Basty bet
Абай мұрасы – уақыт пен руханият тоғысында
Биыл Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толып отыр.
Ғұлама, ойшыл, ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы қарсаңында Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының ұсынысымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 10 тамызды Абай күні деп белгілеген болатын. Бұл күн – жай атаулы күн емес, Абай күні – руханияттың мерекесі. Себебі, бұл күн – тұтас қазақ баласын бірлікке шақыратын, адамгершілікке үндейтін, «біріңді қазақ бірің дос» тұтатын қастерлі күн! Әрі бұл – Абайға деген құрмет.
Абай қай заманда болсын, ұлы кемеңгер болып қала береді. Ақынның ойы, толғанысы, мұңы – бүтіндей тіршіліктің, тұтас қоғамның, қазақтың үні. Абайды оқыған сайын жаңарып, тазара бересің. Абайды тану – өзіңді тану, қазақты тану.
«Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар-мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық» дейді ойшыл. Демек, біз Абайдың жарық, нұрлы әлемінен сусындаған сайын ғылым мен білімге ұмтылып, өнер үйренеміз. Өз-өзіне сын көзбен қарап, өзін дамытып, бойындағы ізгі қасиеттерін дамытқан, ой-өрісін кеңейткен адамның болашағы жарқын.
Ұлы ойшыл осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын ұлтты жаңаруға, жаңа өмірге бейім болуға шақырды. Сананың сергектігі, жаңашылдыққа бейім болу, өз ісінің нағыз маманы болу, бәсекеге қабілетті болу – қай заманда да адам баласына аса қажет қасиеттер. Бүгінгі қоғамдағы көптеген келеңсіздік адамдарға осы қасиеттердің жетіспеушілігінен туындауда. Оны мойындауымыз керек.
Елімізде Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен барлық салада түрлі бағдарламалар арқылы саланы, ауыл-аймақты, тұтас елді дамыту мақсатында жұмыстар атқарылуда. Алайда нәтижеден гөрі, әттеген-айлар көп. Себебі, бізде жұмысқа деген ниет дұрыс емес, немқұрайдылық басым.
Бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселелердің басты себебі- бала тәрбиесіне байланысты. Отбасын, мектебін, ауылын сүю, құрметтеу – отбасындағы тәрбиеден бастау алады.
Тәрбие мәселесінде әлемге әйгілі педагог-ғалымдардың қаншама еңбегін ақтарып қарап, тәжірибеде қолдансақ та, ақырында ұлтымыздың кемеңгері, данышпан Абайдың қара сөзіне келіп тоқтаймыз. Себебі, бүкіл адамзаттың болмысы, дүниеге адам болып келіп, адам болып өтуі, тірліктегі жаман-жақсы харакеттері, соқтықпалы-соқпақсыз өмірден адаспай, адам қалпында өтуі бастан-аяқ ақынның қырық бес сөзінде айтылған.
Ұлы ақынның оныншы қара сөзінде «Біреулер Құдайдан бала тілейді. Ол баланы не қылады? Өлсем орнымды бассын дейді, артымнан құран оқысын дейді, қартайған күнімде асырасын дейді. Осыдан басқасы бар ма?» деуі тегіннен-тегін емес. Шындығында, ұрпақ сүю – үлкен бақыт әрі үлкен жауапкершілік. Әрбір ата-ана үшін баланы бағу ғана емес, баулу да басты міндет. Яғни, Абай айтқандай, баланы «толық адам» етіп тәрбиелеу – үлкен жауапкершілік.
Төртінші қара сөзінде «Бір Аллаға сиынып, қайраттанып еңбек қыл, жақсымен жанаса жүр, үлгілі іс жаса» деп насихат айтады.
Он үшінші қара сөзінде иманы берік болу парыз дейді. Жастарды имандылыққа шақырады. Бүгінде жүрегіне иман гүлін егіп, ислам дінінің ізгілігін ұғынған жандардың, білімді, ғылыммен, түрлі кәсіппен айналасып айналасына шарапатын тигізіп жүрген жастардың көбеюі – ақын арманының іске асқан көрінісі.
Қырық төртінші қара сөзінде талапсыздық жайы айтылады. Ең жаман нәрсе – талапсыздық. Ақын осы мәселені:
«Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ –
Бес дұшпаның білсеңіз.
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым ойлап қой –
Бес асыл іс, көнсеңіз» деген өлең жолдарымен де астастырып береді.
Талап – адам баласын алға жетелейтін ең басты қасиет. Адамның өзінің ішіндегі талабы таудай болмаса, оны ешкім жігерлендіре алмайды.
Абайдың қара сөздерінің ұрпақ тәрбиесінде алар орны ерекше. Бастан өткерген, өмірден көрген-түйгенін хатқа түсірген дана Абайдың қара сөздері адам баласының дұрыс өмір сүрудегі бағдаршамы десек, артық айтқандық емес.
Бүгінде әлеуметтік желіні қолданушылар ақынның қара сөздері мен поэзиясын жаттап, челлендж жолдауда. Бұл – қуантарлық жағдай. Ақынның бай мұрасын жаттап, көңілге тоқу арқылы кісінің жаны байиды.
Абай күніне орай елімізде ақынның мұрасын насихаттауға арналған түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Біздің ауданда аудандық мәдениет үйі мен ауылдық мәдениет ошақтарында түрлі тақырыпта поэзия кештері, Абай оқулары, көркемсөз оқу байқаулары өтеді.
Абай күнін атап өту – Абайға деген құрмет әрі жас ұрпақты тәрбиелеудің тиімді тәсілі.
Қысқасы, Абай мұрасы – біздің ұлт болып ұйысуымызға, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығы директорының орынбасары