Basty bet
Қар құрсауында қалмас үшін
Апат айтып келмейді. Десек те тұрғындардың өміріне қауіп пен қатер төндіріп, табиғатқа да орасан зор залал келтіретін апаттар, басқа да төтеннен туындайтын қиын жағдайлар болсын дайындық жұмыстарының маңызы зор. Қауіпсіздік шараларын сауатты қолдану арқылы айтпай келетін апаттың шығындары мен залалдарын азайтуға болады. «Сақтансаң – сақтайды» деген қағида да осындайда айтылса керек-ті.
Иә, елімізде жыл сайын түрлі оқу-жаттығу жиындары тұрақты түрде өтіп тұрады. Бұл жұмыстардың әскери-қорғаныс саласында, төтенше жағдайлар ведомствосында, денсаулық сақтау саласында, құтқару және авариялық қызмет саласында болсын өз маңыздылығын жоймайтыны анық. Бейбіт өмірдегі дайындық жоғары деңгейде болса ғана бұл әрекеттер тосыннан келетін төтенше жағдайда өз жемісін беретіні анық.
Қыс – қыр астында. Алда әне, міне дегенше қыс мезгілі де таяп қалды. Оған дайындық шараларын жүргізу, сонымен қатар, қыстың көзі қырауда қалың қардан, боранды дауылдардан абай болғанымыз абзал. Жуалы ауданының қарлы борандарын жергілікті жұртшылық жақсы білсе керек. Ал аудан аумағын басып өтетін «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық автодәлізінің бойында қыста көптеген жол апаттарының орын алатыны белгілі. Қар құрсауында қалған автокөліктер мен жолаушыларды құтқару да мұндай боранды әрі қардың қалың жауған кезінде әжептеуір қиындық тудыратыны анық.
Өткен аптаның жұмасы күні аудан орталығында, дәлірек айтқанда, «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық автодәлізінің аудан орталығымен түйісер тұсындағы ескі автожолдың бойында «Қыс-2020» оқу-жаттығуының аясында жиын өтті.
Онда алдын ала жасалған сценарий бойынша, үлкен күре жолдан аудан орталығына бұрылған автомашиналар қалың қардың құрсауында қалып қояды. Әрине, жеңіл машиналардың қалың қарды бұзып шығуға қауқары жоқ. Осы кезде жолда қалған жолаушылардан аудандық төтенше жағдайлар бөліміне қоңырау түсіп, қызметкерлер тез арада қар құрсауында қалған жолаушыларды құтқаруға жеделдетіп аттанып кетеді. Иә, олардың алдында автожолды қалың қардан аршу үшін «Жасыл Жуалы» мекемесінің қар тазалайтын қуатты техникасы, одан соң аудандық полиция бөлімінің жол-патрульдік қызметі, үшінші кезекте құтқарушылар, ал одан кейін жедел жәрдем қызметі тездетіп жетіп, олар жолда қалған жолаушыларға жедел көмек көрсетті.
Жолаушылардың арасында медициналық көмекке жүгінгендері де болды. Оларды аудандық жедел жәрдем көлігі ауруханаға алып кетті.
Ал авариялық-құтқарушы қызметі жеңіл автокөліктердегі жолаушылар Б.Момышұлы ауылы РМК «Қазавтожол» мекемесіндегі жылыту пунктіне жеткізіліп, аудан әкімшілігінің қызметкерлері тұрғындарды тіркеуге алды. Оқиға орын алған «Батыс Қытай – Батыс Европа» халықаралық автокөлік дәлізінің 589 шақырымындағы жол қозғалысы қалыпты жағдайға келтірілді. Жолаушыларды тіркеу, барар бағыттарын анықтау, сонымен қатар, оларға боранды және тұрақсыз ауа райы жағдайында алыс жолға шықпау қажеттігі қатаң ескертілді.
«Қыс-2020» арнайы тактикалық оқу-жаттығуына авариялық-құтқарушы командасынан – 4 адам, 3 техника, инженерлік команда – 5 адам, 1 «Урал», 1 «МТЗ», 1 «МТЗ рум» техникалары, қоғамдық тәртіпті сақтау командасы – 4 адам, 2 техника, «Нарсад» ЖШС-нан 2 адам, 1 «ГАЗель» автокөлігі, медициналық тобынан 3 адам, 1 техника. Барлығы 15 адам, 8 техника қатысты.
Оқу-жаттығу жұмыстарына аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы жетекшілік етті.
Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Jańa ómir»