Basty bet
Пандемияны еңсеру басты мақсат болуы тиіс
Әлем елдері аты жаман ауру саналған әрі адамзат өміріне қауіп төндіріп отырған коронавирустық инфекциямен күресіп жатқалы бір жылға жуықтады. Аты жаман індетті жұқтырып, ажал құшып жатқандардың саны күн санап артып бара жатқаны өте өкінішті.
Сәтін салып, аурудан жазылып жатқандар да баршылық. «Саулық – сақтықта», «Сақтансаң, сақтайды» деген ұстанымдарды баса ұстанып, сақтық шараларын қанша сақтасақ та аурудың ауыздықталатын түрі жоқ. Жақсылықтан үміт үзбейтін халықтың өкілі болғандықтан салымызды суға кетірмей ары қарай да сақтық шараларын өмір салтымызға айналдыру жолдарын қарастыра бергеніміз жөн болмақ.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде басты мақсат пандемияны еңсеріп, халықтың әл-ауқатын арттыруды қадап айтқаны белгілі. Пандемияны еңсеру ісінде билік пен халықтың күш біріктіруі аса маңызға ие. Өзге облыстармен салыстырғанда Жамбыл облысындағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Бірақ соңғы аптада індет жұқтырып, төсек тартып жатып қалғандар көбейе түскен. Ресми деректерге сүйенсек, қаңтар айының 20-сы мен 27-сі аралығында облысымызда 153 адамның індет жұқтырғаны анықталып отыр.
Аудандық орталық ауруханада да індеттің алдын алу, коронавирустық инфекцияны жұқтырған және пневмониямен ауырған азаматтарды емдеу, жалпы аудан тұрғындарына сақтық шаралары жөнінде кеңестер, арнайы нұсқаулар беру жұмыстарының қарқынды жүргізіліп жатқанын байқауға болады. Біз осы ретте аудандық орталық аурухананың эпидемиолог дәрігері Самат Мамыралиевтен аудандағы эпидемиологиялық ахуал, одан бөлек, аурудың алдын алу үшін ауруханада атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде сұраған едік.
-Самат Бектұрғанұлы, ең алдымен эпидемиолог дәрігердің атқаратын негізгі қызметі жөнінде айтып беріңізші?
-Қандай дәрігер, медицина қызметкері болсын, оның негізгі міндеттерінің бірі аурудың алдын алу үшін жұмыс істейтіні белгілі. Менің эпидемиолог дәрігер болып тағайындалғаныма көп уақыт бола қойған жоқ. Қаңтар айының 11-ші жұлдызынан бастап осы қызметке кірісіп отырмын. Атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталатын болсам, эпидемиолог дәрігер негізінен ауруханаішілік жұқпалы аурулардың таралуын болдырмау, ауруханаішілік жұқпалы аурулар анықталған жағдайда аурудың берілу жолдарын анықтау, оларды жою бойынша жұмыстар жасап, тиісті шаралар қабылдайды. Ал «COVID-19» індеті анықталған жағдайда шектік-оқшаулау іс-шаралары, қауіп факторларының әсерін бағалау, ковид пандемиясының аудан бойынша мәліметтері жасалады. Сондай-ақ, медицина қызметкерлерінің денсаулығына да бақылау жасалып, аурухана ішіне дезинфекциялау және залалсыздандыру, тағы да басқа жұмыстар жасалады.
– Ковид бойынша аудандағы ахуал қандай?
– Қазіргі таңда Жуалы ауданындағы эпидемиологиялық жағдайды тұрақты деп бағалауға болады. Ал біздің есебімізбен «COVID-19» пандемиясы бойынша аудан көлемінде пандемия басталғалы осы уақытқа дейін барлығы 195 адам коронавирустық инфекциясын жұқтырды. Оның ішінде 178-і аурудан жазылып шықса, өкінішке орай тоғыз азамат қайтыс болды. Ал пневмониямен ауырғандардың саны 234 адамды құрап отыр. Жазылғандары 212 болса, өкпе қабынуынан сегіз адам қайтыс болды. Ауру жұқтырған адамдар стационарлық жағдайына қарай аудандық орталық ауруханаға қарасты провизорлық орталықта, сонымен қатар облыстық көпбейінді балалар ауруханасы, сонымен қатар, қалалық көпбейінді ауруханасында емделуде. Жақында сегіз науқас аудандық провизорлық орталықта ем алып, үйлеріне шығарылса, бір науқас амбулаторлық жағдайда үйінде ем алуда.
