Basty bet
Поэзияның алтын сандығы
Редакциядан. Қымбатты оқырман! Сіздердің назарларыңызға жерлесіміз, Қазақ радиосының ардагері, Жамбыл Жабаев атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты Ұлжан Пармашқызының ақын Жұмекен Нәжімеденов туралы «Поэзияның алтын сандығы» атты сыр толғауын ұсынып отырмыз.
Ұлжан Пармашқызының бұл еңбегі Қазақ радиосының мұрағатынан, яғни алтын қорынан арнай алдыртылып, редакцияда терілді.
Дүние жаралып, Адам Ата пайда болғалы сол адамнан бір елі ажырамай баянды серік боп келе жатқан, сыры түсініксіз бір жұмбақ дүние ол – өлең. Осындай өлеңде поэзияда ешкімге ұқсамайтын, еліктемейтін өз даусымен, өзінің табиғи дүние танымымен келген ақын – Жұмекен Нәжімеденов. Ақын болғанда да ірі ақын.
Қоңыр шешем қоңыр кешті жамылып,
Көзін сулап, қалып еді қамығып.
Қоңыр жолға түсіп едім мен өстіп –
Қоңырқай ой маза берер емес тым.
Қоңырайып жатыр алда жол әлі –
Кеудем кейде қоңыр күйге толады.
Қоңыр әнмен қазақ бесік тербетіп,
Өргізіпті-ау қоңыр-қоңыр баланы.
Қоңыр күпі, қоңыр дала, қоңыр үн…
Қоңыр күймен өтіп жатыр өмірім.
Қоңыр күзде қоңыр шаруа-күйбеңмен
Қоңсы қонған қоңыр қызға үйленгем.
Қоңыр-қоңыр күй тыңдап ем жасымда –
Шешем қалды қоңыр төбе басында.
Қоянжонға қоңыр ымырт түскенде
Қоңырайып отырамын үстелге…
Өлең деп әншейін бір-біріне ұйқас сөз тіркестері немесе лепірме көңіл емес, әр жүректің дертіне шипа болардай сезімнен өрбіген тылсым сыр ғана аталса керек. Оқушы қолына кітап алғанда өзеуреген ақылгөйді іздемейді, мұңыңды түсінер сырласты, парасатты, сұхбаттасты іздейді, жан-жарасына ем іздейді.
Жұмекен Сабырұлының шығармалары қай кезде қай жанрда жазылмасын оқушысының ет жүрегін тебірентер етене шындықтан өрбиді. Қай шығармасын оқысаңыз да мөлдіреген өмірдің өзіндей дәл өзегіңді ойып түсер ащы шындықтың куәсісің. Ақын өзінің оқушысынан қайта-қайта оқуды, қадалып оқуды талап етеді. Өлеңмен таныстығы аз адамға Жұмекеңнің дүние танымы, көркемдік эстетикалық деңгейі, ойлау жүйесі бірден ұғына қоюы, түсіне қоюы қиын. Сонысымен де жұмаға жұмбақ ақын қазақ поэзиясы тарихында сүбелі үлесі бар, ұлы ақыны екенін өнер сүйер, өлең сүйер халқы өзі таңдап алды. Ел халықты алдай алмайсың, сол жұмбақтығымен де ақын ағаның тереңдігі мойындалды.
Антологиялар ғана басатын,
Бір әдемі жыр оқыды жас ақын.
Меніңше автор қасіретті жүрегінде кілкіген,
Шатастырып алыпты әттең күлкімен.
Өйткені жұрт сықақ екен деп сәтті,
Әлгі өлеңге мәз боп күліп ұқсатты.
Ойын – арзан, күлкі – қымбат емес пе,
Ол өлеңнің сөз ұйқасы жоқ есте.
Ал мазмұны мынадай:
Зоология мұғаліміне бір шәкірті ұнамай.
Берді соған сұрақтың ең қыңырын,
Айтшы депті тышқандардың ғұмырын.
Тышқан осы қанша жасап өледі?
