Basty bet
Мал ауруларының алдын алу өнім сапасын арттырады
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа Жолдауында асыраушы сала – аграрлық сектордың дамуына жете көңіл бөлінген. Жылдың басты құжатында «Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес. Бұл салада шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелер бар. Елімізде ет, жеміс-жидек, көкөніс, қант, бидай, майлы дақылдар, сүт өнімдерін өндіру және өңдеу үшін жеті ірі экожүйе қалыптастыруға болады» деп атап көрсетіледі.
Жолдауда алға қойылған мақсат-межелер ауыл шаруашылығы өндірісінің маңызды саласы болып табылатын мал шаруашылығында жануарлар ауруларының алдын алу және болдырмау, уақтылы екпелер жасау мен емдеу жұмыстарымен шұғылданатын ветеринариялық станциялар мамандарына жауапкершілік жүктеп отыр.
Төменде Жамбыл облысы әкімдігі ветеринария басқармасының шаруашылық жүргізу құқығындағы «Жуалы ауданының ветеринария станциясы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының директоры Ғабитбек Кебеев мекеме жұмысы туралы былай дейді:
– Ауданда эпизоотияға қарсы іс-шараларды, профилактикалық, диагностикалық және бірдейлендіру жұмыстарын Жамбыл облысы әкімдігінің ветеринария басқармасының шаруашылық жүргізу құқығындағы «Жуалы ауданының ветеринария станциясы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны іске асыруда.
Мекемеде бүгінгі күнде штаттық кесте бойынша 111 адам, соның ішінде 14 ветеринариялық пункт меңгерушісі, 16 ветеринариялық дәрігер, 40 ветеринариялық фельдшер мен 14 ветеринариялық санитар, жеті техникалық жұмысшы, 5 қарауыл, 2 қасапшы, 2 ит аулаушы, 2 дезинфектор, 9 адам мекеме аппаратында қызмет атқарады.
Мекеме жұмысының басты бағытының бірі – диагностикалық тексерулер десек, үстіміздегі жыл басынан бері жоспардағы МІҚ бруцеллез ауруына қарсы 84 579 бастың орнына, 85649 бас тексеріліп, 101% орындалды. Уақ малдың бруцеллез ауруына қарсы жоспарда 310427 бас тексерілуі тиіс болса, тексерілгені 309 481 бас. Нәтижесінде 127 бас мал (96 – МІҚ, 31 – уақ мал) бруцеллез ауруына оң нәтиже көрсетіп, 81 бас МІҚ арнайы мал сою пунктінде сойылды, 19 бас уақ малы жойылды.
Эпизоотияға және энзоотияға қарсы ветеринариялық профилактикалық алдын алу іс-шаралары өз деңгейінде атқарылуда. 2020 жылдың ауыл шаруашылық жануарларына он айлық жоспар бойынша эпизоотиялық іс-шаралар 1 709 150 бас малдарға жоспарланып, 1 709 150 басқа профилактикалық іс-шаралар жүргізілді.
Энзоотияға қарсы профилактикалық іс-шаралар 218 000 басқа жоспарланып, 100% орындалды.
Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру мақсатында бөлінген қаражатқа 14 ауылдық округте және аудандық ветеринариялық станцияда орналасқан компьютерлер жұмыс істеп тұр. Аудандағы ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру базасына 313 360 бас мал тіркелген. Соның ішінде МІҚ- 57106, оның төлі 2020 жылдың он айлық жоспары бойынша 16 017 бас, бірдейленгені 17274 бас, орындалуы 110 пайыз. Уақ мал- 234415, оның ішінде төлі жоспар бойынша 97976 бас, бірдейленгені 102354 бас, орындалуы 108 пайыз. Жылқы-14 663, оның ішінде жоспары бойынша төлі 3524 бас, бірдейленгені 3819 бас, орындалуы 106 пайыз. Шошқа – 421 бас, оның ішінде төлі жоспар бойынша 225 бас, 460 бірдейленіп, орындалғаны 236 пайыз. 2020 жылдың он айлық бірдейдендіру жұмыстары толық орындалды.
Жалпы өлген және жойылған үй құстарының саны – 410 бас.
