Basty bet

Тағылымы мол танымдық сабақ

Туған жерінің ғана емес, бүкіл елінің, халқының абыройын асқақтататын өр ұлдары болады. Сондай ұлдарының бірі – халық жазушысы, қоғам қайраткері – Шерхан Мұртаза біздің мақтанышымыз. Ол кісінің халқымыздың рухани көшін түзеуге, жоғын түгендеуге біркісідей қызмет еткен ерен еңбегі баршаның жадында. Жазушының ұлтжандылығы мен қайраткерлігі, әсіресе, дарынды жастарға деген қамқорлығы оқырман жұртшылықтың ойына кейінге қалдырған еңбектері мен өмір тәжірибесі арқылы танылуда. Жазушының бүкіл өмірі ұлтымыздың мәдениеті мен әдебиеті үшін жаралған тағылымы мен тәлімі мол өмір.
Елбасының «Рухани жаңғыру», «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларын жүзеге асыру, оның ішінде «Туған жер», «Ұлы Даланың Ұлы есімдері», «Дәстүр мен ғұрып» арнайы жобалары аясында орталықта жинақталған ұлттық мәдени мұраны, Жамбыл облысы аумағындағы жылдар бойы қалыптасқан әдебиет, тарих, этнография мен атақты тұлғалардың еңбектерін өскелең ұрпаққа насихаттау және асыл туындылардың мәңгілік бұрқақтарын әр буын ұрпақ игілік-кәдесіне жаратсын және де оны тануда ізденістерін тоқтатпасын деген және оқушылар демалысын тиімді пайдалану мақсатында мектептің тарих пәнінің мұғалімі Махмұтжан Мамытовтың ұйымдастыруымен №22 Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектептің оқушылары өткені мен тұлғалар өресін тануда Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының «Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығына» барып саяхат сабағын өткізді. Сабақта оқушылар ұлт руханиятының төл туындылары мен қолжазбаларын көріп, болашағына азық болар мол ақпараттармен қанықты. Сабақ соңында орталықтың директоры Сауран Қалиұлы мен мекеме қызметкері Назым Қожамарова орталықтың жұмысымен таныстырып Жамбыл облысының тарихи-географиялық жағдайы, тектоникалық ерекшеліктері, тарихи-мәдени ескерткіштері туралы көптеген тарихи-танымдық мағлұматтар берді.
Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының «Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы» КММ мен Жуалы ауданы әкімдігінің білім бөлімінің «№22 Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектеп» КММ арасындағы өңіріміздің тарихы мен мәдени мұраларын зерделеу және насихаттау мәселелері жөніндегі өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға сәйкес, мектеп ұстаздары және оқушылармен бірлесе отырып, Шерхан Мұртаза шығармашылығы турасында зерттеушілік жұмыстары сәтті жүргізіле бастады. Алдағы уақыттарда кемел қаламгер Шерхан Мұртаза өмірі мен шығармашылығын насихаттауда түрлі танымдық шаралар мен конференциялар ұйымдастыру жұмыстары жалғасын табады.
Жазушының есімі – бүкіл халық сүйіспеншілігіне бөленген ардақты есім, жалпы көркем руханиятымызға көрнекті бедел боларлық абыройлы есім! Олай болса, оны тану, білу және ұлағатын ұғыну жас жеткіншектердің еншісінде екенін ұмытпайық…

Рамазан ПЕШЕНОВ,
№22 Б.Момышұлы атындағы орта мектептің
ұйымдастырушы-педагогы

Таңдаулы материалдар

Close