Оқушының тілі сөзге еп еді.
Орнынан сәл көтеріле түсіп,
Паң, мұны сұрау керек депті мысықтан.
Сол жыр менің салқын қанымды ысытты,
Сол жыр әлі жүрегімді қысып тұр.
Сол жырдан соң жауыздық боп көрінді,
Бүкіл болмыс тіршілігі мысықтың.
Қалай? Неге? Аш күшік боп бұл сұрақ,
Ірге жақты тырнап жатты қыңсылап.
Неге дедім, тым мазасыз бұл неге?
Тышқандардың қанша өмір сүрерін.
Расында мысық қана біле ме?
Неткен ауыр тағдыр еді, мар қайып.
Жыр жазғанша ақын сенде тарт айып,
Ғұмыр мекен тышқандардың ғұмыры?
Тым құрыса өле алмаса қартайып.
Неткен сұмдық жәндіктер де тірі жан,
Тірі жанды тірілерше ұғынам.
Жүрек байғұс тулап ұрып ұшып тұр,
Тышқан ұқсап алдындағы мысықтың.
Тұла бойың шымырлайды, қағып тастап кекілді,
Мына өмірді бақыт тауып не түрлі.
Сенің бүйтіп жүргенің де, жігітім,
Әлде кімнің тоқтығынан секілді .
Адамдардың орта жасын есептеп,
Жазылған том жүк болардай есекке.
Бір елде елу, бір елде алпыс, бір елде,
Қатысты екен еңбек-тұрмыс жігерге.
Керегі не бал ашып,
Ақ сақалы кавказ шыңмен жарасып,
Отыр қария жүз алпыстан әрі асып.
Жүз отызға биыл шыққан баласын,
Жастығы үшін кешіріп.
Жеті әйелді қазанының иесі қып,
Жетеуін де қартайтыпты.
Соңғы тойды сыр беріпті бірақ бұл,
Түсіргенде жүз қырқыншы келінін.
Коньяк ішіп, қартайдым деп жылапты,
Ғұмыр деген осы емес пе досым ал.
Екі жүз аз қарағанда осыған,
Адам Ата тоғыз жүз жыл жасаған.
Адам, адам қай кезде де осы адам.
Ал біреудің орта жасы расы,
Тәбетіне байланысты мысықтың.
Адам-адам, жәндік-жәндік пысықтың,
Ойлап тапқан заңы да емес сірә сұм.
Тағдыр шығар, тағдыр мені тосып ал,
Тынысымды санап астап осыдан.
Қанша мәрте соғар екен жүрегім?
Бірақ, бірақ мысықтардан шошынам.
Жиырма бесте менің әкем түсіпті,
Тырнағына соғыс деген мысықтың.
Орта жасы жиырма бес қой сонда оның,
Жиырма миллион қыршын ғұмыр сөнгелі.
Отыз бес жыл орта жасын,
Солардың есептеген кім бар,
Қайғым болар бұл.
Қанша миллион жесір ана жалғыздықпен егесті,
Қанша миллион бала әкесіз боп өсті.
Жазып көрсем нөлдің өзін жеткізе алар емеспін,
Жүрек байғұс тулап ұрып ұшып тұр.
Тышқан ұқсап алдындағы мысықтың
Кім біледі, бұлар бәлкім сезім құр,
Тағдырына тышқан қалай төзіп жүр?!
Бір жәй менің бауырымды езіп жүр.
Жауыздық пен арамзалық бүгінде,
Әр есіктің түбінде аузын аңдып, әр іннің.
Әр елдің бір сылдыратып бұтасын,
Ашық мысық боп дүниені кезіп жүр.
Сақтан адам жәндіктердің қазасында қайғы ғып,
Жас төгетін жаның сенің мәлімді.
Тек қартайып өлетұғын кәдімгі,
Орта жастан өзің қалма айырылып.
Біреулер жүр серттен сырғып тая сап,
Сенбейді олар, біз жәндікті аясақ.
Мысық тәбет, мысық тілек, мысық көз,
Мысық тірлік, мысық табан саясат.
