«Отан – оттан да ыстық» деген бабалар сөзінде үлкен мағына жатқаны анық. Отанның қадірін бізден гөрі сырт елдерде тұратын қандастарымыз жақсы білсе керек. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік алған күннен бастап Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қолға алуымен сырт жерлердегі қандастарымызды атажұртқа көшіріп әкелуге айрықша көңіл бөлініп, осы күнге дейін көптеген игі істер жүзеге асырылуда. 2010 жылғы ресми мәліметтерге сүйенсек, сол тұстағы жыл сайынғы көші-қон квотасының саны 20 мың отбасына дейін жетіп, соның нәтижесінде «Нұрлы көш» бағдарламасы қабылданды.
Қандастар деп кімдерді айтамыз? Қандастар – Қазақстан Республикасы егемендік алған кезде оның шетінен тыс жерлерде тұрақты тұрған және Қазақстанға тұрақты тұру мақсатымен келген ұлты қазақ шетелдіктер немесе азаматтығы жоқ адамдар.
Қандас мәртебесін беру және отбасын қандастардың көшіп келу квотасына енгізу туралы өтінішті қарау, сондай-ақ осы мәселелер бойынша шешімді ол тіркелген күннен бастап екі ай ішінде уәкілетті органның аумақтық қызметтері қабылдайды.
Тарихи Отанына келген қоныс аударушыларды жұмыспен, баспанамен қамтамасыз ету, азаматтық алу мәселелері алаңдатуда. Мемлекет тарапынан ел аумағына көшіп келіп жатқан қандастарды жұмыспен қамту жөнінде бірқатар жұмыстар жүргізілді.
Соңғы кезде олардың республика ішілік көші-қоны байқалуда, көшіп келушілердің бірсыпырасы Қазақстанның оңтүстік облыстарына көшсе, бірқатары елді мекеннен ірі қалаларға қарай жылжуда. Бұл олардың әлеуметтік-экономикалық мүдделеріне байланысты.
Қандастардың көпшілігі азаматтық алу мәселесінде күрмеуі қиын күрделі проблемаларға да тап болып отыр. Қандастардың басым көпшілігі бұрынғы Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Жамбыл, Алматы, Қарағанды облыстарына, сондай-ақ, Алматы қаласына, тағы басқа өңірлерге қоныстануда. Шет мемлекеттерде тұрып жатқан қандастарымыздың әлі де көп екенін ескерсек, алдағы уақытта да қандастар көші тоқтап қалмақ емес. Жасыратын несі бар, Өзбекстан Республикасындағы көптеген қазақтар өзбек ұлты болып жазылып, қалың өзбектің арасында ғұмыр кешуде. Онда негізінен түбі қыпшақ, қоңырат руларынан және кіші жүздің арасынан шыққан құрамалардың арасында қазақтар көптеп кездеседі.
«Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» РҚБ Жамбыл облыстық филиалының Жуалы аудандық бөлімшесінің директоры Шора Ысқақов талай жылдан бері ел азаматтығын ала алмай, сандалып жүрген отандастарымызға қол ұшын беріп, олардың республиканың толыққанды азаматы болуына аянбай тер төгіп жүрген абзал азаматтың бірі. Шора Мәжінұлы өткен жылы Жуалы ауданы әкімінің отандастардың ісі жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалды. Оның да қандастар мәселесі жөнінде айтары көп. Бұл туралы алдағы мақалаларымызда кеңінен тарқатып жазатынымызды естеріңізге саламыз.
Биыл Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл толып отыр. Ширек ғасырдан астам осы уақыт бедерінде тарихи отандарына бет түзеген нұрлы көштің қарқыны бәсеңдеген жоқ. Кейде ақпарат құралдарынан шетелдегі қандастарымыздың Қазақстанға деген сағынышын, осында көшіп келуге деген құштарлығын жиі байқаймыз. Сонау замандарда дүниенің бір қиырындағы Мысыр мемлекетіне билік жүргізген түбі қазақ Бейбарыс Сұлтан секілді жусанның иісін аңсаған жұртшылықтың қасиетті қазақ даласына оралуға деген іңкәрлігі бір жағынан заңды да… Осындайда Қытайдағы қандастарымыз жиі шырқайтын «Ағажай-Алтайдай жер қайда-ай?» деген әннің мақамы еріксіз еске түседі. Бұл да әрине, туған жерге, Отанға деген сағыныштан туған ән екені дау тудырмайды.
