Basty bet

«Гүлденсе ауыл, гүлденеді еліміз!»

«Ауыл» партиясының аудандық аумақтық ұйымы ашылды

Тәуелсіз Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық және рухани-мәдени дамуына ел партияларының қосып отырған сүбелі үлесін баса айтуға тиіспіз. Қазақстанда бірнеше саяси партия болса, соның ішінде, алтын бесік, қара шаңырағамыз болған қасиетті ауыл-аймақтың рухани түлеуіне, сонымен қатар, ел өңірлерінде игілікті іс-шаралардың өтуіне тікелей ұйытқы болып келе жатқан «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясының қызметін ерекше атап өткен жөн.

Республика бойынша Серік Егізбаев жетекшілік ететін айтулы партияның Қазақтанда барлығы 320 мыңға жуық мүшесі болса, Қасиетті Әулиеата өңірінде орналасқан Жамбыл облысында 27 мың мүшесі бар. Бұл ретте партия басшылығының тапсырмасына сәйкес, өңірлік филиалдарға қарасты аумақтық партия ұйымдарын ашу – негізгі міндеттердің бірі. Осыған сәйкес, 2023 жылы Жамбыл облысының Қордай ауданында «Ауыл» партиясының аумақтық ұйымы ашылса, биыл міне, қасиетті Жуалы ауданында да аталған партияның ұйымы ашылып, өз жұмысын бастады.
«Ауыл» партиясының Жамбыл облысы бойынша өңірлік филиалының Жуалы аудандық аумақтық партия ұйымы «АМАNАТ» партиясы аудандық филиалы ғимаратының бір бөлмесінен жабдықталып, ашылды. Партия ұйымының ашылуына аудан әкімі Жалғас Мұртаза, Ауыл» ХДПП-ның Жамбыл облысы бойынша өңірлік филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Алтай Райқұлов, облыстық мәслихаттың депутаты Керімқұл Бегалиев, аудандық мәслихаттың депутаты Айбек Елекбаев, сонымен қатар, партияның облыстық филиалының аппарат қызметкерлері мен белсенді мүшелері, аудандық ардагерлер кеңесінің өкілдері және Б.Момышұлы ауылының ардагерлері шақырылды.
Партияның өңірлік филиалына қарасты аумақтық ұйымының ашылуында алғаш болып «КСРО қаржы жүйесінің үздік қызметкері», еңбек ардагері, Жуалы ауданының және Жамбыл облысының Құрметті азаматы, облыстың Құрметті ардагері Жарас Мұратай сөз сөйлеп, ізгі тілек білдірді.
-Елдің дамуында саяси партиялардың атқаратын рөлі өте зор деп білемін. «Ауыл» партиясы басқа да саяси партиялармен бірге қоян-қолтық бірлесе жұмыс жасап, елдің дамуы мен ауылдың гүлденуіне, халықтың әл-ауқатының артуына өздерінің мол үлестерін қосып келеді. Біздің ауданда бұған дейін «Ауыл» партиясының филиалы ашылып, жұмыс істеген. Дегенмен, аудандық партия ұйымының жұмысын іскер азамат Сыбанбай Арынов қолға алғалы бері жұмыс жүйелі жолға түсіп, аз уақыттың ішінде партия ұйымы ұйытқы болған бірқатар игі шаралардың куәсі болып отырмыз.
Елімізде қанша саяси партия болса да, оның барлығының атқаратын жұмысы мен мақсат-мүддесі бір. Ол – елдің бірлігі, жұрттың тыныштығына, сонымен қатар, халықтың әл-ауқатының артуына аянбай атсалысу. Ауызбірлік орныққан жерде ғана баянды тірлік болады. Бірлігімізден ажырамайық. Ауылдың, ондағы еңбексүйгіш ағайынның қам-қарекетін ойлайтын партияның ауданнан ашылған жаңа филиалы құтты болсын. Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін. Ел аман, жұрт тыныш болсын,- деді Жарас Мұратайұлы.
Аудандық партия ұйымының ашылу салтанатында аудан әкімі Жалғас Мұртаза сөз сөйлеп, «Ауыл» партиясы аудандық филиалының «АМАNАТ» партиясы аудандық филиалының ғимаратынан ашылуының символикалық мәні бар екенін айта келіп, партия мүшелерін елдің дамуына, халықтың игілігіне жемісті жұмыс жасай беруіне шын жүректен тілектес екенін жеткізді.
Одан бөлек, ашылу салтанатында Ауыл» партиясының Жамбыл облысы бойынша өңірлік филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Алтай Райқұлов, партияның Жуалы аудандық филиалының төрағасы, аудандық мәслихаттың депутаты Сыбанбай Арынов ізгі тілектерін білдіріп, Қазақстандағы барлық саяси партиялар елдің болашағы мен халықтың мүддесі үшін бірлесе жұмыс атқарып келе жатқанын қуанышпен жеткізіп, алдағы уақытта да жоспарлы жұмыстардың жалғаса беретініне сенім білдірді.
«Ауыл» партиясы аудандық филиалының салтанатты ашылуына байланысты лента қию рәсімін Жамбыл облысының Құрметті азаматы Жарас Мұратай, Ауыл» партиясының өңірлік филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Алтай Райқұлов жүргізді. Ашылуға арнайы шақырылған қонақтар мен партия белсенділері «АМАNАТ» партиясы аудандық филиалы ғимаратының екінші қабатынан жабдықталған «Ауыл» партиясы аудандық филиалы бөлмесінің жұмысымен танысты. Жиналғандарға «Жуалы» көпшілік мешітінің имамы, ауданның Құрметті азаматы Сейітқазы қажы Медетбеков бата берсе, басқалары құтты болсын айтты.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close