі бойынша қызмет көрсетеді. Соның ішінде «Жер телімін қалыптастыру бойынша жерге орналастыру жобаларын бекіту» қызмет стандарты бойынша 597 өтініш, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдерін бір түрден екіншісіне ауыстыру қызмет стандарты бойынша 2 өтініш, жер телімінің нысаналы мақсатын өзгерту қызмет стандарты бойынша 3 өтініш, жер учаскелерін жалға алу келісім-шартын жасау бойынша 456 өтініш, барлығы 1058 өтініш түсіп, қанағаттандырылды.
Ауданда жер қатынастары саласында қордаланған мәселелерді қарау және тиісті шешім қабылдау мақсатында аудан әкімдігі жанынан құрылған жер комиссиясы тұрақты жұмыс істейді. Ағымдағы кезеңде аудандық жер комиссиясының құрамы қайта бекітіліп, отырысы аптаның бейсенбі күндері өткізіліп, онда жерге қатысты әртүрлі мәселелер қаралып, тиісті қорытындылар қабылданды.
Аудан әкімдігінің жер қатынастары бөліміне жер мәселесі бойынша жеке және заңды тұлғалардан 361 арыз-өтініш келіп түскен, арыз-өтініштер жер комиссиясы отырысының қарауына ұсынылып, тиісті қорытындылар қабылданып, өтініш иелеріне жауап берілді.
Ауылдық округтерден барлығы 462 арыз-өтініш түсіп, аудандық жер комиссиясы отырысында қаралып, жауаптары берілген. Жер саласы бойынша барлығы 410 қаулы жобасы әзірленіп, аудан әкімдігінің қаулылары қабылданған.
Жер телімдерін сату және жалдау құқықтарын сату бойынша жалпы саны 42 келісім шарт жасалған, 6 жылдық жалдау құқығын сатып алу бойынша 303202 есеп шотына 544 603 теңге төленген.
Жер теліміне қосымша жер қосып сатып алу, сарайлардың астын сатып алу және өзге де жер телімдерін сатып алудан 303101 есеп шотына 5 901 877 теңге төленген.
2020 жылдың ақпан айында жалпы көлемі 6 446 480 теңге қаржы мемлекет бюджетіне түскен.
2020 жылы аудандық прокуратураның анықтауымен нысаналы мақсатында пайдаланылмай жатқан жалпы көлемі 2606,95 га болатын. 17 жер телімі мемлекеттік жер қорына қайтарылды. Оның ішінде егістігі 1010,27 га, жайылымы 1596,68 га. Бұл бойынша жауапты мамандар тәртіптік жауапкершілікке тартылған.
Сондай-ақ «ҚазҒарыш» жүйесі арқылы алдын ала болжамды анықталған пайдаланылмай жатқан жалпы көлемі 3095,82 га болатын 100 жер телімінің тізімі ауылдық окугтерге, аудандық мемлекеттік кірістер басқармасына жолданып, зерделену үстінде. Егер, аталған жер пайдаланушылар жеке кәсіпкер болмаған жағдайда тізімі аудандық жер инспекторына тексеріс ашуға жолданатын болады.
– 2020 жылға облыс әкімімен 1 индикаторлық көрсеткіш белгіленген. Яғни, 1500 га ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімін қайта айналымға тарту жоспарланған. 2020 жылдың қыркүйегінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдеріне конкурс өткізіліп, жоспар толық орындалды. Конкурсқа 3871,93 га., соның ішінде егістігі – 220 га, жайылымы 3651,39 га жер телімдері қойылуда. Сондай-ақ, үстіміздегі жылдың қараша айына тағы да конкурс өткізу жоспарланып 30 жер телімінің жерге орналастыру жобасы дайындалуда.
2020 жылға екі аукцион өткізу жоспарланған. Бүгінгі күнге аукционға шығарылатын жер телімдері нақтыланып жерге орналастыру жобасы әзірленуде, желтоқсан айында өткізілетін болады.
Аудан орталығы – Бауыржан Момышұлы ауылынан атшабар алаңын салу үшін аудандық тұрғын үй-коммуналық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің өтініші жер комиссиясында қаралып 5,2 га болатын жер теліміне жерге орналастыру жобасын жасауға рұқсат етілді, – дейді бөлім басшысының міндетін атқарушы Нұрғайша Қоскелбаева.

Абылайхан СӘРСЕН,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close