Тоқсан жаста әжем өлді,
Бар ізгі тілек оның қыршын кеткен тәрізді.
Тілек-үміт қартайғанда ғана ажал жарасады,
Әрине, ақыл ажалды ойлап арымас.
Жетпісте жас емес, адам жарымас,
Мотор өмір өрге тартып тұрғанда.
Барьерден, барьерден әрі бас,
Тоқсан, сексен, жетпіс, жүз де кәрі рас.
Бірақ,бірақ өлу үшін бәрі жас,
Өлімге кім мойынсұнар.
Көңілдің сәл толқуы бар демесең,
Өлімді ойлау торығудан демес ер.
Ажалға адам қарсы шапса он есе,
Тіршілікті сүймегеннен емес ол.
Өмір атты мынау ұлы базарда,
Лұқпанша мың жасасаң аз ол да.
Ажал дағы ұсақтайды азарда,
Инфаркт пен апендецит қазан ба.
Мен өлімге қарсы адаммын тегінде,
Әсіресе, жастай келген өлімге,
Ажалдардан бұрын келген ажалға.
Жұмекең жырымен, ақ жарқын мінезімен, сыпайы жүріс-тұрысымен талайларға ұстаз болды. Әсіресе, ақ адал көңілімен кісіні баурап алуы керемет еді.
Жұмекендей ардақтының тәрбиесін көрген қандастарымыздың бірі – жазушы Темірхан Момбекұлы Түркістан.
– Темірхан, Жұмекенді жақсы білетін шәкірттерінің бірісің ғой. Ылғи да Ұстазым деп, мақтанышпен, құрметпен айтып жүресің. Сенің көзіңмен қарағанда, ол кісі қандай азамат еді?
Темірхан Момбекұлы Түркістан: менің білуімде, менің көруімде, менің пайымдауымда, Жұмекең – таусылмайтын жыр, таусылмайтын сыр. Тек мен үшін ғана емес, қазақ зиялылары, қазақ оқырмандары үшін, қазақ көрермендері үшін. Жалпы ол кісіні білетін адамдар мінезінің кеңпейілдігін, бауырмалдығын, мейірімділігін, мінезінің жайсаңдығын айтып жүреді. Соған қоса, жақын білетіндердің айтатыны: принципті мәселеде ол кісінің қайсарлығы. Мен осы қайсарлық дегенге үш мысал айтқым келіп отыр.
Соның бірінші мысалы мынадай: Тың игеру кезінде, білесіздер, талай асыра сілтеулер болды. Мына қазақ жерінің керек жерін де, керек емес жерін де, егіндікке жарай ма, жарамай ма деп қарамай, шетінен жыртты ғой. Молалар кетті бұзылып дегендей. Кейде дәстүрлердің аяққа басылуы болды. Солтүстік облыстарға іссапармен Жұмекеңді жібереді. Барса, білініп тұр: ұлттық кемсітушіліктің нышаны, дәстүрді аяққа басушылық, қасиетті жердің, кейде, мысалы, молалардың бұзылып кеткені кездеседі. Жұмекең зерттейді. Сонда бір кісі айтады: «Ойпырмай, сен бұдан бір нәтиже шығарар ма екенсің, шығармас па екенсің. Бұның артында ұлттық мәселе тұр, халықтық мәселе тұр. Намыс тұр» – дейді . Бірақ, тәуекел деп зерттеп, осы материалды Алматыға алып келеді. Алып кеп, Шерхан Мұртазаға, бүгінгі Шерағаңа айтады. Ол кезде бас редактор екен. «Осындай-осындай мәселе, бұны қалай етеміз?» дегенде, Шерхан: – «Жаз» деді» дейді. «Шерхан – батыл ғой» – деп Жұмекең риза болып отыратын.
Содан, зерттеген материалын жазып, нәтиже шығып, ең соңында, біраз қиғаш мінез көрсеткендер, біздің дәстүрімізге салғырт қарағандар – осындай адамдар тиісті жазасын алған екен.