Тәуелсіздік жылдары Қазақстанға бет түзеген көштің бір бөлігі қасиетті Әулиеата өңірі Жамбыл облысының Жуалы ауданына да табан тіреді. «Тайғағында тағдырдың табанды саған тіредім» деп таластық ақын Нарша Қашағанов жырлағандай, қандастар көшінің қасиетті Жуалыға бет түзеп, осында табан тірегенін жақсылыққа балаймыз әрине. Бүгінде ауданымыздың ең үлкен елдімекені саналатын Нұрлыкент ауылында, содан соң Мыңбұлақ ауылдық округінің орталығы Көлбастау, аудан орталығы Б.Момышұлы ауылдарында тұратын қандастарымыздың үлесі басқа ауылдарға қарағанда әлдеқайда көп.
Аға буын азаматтарға белгілі, Кеңес Одағының ыдырап, Қазақстан Тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы жылдардан бастап бұрынғы Бурно-Октябрск ауылындағы неміс, орыс ұлтының өкілдері тарихи отандарына көше бастады. Олардың босап қалған үйлерін сырттан көшіп келген қандастар жаппай сатып алып, қоныстана бастады. Бүгінде Нұрлыкент ауылындағы тұрғындардың елеулі бөлігін Өзбекстан, Қарақалпақстан және Түркіменстан Республикаларынан көшіп келген қандастардың отбасылары құрап отыр.
Атажұртты аңсап келген отбасылардың қатарында Нұрлыкент ауылында тұратын Өтеновтар әулеті де бар. Бұл әулеттің Қазақстанға бет түзеуі сонау 1990-шы жылдары басталыпты. Біз бұл жанұяның ортаншы ұлы Мұзаффар Өтеновпен сөйлескенімізде, ол ата-бабаларының түбі қазақ, дәлірек айтқанда, қазіргі Түркістан облысының Созақ, Отырар аудандарынан қиын жылдары Өзбекстан Республикасына өтіп кеткендерін айтады. Олар Ташкент облысының Пскент ауданында тұрып, сонда ұрпақ өрбіткен.
-Әкем Әбдірайым өте еңбекқор кісі болатын. Совхозда озат механик болып жұмыс істеді. Ал анам Надежда орыс ұлтының қызы еді. Анамның менің әкеммен қалай танысып, отбасын құрғаны, жалпы ата-анамның өмір жолы өз алдына жазылатын тақырып деп есептеймін. Шаруа отбасында өсіп-өнгенбіз. Бір жанұяда бес ұл, бес қыз, барлығы 10 бала өстік. Әкем де, анам да совхозда жұмыс істеді. Біз оларға жәрдемші бола жүріп еңбекпен есейдік.
Әкем Әбдірайым атажұртқа көшіп келуді көп армандап, бірақ арманына жете алмастан 1980-ші жылдары 54 жасында дүниеден озды. Содан бар ауыртпашылық анамның мойнына түсті. Көпбалалы отбасы болған соң әр баланы жеткізу, үй-жай ету анама оңайға түскен жоқ. Әке арманын орындауды парыз санап, біз 1993 жылдан бастап атажұртқа көшудің қамын жасай бастадық. 1994 жылдан бастап үлкен ағаларым атажұртқа көштің басын түзеді. Анам, ағаларым, әпке-қарындастарым, інілерім осында кезегімен көшіп келіп жатты. Ал мен Нұрлыкент ауылына отбасыммен 2016 жылы біржолата келдім,- дейді Мұзаффар Әбдірайымұлы.
«Керуенбасы білікті болса, көш азбайды» демекші, бүгінде Нұрлыкент ауылына қоныстанған Өтеновтар әулетінің өмір және еңбек салты туралы көп айтуға болады. Әулеттің үлкен ұлы Мамырайым бүгінде отбасымен аудан орталығында тұрады. Аудандағы алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың бірі – «Жайық» шаруа қожалығында ұзақ жылдан бері механик болып жұмыс істейді екен. Әкесі Әбдірайымның ұсталығы, техника жөндеуге жақындығы осы Мамырайымға жұғысты болған көрінеді. Өтеновтардың басқа да ұл-қыздары Нұрлыкент ауылын құтты қонысқа айналдырған. Әулеттің анасы, панасы болған Надежда әжей ұрпақтарының үй-жай болғандарын, немере-шөбере көріп, 2006 жылы дүниеден озыпты.
