Basty bet
Қиындықты бірге жеңеміз
Елімізге төтеннен киліккен індет барша мемлекеттің басына түскен үлкен сын сағатына айналғаны ешкімге құпия емес. Халқының амандығы мен денінің саулығын діттеген еліміз бүгінгі күні осындай қиын сәттерді бастап өткеруде. Батпаңдап кіріп, мысылқалдап шығатын бұл аты жаман індет өңірлерде көптеп тарап, ауруғандар саны күрт өсті. Қаншама қандастарымыздан бір сәтте бейбіт өмірде айырылдық. Олардың қазалары баршамыздың жанымызға қатты батқаны белгілі.
Індетті жұқтырушылардың саны күрт өсіп кеткендіктен мемлекетімізде каранти режимі қайта енгізіліп отыр. Бұл жайдан жай емес. Мұндай жағдай ешкімге оңай түсіп отырған жоқ. Бірақ, ел болып еңсеріп, күш пен бірлігімізді нығайтсақ, індетті жеңеміз. Індетпен күрестегі ақ халақты абзал жандардың еңбектері мен ерліктері зор. Оны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Себебі, күн сайын еліміздегі ахуал, статистикадағы сандар өзгеруде. Яғни, коронавирус жұқтырған адамдардың саны көбейіп жатыр. Мұны ескергеніміз жөн болар. Демек, біз қауіпті кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Сақтанбасақ, біз де бұл індетті жұқтырып алуымыз мүмкін.
Жасыратыны жоқ, соңғы уақытта әлі де бейқам жүрген жандардың қатары баршылық. Арамызда көшеде бетпердесіз жүріп, қауіпсіздік шаралары туралы ұмытқандар бар. Сондықтан өңірімізде мұндай жайттарды болдырмай, карантин талаптарын сақтап, бұл ауруға тосқауыл болуымыз керек. Кеселдің таралуын өзгеден көрмей, өзіміз қауіпсіздікті қатаң сақтауға тиіспіз. Сонда ғана бұл індетті алыстатып, жақсы күндерді жақындататамыз. Бастысы жақындарымыздың денсаулығы мен амандығы өзіміздің қолымызда екенін естеп шығармауымыз керек. Оларға жанашыр болайық.
«Иә, бұл – қауіпті ауру. Оны емдейтін вакцина әлі жасалған жоқ. Бірақ оны қауіпті екен деп байбалам салып, үрейге бой алдырмау керек. Сондай-ақ жөнсіз әрекетке барып, дәрігерлерге тіл тигізіп, санитарлық режимді бұзуға жол берілмейді. Ал науқастанып қалғандар сарыуайымға, пессимизмге салынбағаны жөн. Ем алумен қатар, ағзаның күші, адамның көңіл-күйі оның құлантаза айығып кетуіне ықпал етеді. Денсаулық сақтау министрлігі және санитарлық дәрігерлердің ұсынымдары мен талаптарын естен шығармауды сұраймын. Мұның бәрі мемлекеттің ең басты игілігі – сіздердің, Қазақстан Республикасы азаматтарының өмірі мен денсаулығын қорғауға арналған», – деген Мемлекет басшысының сөздері баршамызды ойлантуы тиіс.
Халқымызда «Барына қанағат, жоғына сабыр» деген жақсы сөз бар. Олай болса, бүгінімізге шүкіршілік жасап, сабыр сақтап, қалыпты өмірге тезірек оралуды ойласақ, карантин талаптарын қатаң сақтап, үйде болайық!
Жуалы жұртшылығы осынау сындарлы сәтте ауызбіршілік танытып, аты жаман дертпен күреске өз үлестерін қосады деп сенемін.
Қиындықты еңсеруге, әрине, әрбіріміз жауаптымыз! Барынша төзімділік пен сабырлылық танытып, қара бұлттың артынан шуақты жарқырап күн шығатынына сенейік. Осы ретте, барша жуалылықтарды осынау қиын сәтте халқымыздың амандығы үшін сабырлы, ұстамды және қоғам алдында жауапты болуға шақырамын.
Әбілқасым ЕРГЕБЕКОВ,
Ақсай ауылдық округінің
билер кеңесінің төрағасы