Екінші мысал. Бәріңіз де жақсы білесіздер, біздің ұрпақты «Россияға Қазақстан өз еркімен қосылды» деген ауанда тәрбиеледі. Рұқсат етілген оқулықтардың барлығы да, әдебиеттердің бәрінде де осылай айтылатын. Сол кезде Жұмекең маған айтатын, бір сыр қылып, түйінді бір мәселе қып, күрмеуі қиын мәселедей қып, принципті мәселе қып айтатын.
– Біздің елді «Россияға еркімен қосылды» дегенге сенуші болма. – Ешқандай ел қаншалық жұмақ орнатамын десе де, екінші бір мемлекетке өз еркімен бағынбайды да, қарамайды да. Сен осыны біл, – деді саясат өз алдына, сен осыны біл, еш уақытта ұмытпа деп айтқаны бар.
Үшінші мысал. Жұмекең өзі өмірден өткеннен кейін, жазушы, драматург Оразбек Бодықов ағамыздың композитор Шәмші Қалдаяқов туралы қысқа әңгімелерден, хикаяттардан тұратын деректі әңгімесі шықты. Сонда кітаптың ішінде Шәмшінің айтатыны бар: «Әр адамның өз өмірі секілді әр әннің өз тарихы бар» – деп бастайды композитор. Білесіздер, Қонаев бір орнынан түсіп, жер дауына байланысты, басқа да мәселелерге байланысты, басқа кісі болады. Сол кезде Қазақстанның жеріне телім-телім тағдыр бұйыратындай ауан байқалады. Көп адамда: «Ойпырмай, Қазақстанның жері бөлшектеніп кете ме?!» деген қауіп болды. Бұл – тарихи факті шынында да. Енді осыған қаламгерлер болсын, композиторлар болсын, қандай наразылық білдіре алады? Іштей булығып жүреді. Сол кезде барып, Шәмші «Менің Қазақстаным!» әнін шығарады. Жұмекең «Менің Қазақстанымның» сөзін жазады. Екеуінің Қазақстанның елін қорғау, жерін қорғау, ұлттық намысын қорғау жолындағы бір күресі. Бұның шығу тарихы солай екен. Соны күнде радиодан беріп тұрған саңқылдатып. Әрине, мұндай жағдайда жерді бөлу туралы әңгіме болуы да мүмкін емес қой. Кейін, әрине, бөлінбеді ғой. Құдайға шүкір! Міне, осыған үлкен үлес қосқан – Жұмекең еді, Шәмші еді. Бүгінде бүкіл Жер бетіндегі бар қазақтың жүрегіне жол тапқан «Менің Қазақстаным!» әні ғой. Міне, оның осындай тарихы бар-тұғын. Осы мен білетін үш принципті мәселені айтқым келеді.
Әрине, Жұмекең туралы айтатын сөз өте көп. Ол кісінің ақындығы, балажандығы, көпшілдігі, ұлтын сүйетіндігі, өмірге құштарлығы деген сияқты. Бірақ мен осы үш мысалды әдейі қадап айтқым келіп отыр.
Нәжімеденов Қазақстан жастар одағы сыйлығының алғашқы лауреттарының бірі еді. Мықтылығы көзінің тірісінде-ақ атын ұшпаққа шығарып, кітаптары іздеп оқитын асыл дүниеге айналды. Жұмекен ақынның «Менің Қазақстаным!» өлеңін өз халқы ешкімнен сұрамай-ақ гимн жасап алған жоқ па?! Ақындық ғұмыр жайлы бір пәс ойлаған кісіге осының өзі бақыт емеспе?!
