Basty bet
Ерікті болу — ерлік
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында 2020 жылды Еріктілер жылы деп жариялады. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдаған өз Жолдауында сындарлы диалог елдің тұрақтылығына, оның одан әрі дамуына септігін тигізеріне тоқталды. Әсіресе, ол Жолдауда тиімді экономика, заңнамаларды жетілдіру, ұлт бірлігі мен азаматтардың қауіпсіздігіне бас назар аударды. 2020 жыл «Еріктілер жылы» болып бекітілді. Басты мақсат – ерікті қызметке азаматтарды, әсіресе, жастарды тарта отырып, белсенді өмірлік ұстанымын қалыптастыру болып табылады. Еріктілер жылын жариялау елдегі бұл қозғалыстың жаңа серпін аларына, жаңа жүйелердің пайда болуына, ұйымдарды біріктіруге мүмкіндік береді.
«Дана халқымыз «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген. Қайырымдылық пен мейірімділік – қанымызға сіңген қасиет. Қазақта асар жасап, бір-біріне көмектесіп, қолдау көрсету дәстүрі бар. Оның волонтерлікпен үндесетіні сөзсіз. Сондықтан алдағы жылы сол дәстүрді заманға сай қайта жаңғыртуымыз қажет», – деді Мемлекет басшысы.
Волонтер – ең алғаш «военный» деген сөзден бастау алған. Қазіргі баламасы «ерікті» деп аталып жүр. Ерікті дегеніміз – арнайы бір мақсатта құрылған ұйымдарға өз еркімен мүше болатын адамдар. 19-баптан тұратын Заңда волонтер дегеніміз кім, олардың қызметін мемлекеттік тұрғыда реттеу, волонтер жұмысын ұйымдастыру және Қазақстан Республикасының волонтерлік қызмет туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық сынды көптеген маңызды дүниелер келтірілген.
Қазақта «асар» деген сөз бар. Асар деп – еш ақы, төлемсіз топ адамның өзге адамға қол ұшын созуы. Еріктілер атқаратын қызмет пен асаршылар атқаратын қызмет тең екендігін байқауға болады. Ерікті деген ұғым аты айтып тұрғандай өз еркімен, ешқандай ақысыз қоғамға қызмет ететін адам. Осыдан 5-6 жыл бұрын ел санасында ерікті деген ұғым жоқ.
– Ішінара көзі ашықтар байыбына барғанмен жете түсіне де бермейтін. Ал қазір еріктілер қоғамның бір мүшесі болып қалыптасты. Еріктінің болуы, оның бірұдай дамып тұруы міндетті. Бұл – заман талабы.
Жастарды елмен, халықпен бірге жұмыс жасауға үйретудің негізі-жастық жалынның қауқары қысып үлкен істерді қолға алу. Ұйымды ашуын ашамыз. Логотипін сәнді де әрлі етіп жасаймыз. Бәріне жар салып өзімізге қаратамыз. Алайда алға қойған негізгі бағыт болмаса, әрі қарай жұмыстың негізгі идеясы, жүйесі болмаса ұйымды айтпаймын, кез келген істің өзі қайырлы болмайды.
«Істі қалай бастағаның емес, қалай аяқтағаның маңызды». Біріншіден, ерікті ол өз еркімен келетін адам. Бірақ, ерікті өз еркімен келді. Мен қоғамға көмектесемін, ұйымның белсенді мүшесі боламын не белгілі бір дәрежеге көтерілемін, артылған жүкке жауапкершілікпен қараймын деп. Демек, менің талабым – алғашқы мақсатты соңына дейін ұстансын. Аяғына жеткізсін. Берген сөзінде тұрсын. «Аузымен айды алып, қолымен қосаяқ соға алмайтын» жасанды, көзбояушы еріктілер де болады. Жасаған қайырымдылығын жаһанға жария ету үшін емес, әрбір ерікті өзі үшін, рухани тазаруы, кемелденуі үшін қоғамға қызмет етуі керек. Мысалы, итальяндықтар түскі уақытқа берілген 1 сағат демалыстың жартысын тамақтануға, қалғанын қоғамға артында «волонтер» деген жазуы бар киімді киіп пайдалы іспен айналысуға арнайды екен. Сонымен қатар, сағаттап отырғандағы қарысып қалған денелерін осылай жазып, ауру-сырқаудың алдын алады. «Бір оқпен екі қоян ату» үлгісі. Алайда, жаңылыспаңыз! Ерікті – жұмысшы емес! Иә, еріктілерді өз дәрежелеріне бөле білген дұрыс. Өз-өздерін жетілдіріп, өзінен жоғарыдағыға қызығып, алға ұмтылса несі жаман?!
Еріктіден көшбасшыға айналғысы келетіндерге айтарын, хакім Абай әлдеқашан айтып кеткен. «Өзіңе сен өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап». Кітап пен фильм көру де танымыңызды кеңейтеді.
Осы ретте, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі атынан Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 26 тамыздағы №135 жарлығы негізінде, Жамбыл облысының әділет департаменті «Халықтың құқықтық сауатын арттыру және құқықтық мәселелер бойынша азаматтарға құқықтық көмек көрсету үшін жұмыс істеуге ерікті заңгерлерді жұмылдыру» іс-шаралар жоспарын бекітті. Жамбыл облысы Әділет департаменті және ауданаралық әділет басқармалары азаматтарға құқықтық мәселелер бойынша консультативтік көмек көрсетіп, ауқымды жұмыстар жүргізуде. «Еріктілер жылы» аясында Жамбыл ауданаралық әділет басқармасы тұрақты негізде құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Қалан Мәмбетәлиев,
Жамбыл ауданаралық әділет
басқармасының инспекторы,
Қазақстан заңгерлер
одағының мүшесі