Basty bet

«Жуалы аруы – 2020»

Аудандық «Достық» мәдениет үйінде аудандық «Жастар ресурстық орталығының», аудан әкімдігі білім бөлімінің, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бірлесіп ұйымдастыруымен «Жуалы аруы-2020» аудандық байқауы болды. ҚР «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңын жүзеге асыру және ұлттық салт-дәстүрлерімізді дәріптеу мақсатында өткен байқауға 17 үміткер қатысты.

Жалпы бұл байқаудың жас ұрпақ тәрбиесі, оның ішінде қыз баланың тәрбиесінде орны бөлек, тағылымды шара. Әрбір қатысушы жеңімпаз атанбағанның өзінде өзіне керекті, пайдалы, үлгі боларлық қасиеттер мен мағлұматтарды көңіліне түйеді.
Қатысушылар бірінші «Сымбатты жанның айнасы» атты бөлімінде өздерін әнмен, өлеңмен таныстырды. «Қыз өссе, елдің көркі» атты бөлімде қыздар бірі ән сайтып, бірі би биледі. Наурыз нақыштарын көрсетіп, ұлттық билерімізді биледі. Көркемсөз оқу шеберліктерін көрсеткен де арулар болды.
«Ойлы болсаң, озып көр» атты сұрақ-жауап бөлімінде аруларымыз салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызға қатысты сұрақтарға жауап берді.
Соңғы «Ойлай білген ою оя да біледі» атты бөлімде қыздар сахнада ою ойып, қазылар алқасына келіп, өз оюларын қорғады.
Бұл бөлімде қыздар түйетабан, қос алқа, шыныгүл, қошқармүйіз, қос қанат, қазмойын сынды оюларды ойып, олардың шығу тарихын, қай жерлерде қолданылатыны жайлы айтты.
Қыздарымыздың мәдениетін, білімі мен өнерін, иба-әдебін сынға салған байқау өз мәресіне жетіп, ең жоғары ұпай жинаған аруымыз Ақтөбе тірек мектебінің оқушысы Назерке Төлебай Бас жүлдені иеленді. Ал, І орынды Диқан орта мектебінің оқушысы Еркеназ Жеңісбек жеңіп алды. Байқаудың жүлделі ІІ орны Күреңбел орта мектебінің оқушысы Абай Зейнеп пен Диана Рахметуллаева, ІІІ орыны Мыңбұлақ орта мектебінің оқушысы Баян Бегеман, мен Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның оқушысы Қарақат Рәділбекке бұйырды. Ал, «Инабатты ару» номинациясына №29 орта мектептің оқушысы Ажар Қайратқызы, «Өнерлі ару» номинациясына Зарина Нұрбек, «Бұрымды ару» номинациясына Наркиза Мұратбай, «Білімді ару» номинациясына Айнакүл Лесбек лайық деп танылды.
Жеңімпаздар ұйымдастырушылар тарапынан бағалы сыйлықтармен, Дипломдар мен Алғысхаттармен марапатталды.
Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close