Жарты ғасыр өмір сүруіне де тағдыр жазбаған қорғасындай ауыр ойларының салмағынан мерзімінен бұрын өртеніп кеткен Жұмекен Нәжімеденов артына өлмес дүниелерін молынан қалдырды. Қайран аға, ел халқына «Темірқазық» атты өлеңдер жинағын ұсына отырып өзі де поэзия әлеміндегі талай ұрпақтың темірқазығы болатынын сезген шығар-ау. Ақынның творчествосынан қаламы тимеген бірде-бір тақырып таба алмайсыз. Еш уақытта әдемі сөз, жылтырақ ой айту үшін өлең жазып көрмеген Жұмекен Сабырұлы тума талант иесі, күрделі заманымыздың бел баласы, төл ақыны болды. «Қуырылған жүгерідей аспанда ақ жұлдыздар ыршып-ыршып кетеді» дейді. Кез келген ақын мұншалықты дәл жеткізіп суреттей алмас көрініс. «Қойдан құлап өлді ер жігіт ал, қорқақ жолбарыстың жонын қыстап жүр аман» дейді. Қай ақында мұншалық дәл аңғара қоймайтын өмір шындығы. Ақын мына ию-қию дүниедегі адамдардың шындық пен жалғанды ажыратуға көмектесуді өзінің ең басты азаматтық парызы деп түсінді. Бір өлеңінде «қиянатын тонна болсын өлшемей, қайырымын граммдайтын тірлік бұл» дей тұра, «жамандықты жасайды екен жамандар, жақсылар тек тартады екен азабын» дейді, шыншылдыққа үйренбей, әділетке араша бола алмайсың, Жұмекен творчествосына тән философиялық тереңдік пен азаматтық осыны түсіндіреді. Өмірдің де, өнердің де мұратын шындық деп түсінетін ақын бұлардың жауы жалғандық деп біледі. «Халық атынан ту көтерген не тірлік? Сол халыққа қиянат ғып отырып» дейді. Бұл ақынның азаматтық қасиеттілігі. Автордың сүбемелі төрт поэмасы «Келін», «Соңғы махаббат», «Қанды сүт» «Көзсіз батырына» өзек болған төрт оқиға адамзат болмысының трагедиялық астарын мұнша терең жеткізген кемел туындылар біздің әдебиетімізде кемде-кем. Бұлар нағыз ақынның ақындық тегеурінін әбден танытқан шығармалар. Оны тек өзің оқып, өзің қабылдап, өзің рахаттануың керек.
Ақын ағаның үлкен қызы Әйкен былайша еске алады: «Әкем тура айтсам, ең бірінші, әкемнің өмір бойы қолынан қалам түсірмегенін айтқым келеді. Қайда, қашан болсада біз ес білгелі өзінің бөлмесіне кіріп алады да, жатып, қолында қағазы бен өзінің бір ерекше жазуымен қағаздың бетін толтырады да отырады. Бір кезде сызып тастайды, қайтып толтырады. Көбіне бізді анамыз шулайсыңдар деп әкемізге жақындатпайтын.
Біз бес бала болдық: төрт қыз, бір ұл, бәрі шулайды ерке деп бізді бөлек, аяғымыздың ұшымен ғана жүргізетін. Әкеме жағдай жасап, ойы бөлініп кете ме деп өзі де аяғының ұшымен жүретін. Әкем өзінің өлеңін жазып отырады да бір кезде шығады. Былай бізге көп көңіл бөлмеген сияқты. Бірақ қазір есіме түсіріп отырсам, біздің тәрбиемізге, көзқарасымызға көңіл аударып отырған. Ол кісі бізге ешнәрсе айтпайтын. Бірақ бірауыз сөзі сенің қылығыңа қарай айтқанның өзі ойландыратын. Кейін шыныменде осылай екен, менің айтып отырған нәрсем жай ғана нәрсе емес екен, оның бірнеше қыры, бірнеше сыры бар екен деп сондай ойға түсетін едік.
