Basty bet

ЕҢБЕКПЕН ЕСЕЙІП, БАҚЫТЫН ЕҢБЕКТЕН ТАПҚАН ҰЛАҒАТТЫ ЖАН

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: Заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауы қоғамдағы адал еңбекке деген жоғары құрметті білдірсе керек. Президент ерекше атап өткендей, жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек қадірлі болса, кез келген еңбек адамы сондай жоғары сый-құрметке лайық деп білеміз.
«Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді.
Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді» деп атап өткен болатын Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған дәстүрлі Жолдауында.

Еңбекпен есейіп, өмірлік бақытын да еңбектен тауып, сол арқылы үлгілі отбасын құрып, онда тәрбиелі, еңбексүйгіш, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеп, бүгінде ұзақ жылғы бейнетінің зейнетін көріп отырған жан ретінде Дарихан Сыддықованы айтуға болады. Дарихан апай биыл 75 жастан асса да еңбектен әлі қол үзген емес. Ұл-қыздарын өсіріп, ендігі кезекте немере-шөберелеріне лайықты тәлім-тәрбие беріп келе жатқан ұлағатты қария қазіргі таңда ауданның қоғамдық өміріне де белсене араласады.
Дарихан Сыддықова Өзбекстан Республикасы Хорезм облысы Хиуа ауданының Тахияташ ауылында дүниеге келген. Әкесі Сыддық Сәрсенбайұлы еңбек пен шаруаның адамы болса, ал анасы Теңге Қуанышқызы екеуі үлгілі отбасында барлығы бір ұл, бес қыз тәрбиелеп өсірген.
-Мен анамнан небәрі екі жасымда айырылып, жетім қалып, кішкентай кезімнен ауыл еңбегі мен қоғамдық жұмыстарға белсене араласып кеттім,- дейді Дарихан апай бізбен әңгімесінде. – 1963 жылы мал бордақылау совхозында (откормочный совхоз) тұратын ағам Исмағұл мен Дәметкен жеңгемнің қолында тәрбиеленіп, осы жердегі мектеп қабырғасында 10-жылдық орта білім алдым. Осы ауылда жастайымнан әртүрлі жұмыс атқарып, ерінбей еңбек еттім деуге болады. Оның бірқатарын атап өтсем, алғашқыда бес жылдай сиыр фермасында сауыншы, 10 жыл жүзім-алма бақтарында, одан қала берді, біраз жыл егін шаруашылығында еселі еңбек етіп, қауын-қарбыз, картоп, т.б. бақша дақылдарын өсіріп-өндірумен айналыстым. Адал еңбектің арқасында көзге түсіп, 20 жыл уақыт жүзім-алма бақтарында бригадир болып жұмыс атқарғанымды да мақтанышпен айтқым келеді. Осылай көп жыл еңбектене жүріп, зейнет демалысына шықтым. Отбасында отағасы екеуміз төрт ұл мен екі қыз тәрбиелеп өсіріп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырғанбыз. Аллаға шүкір, қазір сол балалардан барлығы 19 немере, 8 шөбере сүйіп отырмын.
Дарихан апайдың жары, отағасы Сағындық Сақтағанов ұжымшарларда 40 жылдан астам уақыт көлік жүргізушісі болып еңбек етіп, өкінішке орай, 63 жасында дүниеден озған екен. Бұл отбасы 2004 жылы Өзбекстан жерінен осындағы атажұртқа біржолата қоныс аударады. Жуалы ауданының орталығы Б.Момышұлы ауылына көшіп келіп, отбасымен тұрақтаған Дарихан апай бұл жақта да үйде қол қусырып қарап отырмай, содан бері қасиетті өңірдің қоғамдық өмірі мен осында өтетін көпшілік іс-шараларға белсене қатысып келеді.
Жоғарыда Дарихан апайдың еңбексүйгіштік қасиетін сөз етсек, еңбек адамының тағы бір қыры ретінде оның ісмерлігін де қоса айтуға тиіспіз. Қолөнер шеберінің қолынан шыққан тұрмыстық бұйымдар, оның ішінде, көрпе-жастық, қыз жасауы, кесте түрлері, т.б. дейсіз бе, көздің жауын алғандай. Дарихан апай ел өміріндегі белгілі бір даталарды, атаулы күндерді және танымал тұлғалардың мерейтойларын матаға кестелеп бейнелегенді ұнатады. Бұл да оның бірі қыры десек, артық емес.
-Өз қолымнан шыққан тұрмыстық бұйымдарды түрлі тақырыптық көрмелерге шығарғанды ұзақ жылдан бері әдетке айналдырып келемін. Оны көрмеге шығаруымның басты мақсаты – халықтық өмір салтымыз бен дәсстүрлеріміз соңымыздан еріп келе жатқан жас келіндерге, өскелең жастарға жарқын үлгі-өнеге болса деймін. Осы уақытқа дейін тынбай еңбектенгенімнің арқасында аудандық Аналар алқасы, ардагерлер кеңесі және әжелер алқаларының марапаттарына ие болдым. «Еңбек түбі – береке» деген халық даналығында айтылғандай, елдің болашағы саналатын жастар мен өскелең ұрпаққа шармашамай, талмай еңбек етіңдер дегенді аналық өсиетім деп қабыл алсын. Сөз соңында жастар аман болсын, қариялар оларға өнегелі болып, ұлағат көрсетсін дегім келеді,- дейді еңбек ардагері, ұлағатты ана, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері Дарихан апай.
«Еңбек адамы – ел мақтаны» дейтін болсақ, еңбекпен есейіп, бақытын еңбектен тапқан ұлағатты қарияның өмір жолы мен еңбектегі жарқын жетістігі көпке үлгі болып қала бермек…

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close