Эпидемиологиялық ахуалдың матрицасында Жамбыл облысы «жасыл» аймақта тұр. КВИ-ге күдікті немесе расталған науқас анықталған жағдайда жұмыс жасау алгоритмдері, инфекциялық аурулармен жұмыс кезіндегі биоқауіпсіздік шаралары, КВИ диагностикасы мен емі туралы және тағы басқа күнделікті медицина қызметкерлеріне оқу-жаттығу сабақтары мен семинарлар тұрақты өтіп тұрады.
-Аурудың алдын алуда, науқастарды емдеу ісінде дәрі-дәрмектің маңызы зор екені белгілі. Ендігі кезекте ауруханадағы дәрі-дәрмек қоры туралы айтып берсеңіз?
– Аудандық орталық ауруханада дәрі-дәрмектің қоры жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етіліп отыр. Ковид кезінде клиникалық хаттамаға сәйкес тағайындалатын дәрілер де жеткілікті. Атап айтқанда, антибиотиктер, антикогулянттар, кортикостероидтар, қызуды басатын дәрілер, вирусқа қарсы препараттар және пайдалы витаминдер бар. Жеке қорғаныс құралдары мен дезинфекциялық заттардың мол қоры алынды және демеушілер тарапынан да беріліп жатыр.
-Елімізде ағымдағы жылдың 1 ақпанынан індетке қарсы вакцинациялау жұмыстары басталады. Бұл жөнінде аудан тұрғындарына қандай кеңес айтасыз?
– Барлық әлем елдері сияқты Қазақстан Республикасында да «COVID-19» індетіне қарсы халыққа екпе жасауға дайындық шаралары пысықталу үстінде. Бұл жөнінде бұқаралық ақпарат құралдарынан күнделікті айтылып, туындаған сұрақтарға тиісті жауаптар берілуде. Аты жаман аурудың алдын алуда екпенің маңызы зор деп айтуға болады. Мұны әлемнің алпауыт елдері де қолға алып отыр. Қазақстан көбіне көп осы екпеге үміт артуда. Мұның адамға пайдасы болмаса, зияны жоқ. Екпеден қорқуға еш негіз жоқ.
Екпе салу бірнеше кезеңдерден тұрады. Атап айтқанда, бірінші кезеңде медицина қызметкерлері, оның ішінде ең бірінші болып жұқпалы аурулар, қабылдау, жансақтау, жедел жәрдем бөлімдері мен санитариялық-эпидемиологияқ бақылау басқармасының мамандарына екпе салынады деп күтілуде. II-кезең педагогтар, III-кезеңде студенттер және тағы басқа санаттағы азаматтар қамтылатын болады.
Қазіргі таңда аудандық орталық ауруханада аталған топтар бойынша екпе алатын жұмысшылардың тізімдері жасақталып, вакцинаға қажетті мұздатқыштар мен термоконтейнерлер алынуда.
Пандемия жағдайы бүкіл адамзаттың күнделікті өмір салтын өзгертті десем де болады. Осыған байланысты дәрігер ретінде тұрғындарға айтарым, барлық жағдайға түсіністікпен қарап, сақтық шараларын барынша сақтау қажет. Бұл әрине, айтылып-айтылып әбден мезі болған сөз болуы мүмкін. Алайда сақтық шараларының ауруды жұқтырмауға және таратпауға әжептеуір септігін тигізетінін ұмытпағанымыз абзал. Көпшілік жиналған жерге бармауға, қоғамдық орындарда үнемі бетперде тағып, оны әр екі сағат сайын ауыстыруға, қолды антисептикпен, үй-жайды, жұмыс орнын дезинфекциялық ерітінділермен жуып-шайып тұруға кеңес берер едім. Ең бастысы, әр адам өз денсаулығының өз қолында екенін ұмытпағандары дұрыс. Сақтық шараларын күнделікті өмір салтына енгізгенде ғана бұл індеттен арылатынымыз анық. Дәл қазір пандемияны еңсеру басты мақсатымыз болуы тиіс.
-Әңгімеңізге рақмет! Әрдайым еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.
Сұхбаттасқан
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»