Ауылға барса бір шамалы уақытта туысқандарымен «саусыңдар ма, амансыңдар ма?» деп сәлем береді де сосын қайтадан бөлек жағдай жасайды тағы жазады, тағы жазады. Сонда сыймай жатқан өнер екен. Біз әкемнің өлеңін біразға дейін түсінбей келдік. Қазір оқысақ жай ғана өлең емес. Былай қарағанда жай ғана нәрсе айтылған, бірақ қай жағынан қарасақта үлкен мән жатыр. Қазір мысалы айтып жатыр ұлы ақын деп. Ұлы басқа ақындарды оқысаң соның жолдарында кейбір кезде әкемнің жазып кеткен әуендері кездесіп отырады, соны танып қаламын. Сонда ойлаймын Пушкиннің өлеңіне еліктеп қанша ақындар керемет ақындар болып шықты. Әкемнің өлеңіне еліктеп жазған адамдар да қаншама?! Әкемнің еңбегі көп сіңген екен. Әкем өз өнерімен, ақылымен, сөзімен қаншама адамды тәрбиелеген.
Жұм аға поэзияда сырттай айғайшы болмай, жазып отырған тақырыбының ішіне кіріп сөйлейді.
Үлбіреп тұрған табиғаттың үйлесімі мен сұлулығын қызықтап ғана қоймайды, оның ішкі драмасына, арпалысына үңіледі. Бұл ақынның тереңдігінен. Жіпке моншақ тізгендей үзіліп кетердей дірілдеп тұрған дыбысқа әдемі сөздерді тізе білген ақынның шеберлігі қандай десеңізші?! Сөз біткеннің бәрі күміс қоңыраудай сыңғырлап, айналаңды бір сиқырлы күйге бөлегендей болады. Бұл ақынның тылсым құдіреті, талант табиғаты. Жұмаға өзінің туып-өскен жері Қошалақ ауылын қалай жақсы көрсе, білім алып саналы өмірі өткен, отау тігіп құдіретті ақын сөз зергері екенін мойындатқан аяулы Алматысын да солай жақсы көрді. Қошалақтың құмын Алматының Алатауы мен тал қайыңдарын жырлаумен ақындық парызын ақтап парасатты өмір кешті.
Қошалақ, жатырмысың самалды сайы сырлалап,
Жусаныңнан жылап шықтар сырғанап.
Құмшақылдап өсіп шыққан шоқыңа,
Жолаушыдай өте алмадым бір қарап.
Жыңғылыңды көлеңкелеп көз ілдім,
Көз ілдім мен төсегінде сезімнің.
Саған тартқан өз ұлыңмын, өзіңмін,
Тұла бойым тұтас құйған төзіммін.
Сен секілді мен де күнге күйіппін,
Сен секілді жұпар жұттым, сүйіп гүл.
Сен секілді аласамын, тап-тайпақ,
Сен секілді таласамын, биікпін.
Уа, туған жер, сенде шың да, көл де жоқ,
Ойымда жоқ сені өлеңмен өңдемек.
Дәл өзіңдей қарапайым болам мен,
Дәл өзіңдей маған сірә, сол керек.
Алматы жатыр жақпар қарағайды аралайды жел ескен,
Жапырақтар-жапырақтар сыбыр-сыбыр кеңескен.
Тау сулары таусылмады сыңсып тұрып ағады,
Қыз толқындар бірін-бірі шымшып күліп барады.
Айдалада ақ боз мінген Алатау бір ақ батыр,
Айналада тал-қайыңдар,тал-қайыңдар сапта тұр.
Қызыл гүлдер үзілдіктер баяула жел баяула,
Қызыл гүлдер, қызыл гүлдер ұйқыда ма ояу ма?!
Бар табиғат бір тіршілік, бір тіршілік баяғы,
Тартады ұрлап тамырдан нәр шіркін шыбық баяғы.
Тастың өзі нұр шашады, бүгін дағы кеше де,
Біздің мынау Алматы да күн жайлаған көшеде.
Тас балқытқан талма түсте балқимыз біз күн ұқсап,
Қызуынан алма пісті айқасқанда мың құшақ.
Міне, біздің Алматы осы, алма төсі бұлтыйып,
Алма төске жас бұтаның саусақтары тұр тиіп.
Жүрші жаным, қыдырайық не қыласың жалғыз қап,
Алатаудың ақ қарынан әперейін балмұздақ.