Шаруа қожалықтарында мал ауруларының алдын алу мақсатында дезинфекциялық жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі күнге «Қаратас» шаруа қожалығында дезинфекция жұмыстары төрт мәрте қайталанып жасалды.
Жуалы ауданына құс тұмауының алдын алу мақсатында 84 600 доза вакцина алынып, 73 650 бас үй құсына вакциналау жұмыстары жүргізілді.
Ветеринариялық анықтама бойынша ЕАСУ порталы арқылы 3169 қағаз жүзінде №1 ветеринариялық анықтама – ауыл шаруашылық жануарларының жеке нөміріне, эпизоотиялық ахуалына қарап берілген. Оның ішінде мүйізді ірі қара малына 656 анықтама, уақ малына 1629 анықтама, жылқы малына 884 анықтама берілген. 1382 қағаз жүзінде №2 ветеринариялық анықтама- жануардан алынатын өнім мен шикізатқа берілген. Оның ішінде етке 247 қағаз жүзінде ветеринариялық анықтама межелі пунктіне дейін, жануардан алынған сүтке 1135 қағаз жүзінде берілуде. 2 қағаз жүзінде №3 ветеринариялық анықтама жем-шөпке берілген.
Ауданда 1 мал сою пункті бар. Ол Б.Момышұлы ауылында орналасқан және бүгінгі күнде тұрақты жұмыс атқаруда.
Кәсіпорын теңгеріміне аудан бойынша жалпы 45 сібір жарасы көмінділері тіркелген. Олар: Күреңбелде тоғыз, Қошқаратада сегіз, Жетітөбеде алтау, Боралдайда бесеу, Қарасазда төртеу, Мыңбұлақта үшеу, Шақпақта, Көкбастауда, Билікөлде, Бауыржан Момышұлы ауылында екеуден, Ақтөбеде, Нұрлыкентте, Ақсайда біреуден орналасқан. Ошақтар қоршалып, бетондалып, сырланып, жөндеу жұмыстары толығымен жасалынып, топографиялық картаға енгізілген, құжаттары рәсімделген.
Мыңбұлақ, Көкбастау, Боралдай, Күреңбел ауылдық округтерінде мал өлекселерін тастайтын төрт Беккари шұңқыры бар. Заң талаптарына сәйкес мал және жойылған қаңғыбас иттердің өлікселері осы шұңқырларға тасталуда.
– Қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою бағытында жыл басынан бері 2003 ит ауланып жойылды, аулап жою жұмыстары жалғасуда.
Мекемеге берілген ДУК автокөлігі бар. Бруцеллез ауруына оң нәтиже көрсеткен малдар жойылып, ауру шыққан ошақтарының қоздырғыштарын жойып, қора жайларын залалсыздандырғыш жұмыстарына (ДУК) автокөлігі пайдаланылуда.
2013 жылы кәсіпорын теңгеріміне 13-НИВА, 2-УАЗ автокөліктер берілген. Қазіргі таңда автокөліктер ескі болғандықтан, көп бұзылып ветеринариялық іс-шараларды атқаруға кедергі келтіруде. Автокөліктердің жөндеу жұмыстарына бюджет есебінен қаражат қарастырылмаған.
Қазіргі таңда бруцеллез ауруы шыққан ошақтарға дезинфекциялық жұмыстар ДУК автокөлігімен жүргізілуде. Бүгінгі күнге дейін 50 ошақ саны – 5766,3 шаршы метр дезинфекцияланды.
Одан бөлек, кәсіпорын теңгерімде екі дана инсинератор бар. Екінші инсенератор пеші 2019 жылы Тараз қаласындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорынның теңгерімінен алынды. Пештер Б.Момышұлы мал сою алаңының аумағында орналасқан. Бүгінгі күнде крематор орналасқан жер бастырмамен жабылған. Едені бетондалған, өртеу камерасы жел тартқышпен жабдықталған. Қоршалған аумақта орналасқан, қорғалады, крематордың электр қуат көзі тұрақты электр желісіне жалғанған. Инсинератор дизель отынымен жұмыс істейді. Экологиялық рұқсаты алынған, іске қосылған, – дейді кәсіпорын басшысы Ғабитбек Кебеев.
Абылайхан СӘРСЕН,
«Jańa ómir»