Basty bet
Ысырапшылдық – Алла сүймейтін іс
«Жеңдер, ішіңдер, киініңдер, бірақ ысырап етпеңдер»
(Құран Кәрімнің «Ағрап» сүресінің 31-аятынан)
Ысырапшылдық – тірнектеп тапқан дүниенің түбіне жететін, пендеге де, қоғамға да залалын тигізіп, бұл дүниенің өзінде кесірін тарттыратын қатерлі дерт.
Алла тағала құлдарын кең мейірім, рақымымен сан алуан нығметке бөлеген. Ішіп-жеу, киім-кешек, дүние-мүлік тәріздес нығметтердің барлығы Алла тағаланың құлына сыйлаған ерекше сыйы. Ал адамзатқа жүктелген міндет – сол берілген сансыз нығметтерді жөнімен қолданып, астамшылық көрсетпей, ысырапшылдыққа жол бермеу. Себебі, берілген дүние-мүлік фәни дүниедегі тіршіліктің сәні ғана. Бұл туралы қасиетті Құранда былай делінген: «Байлық пен балалар – дүние тіршіліктің сәні. Ал бақи қалатын, жақсылықтар болса, Раббыңның қасында, табыс бойынша да, жақсы әрі үміт тұрғысынан да жақсы».
Пайғамбарымыз (Оған Алланың рақметі мен сәлемі болсын) хадисінде ысырапшылдыққа жол бермеу туралы былай деп айтқан: «Менің үмбеттерім, Алланың берген нығметінен жеңдер. Сонымен бірге артылып жатса, жағдайы жоқ жетімдерге, медресе сияқты орындарға жұмсау сауап болады» деген.
Ал бүгінгі қоғамда ше, көп орындарда ысырапқа жол берілуде. Көріп жүргеніміздей, бүгінгі таңда ас жиындар мен тойларда нан қалдықтарының қоқысқа тасталуы, суды бекерге ағызып қою, электр жарығын да бекерге жағып қою және т.б.
Ал осы өмірде күнделікті күнкөріске зар болып жүрген қаншама отбасы бар. Пайғамбарымыз (Оған Алланың рақметі мен сәлемі болсын) тіптен дәрет алған кезде артық суды қолданудың өзін ысырапқа жатқызған. Ата-аналарымыз бізге кішкентайымыздан «нан ұсағын баспай, теріп алыңдар, обал болады» дейтін.
Бұл ішіп-жеудегі ысырап болса, ата-аналарымыз киім киюде ысырапқа ата- бабаларымыз жол бермей, үлкен ұлының киімдерін кіші інісіне кигізетін болған. Бұдан балалар бауырмашыл болады, әрі ысырапқа жол берілмейді. Қазір ше, адамдар мақтану ниетімен киімі бола тұра, көзге түсу үшін киімді үсті-үстіне алып жатады.
Бұрынғы өткен дана кісілер «Не нәрсені қор қылсаң, сол нәрсеге зар боларсың» деген. Қазіргі таңда қанағат деген жақсы қасиет адамдардың тұла бойынан кетіп барады. Кейінгі күніне, яғни артына «Кешегі күні мен кім едім?» деп бір бұрылып та қарамайды. «Аяз би әліңді, құмырсқа жолыңды біл» дегендей, әлін білмей әлек болып жүргендер қаншама?!
Той-томалақта шама-шарқына қарамай, ешкімнен артта қалмаймын деп ысырапқа жол беріп шашылатынымыз тағы бар. Пайғамбарымыз (Оған Алланың рақметі мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Кедей болмай тұрып, байлығыңның қадірін біл, ауырмай тұрып, денсаулығыңның қадірін біл» деп айтқандай, біз Алланың берген нығметтерінің қадірін біліп жүрміз бе? Егер де қадірін білсек, мұнша шашып-төгіп ысырап етпес едік.
Біздер киім кию мен ішіп-жеуден бөлек, уақытымызды да көп ысырап қыламыз. Алла тағала Құран Кәрімнің көптеген аяттарында уақытпен санасуымыз керектігін айтқан. Ал біз болсақ, алтындай уақытымызды бос сөзге, көп ұйқыға, керексіз бітпейтін телесериалдарға жұмсаймыз.
Бір өкініштісі, бүгінгі қоғамда Алланың берген аманаты – тәнімізге (ағзамызға) өлшеусіз зардабын тигізетін араққа, темекіге қаражат жұмсап, денсаулықты бұзып алғаннан кейін оны түзеуге тағы шығынданып жататындар бар.
Алланың құлына өлшеп берген өмірі, өлшеп берген нәсібі бар. Бұл өмір мәңгі емес, уақыт зымырап өтеді деген бұрынғы дана кісілер.
Иә, бала-шаға, мал-мүлкіміздің барлығы осы жалған дүниенің сәні, бірақ осы дүниеде істелген игі амалдарымыздың жемісін мәңгілік ақыретте көретініміз сөзсіз. Ибн Аббастың айтуынша, жақсы амалдарға күнделікті бес уақыт намаз және Алла разылығы үшін жасаған әрбір іс-әрекеттеріміз, сөйлеген сөздеріміз жатады.
Олай болса, берілген нығметтердің қадірін біліп, жеке басымызға, қоғамға пайдасы тиетіндей істерге арнайық. Уақытымызды бос, мәнсіз істерге сарп етпей, игі істерге жұмсайық. Ысырапты Алланың сүймейтіндігін жадымыздан шығармайық.
Сейітқазы қажы ӘБДІРҰЛЫ,
«Жуалы» мешітінің бас имамы.
Жуалы ауданының Құрметті азаматы