Basty bet
Ислам – бейбітшілік діні
Мейірімі мен рақымы шексіз Алланың атымен бастаймын. Барлық мақтаулар мен мадақтаулар Аллаға болсын! Алланың игілігі мен сәлемі Оның елшісі Мұхаммедке (с.ғ.с.) болсын!
Дініміз, ислам – бейбітшіліктің діні. Өйткені, ислам сөзі – амандық, есендік, бағыну деген мағыналарды береді. Сондықтан осы дінді ұстанушы мұсылмандарды бойұсынушылар, Алланың бұйрықтарын орындап, тыйымдарынан тыйылушылар, тәртіпке бағынушылар деп түсінеміз. Пайғамбарлардың мөрі болған, ақырғы пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жер бетіне бейбітшілік пен теңдікті орнату үшін жіберілген. Ол жайында Алла Тағала Құранда: «Біз сені әлемдерге тек рақым етіп қана жібердік» (Әнбия сүресі, 107-аят) деп айтқан. Олай болса, ол кісінің үмметі де бейбітшілік пен теңдікті ұстанатыны белгілі болады.
Ислам діні әрбір дін өкіліне, ұлттар мен ұлыстарға, аққа да, қараға да құрметпен қарауға бұйырады. Адамның адамнан ешқандай артықшылығы жоқ екенін, олардың бір-бірінен артықшылығы тек діндарлық пен тақуалықта ғана болатынын насихаттайды. Ал, діндарлықта және тақуалықта озат болған жандар басқаларды өзінен төмен санап, менсінбеу сияқты қасиеттерден ада болады, керісінше өте қарапайым, жанындағы адамдармен өте көркем қарым-қатынаста болып, кішіпейілділіктің үлгісін көрсетеді.
Дана халқымыз мұндайда «Ұлық болсаң, кішік бол» деп бірауыз сөзбен түйіндеген. Бұл жайында Құранда «Уа, адамзат! Сендерді Біз әуелде бір еркек, бір әйелден, бір ата, бір анадан өрбіттік. Өзара қарым-қатынас жасауларың үшін көптеген ұлт, ұлыс етіп көбейттік. Сендердің бір-біріңнен артықтығың несібелеріңмен емес, діндар тақуалықтарыңмен есептеледі» (Хужурат сүресі, 13-аят) деп баяндалады. Ал ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Уа, адамдар! Естеріңде болсын! Раббыларың біреу, ешбір араб араб еместен, араб емес арабтан, ақтың қарадан, қараның ақтан діндарлығынан басқа ешқандай артықшылығы жоқ. Күмәнсіз Алланың алдында ең мәртебелілерің діндар болғандарың» деп әлгі аятта айтылған мағынаны аша түседі. Демек, қандай да бір ұлт басқа бір ұлтты немесе бір ру басқа бір руды өзінен қор санауға қақысы жоқ. Қайта бір-бірімізді дос тұтып, қоғамның өркендеуі үшін «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» бірлесе еңбек етуіміз керек.
Қоғам ішінде бүлік себушілер мен алауыздық тудырушыларды тоқтату өте маңызды. Қоғамның тыныштығы үшін кейбір істерден бас тарту әлдеқайда дұрыс шешім болады. Біз әрқайсымыз жеке басымыздың пайдасы үшін қоғамдағы тыныштықты бұзуға емес, бәлкім қоғамның тыныштығы үшін жеке басымыздың пайдасынан бас тарта білуге бейім тұруымыз керек. Ренжісіп қалған екі кісіні немесе екі топты тез арада татуластыру парызымыз екенін үнемі есте ұстағанымыз абзал. Бірде Алланың Елшісі (с.ғ.с.) былай деген: «Сендерге намаз, ораза және садақадан да артық бір нәрсе айтайын ба? Сахабалар: Иә, Расулуллаһ айтыңыз! – десті. Пайғамбарымыз: Жарастыру, татуластыру. Себебі, араның бұзылуы шаштың түбін емес, діннің түбін қопарады, – деді».
Барлығымыздың атамыз Адам (а.с) анамыз Хауа екені мәлім. Бәріміз бауыр бола тұра, қамшының сабындай қысқа ғана ғұмырда бір-бірімізбен қастасып, жау болуымыздың қандай мәні бар?!
“Бір атадан болсаң да,
Бір анадан тусаң да,
Әр қайсың әрбір үйдесің.
Бірің кедей, бірің бай,
Әр қайсың әрбір күйдесің,
Бір-біріңе қас болып,
Үрпитесің несіне
Желкеңнің бес күн шүйдесін?! “– деп Майлықожа бабамыз бес күн жалған дүниеде өштесу, қастасу дегеннің ешқандай мән-мағынасы жоқ, бос әурешілік екенін өлең жолдарымен әдемі жеткізген. Ендеше, құрметті бауырлар, еліміз тыныш, жеріміз тұтас, Отанымыз тәуелсіз болсын десек, өзімізді де, келер ұрпақты да ауызбіршілікті сақтауға тәрбиелейік! Ынтымағы жарасқан елге Алла береке дарытатыны тарихтан мәлім.
Ғалымжан Қонақбаев,
аудандық Зиябек Толымбайтегі
мешітінің имамы.
Ауданның бас имамы