Мұзаффар Өтеновтың негізгі мамандығы суретші. Гүлстан мемлекеттік өнер училищесін суретші-безендіруші мамандығы бойынша бітірген. 1993 жылы Гүлнара Рақымжанқызымен отау құрып, бүгінде Балзия, Наргиза, Айдынай есімді үш қыз тәрбиелеп отыр. Олар үлкен қызынан екі немере сүйген ата-әже. Отағасы Өзбекстанда тұрған жылдары сондағы Алмалық қаласында «АГМК» деп аталатын химиялық зауытта аппаратшы, одан кейін химиялық зауыттың мәдениет үйінде сәулетші-декоратор болып жұмыс істеген. Ол Алмалық тау-кен металлургия комбинатында жемісті жұмыс істеп, онда суретші-мүсіншілігімен де танылыпты. Комбинат халықты әлеуметтік қамтамасыз етумен қатар, балалар лагерьлеріне, балабақшаларға мүсіндер, композициялар жасау ісімен де қосымша айналысқан көрінеді. Бұл істе де ұста әрі суретші Мұзаффардың қолтаңбасы қалды.
-Сурет салып, мүсін жасағанды жаным сүйеді. Осы мамандықпен көбінде Өзбекстанда жұмыс істедім. 2016 жылы осында көшіп келген соң мұнда өнермен айналысуға мүмкіндік болмай отыр. Себебі, мектеп болсын, басқа да өнер үйрететін мекемелер болсын орын жоқ. Менің басты мақсатым – бойымдағы өнерімді жас ұрпаққа үйрету. Жазған-сызған суреттерім, басқа да композициялық туындыларым, жасаған мүсіндерім өте көп. Алда жұмысқа орналасудың реті келіп қалатын шығар деп үміттенемін. Бір қуантарлығы, ауылдан үлкен мәдениет үйі салынуда,- дейді ол.
«Жырлағанмен не пайда, тыңдаушы баға бермесе» дегендей, өнер адамы өзі сүйетін іспен айналысқанда ғана, өз білгенін басқаға үйретуден шабыт алып, жаны жай табатын белгілі. Осы ретте бұрынғы суретші, бүгінгі диқан Мұзаффар ағаның сурет және сәулет өнері туралы айтары көп. Ол бізге өз мамандығыммен жұмыс істеп, бар білгенімді балаларға үйретіп кетсем деген тілегін жеткізді.
Өтеновтар әулеті Нұрлыкент ауылына көшіп келгелі бергі уақытта негізінен диқаншылықты кәсіп көзіне айналдырып келеді. Ерте көктемнен бастап үй іргесіндегі 10-15 соттық жерлеріне қырыққабат, қызанақ, ащы бұрыш, тәтті бұрыш, тағы басқа көкөністердің көшетін егіп, баптаумен айналысады. Әулеттің ортаншы ұлы Мұзаффар ағаның айтуынша, науқан кезінде 600-700 мыңға дейін көшет егіп, оны ауыл тұрғындарына, қала берді аудан орталығындағы сауда орындарына апарып саудалайды екен. Одан бөлек, ағайындарымен бірігіп Б.Момышұлы ауылының маңынан 10 гектардай егістік жерді жалға алып, оған қырыққабат, қызанақтың бірнеше түрін егумен айналысады. Ала жаздай еңбектеніп, өндірген өнімдерін аудан, облыс орталықтарына апарып саудалайды. Әрине, бұл – үлкен еңбек. Кезі келгенде қайырымдылық жасаудан да қалыс қалмайды.
Мұзаффар мен Гүлнара Өтеновтардың отбасы үшін 2020 жыл өте табысты жыл болды. Жыл ішінде бұл отбасы Қазақстан Республикасының азаматтығына қол жеткізсе, отағасы Тәуелсіздік күні қарсаңында «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» РҚБ-ның Жамбыл облыстық филиалына – 1 жыл!» мерекелік медалімен марапатталды. Ол өз сөзінде қауымдастықтың Жуалы аудандық филиалының директоры Шора Ысқақовқа ерекше алғысын жеткізетінін айтты.
Отанына оралған қандас бауырларды бауырымызға басу, оларға қол ұшын созу – біздің міндетіміз. Көбеймесек, көсегеміздің көгермейтіні анық. Нұрлы көш өз жалғасын тапса, халқымыздың саны да көбейіп, бәсекеге қабілетті ұлтқа, іргесі берік мемлекетке айналатынымыз сөзсіз…
Беттегі суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»