Basty bet

Атқарылған істерге жұрт риза

Аудан әкімі Нарбай Ергебеков өткен аптада таулы өңірдегі Қошқарата, Боралдай және Күреңбел ауылдық округтерінің тұрғындары алдында өткен жылы атқарылған жұмыстар мен 2020 жылға жоспарланған міндеттер туралы есеп берді.

Қошқарата ауылдық округіндегі тұрғындармен есептік кездесу ауылдық мәдениет үйінде өтті. Жиын жұмысына аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков, аудан әкімдігінің тиісті бөлімдерінің, мекемелер мен ұйымдардың басшылары мен ауыл тұрғындары қатысты.
Есептік кездесуді ауылдық округ әкімі Жәнібек Мырзалиев ашып, жүргізіп отырды. Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша ауылдық округтегі учаскелік полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты Орынбасар Жаманбаев өңірдегі криминогендік ахуал туралы баяндады.
Есептік кезеңде полиция инспекторы тарапынан қылмысты болдырмау, алдын алу және болған қылмысты дер кезінде ашу мақсатында біршама жұмыстар атқарылған. Алдыңғы жылмен салыстырғанда тіркелген қылмыстар саны 3-уге қысқарып, қылмыстылық көрсеткіші 60 пайызға азайған, 120 әкімшілік құқық бұзушылық фактісі анықталып, хаттамалар толтырылған. Ол ауыл тұрғындарын орын алған кемшіліктерді назарға ала отырып, алдағы уақытта қоғамдық тәртіпті сақтауда өзіне жүктелген міндеттерді мінсіз атқаруға сендірді.
Ауылдық округ әкімі Жәнібек Мырзалиевтің есептік баяндамасына өңірде жыл бойына атқарылған бірқатар игілікті істер арқау болды. Округтегі үш елді мекендегі 264 аулада 1604 халық тіркелсе, оларға үш мектеп, бір балабақша, бір дәрігерлік амбулатория және екі медициналық пункт, бір мәдениет үйі, пошта бөлімшесі және кітапхана қызмет етеді.
Баяндамашы ауыл еңбеккерлерінің егілген барлық дақылдарды дер кезінде жинап алғанын, салалық индикаторлық көрсеткіштерге тиісті деңгейде қол жеткізілгенін атап көрсетті. Жұмыссыз ретінде ресми тіркелген 21 азаматтың 16-ы жұмысқа орналасқан. «Өңірлерді дамыту» мемлекеттік бағдарламасымен Қызтоған ауылының көшесіне жарық жүйесі орнатылып, Қошқарата ауылына «Street workout» спорт алаңшасы cалынған, Ақтасты ауылының Ақтасты көшесіне орта жөндеу жұмыстары жүргізілген. Үнемделген қаржы есебінен осы ауылға қарай түсетін бұрылыс жолдары жөнделген. «Қауіпсіз Жуалы» бағдарламасы аясында мал ұрлығының алдын алу үшін Қошқарата ауылының кіреберісіне екі, Қызтоған ауылының шығаберісіне бір бейнекамера орнатылған. Ақтасты ауылында медициналық пункт ашылған.
Жәнібек Мырзалиев аудан басшысына округ тұрғындарының өңірдегі Шахан, Ақтасты, Қызтоған жоталарындағы жолдарды қыс мезгілінде бораннан қорғайтын қар ұстағыш қондырғы орнатуға ықпал ету туралы сұранысын жеткізді.
Жиында аудан әкімі Нарбай Ергебеков те тұрғындар алдында аудан аумағында өткен жылы атқарылған жұмыстардың қорытынды есебін берді. Аудан басшылығы жыл бойына бекітілген жұмыс алгоритміне сай ай сайын екі ауылдық округтен қамти отырып, барлық ауылдық округтерді аралап шығып, жиындар барысында көтерілген 116 мәселені назарға алып, шешуге жұмылдырылған. Сонымен қатар, аудандағы әр салалардың өкілдерімен 24 кездесу өткізілген.
Есепті мерзімде ауданда 194 қылмыстық сипаты бар оқиғалар тіркелген, 122 дерегі ашылып, ашылу көрсеткіші 60,1 пайызды құраған.
Экотуризм мен этнотуризмді дамыту бағытында ауданда Билікөл ауылдық округінің Берікқара шатқалынан отбасылық демалыс кешені ашылса, Шақпақ ауылдық округінің Тәттібай Дүйсебайұлы ауылынан салынып жатқан «Қаралма» таушаңғы базасы жақын күндері пайдалануға берілмек.
Жалпы ауданымыз аграрлы аймақ болғандықтан, былайғы жұрт Жуалыны картобымен және өсіріп отырған басқа да дақылдарымен таниды. Осы ретте аудан басшысы өнімдердің сапасын арттыра отырып, оның көлемін ұлғайтуға да мән беру керек деп есептейді.
Ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы шығарымы 29 млрд. 895,5 млн. теңгені құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 105,8 пайызға артқан. Өнеркәсіп кәсіпорындары 10380,7 млн. теңгенің өнімін өндіріп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өндірілген өнімнің нақты көлем индексі 102,3 пайызға артқан.
Құрылыс жұмыстарының көлемі 5 475,1 млн. теңгені құрап, былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 83,9 пайызға орындалған. Билікөл ауылдық округіндегі Қошмамбетов атындағы орта мектепке қосымша спортзал (қазандығымен бірге) құрылысы жүргізіліп, өткен жылдың қазан айында пайдалануға берілген.
Аудандық мәндегі 7,033 шақырым автомобиль жолы толықтай жөнделіп, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы автожолдар үлесі 2018 жылы 84,5% құраса, 2019 жылы 88% құрады, яғни, 3,5% өскен. Ауылішілік автомобиль жолдарын орта жөндеуге 143 650,1 мың теңге қаржы қаралып, 10,48 шқ автомобиль жолы жөнделді. Жылдық үлес 2019 жылы 58,9 пайызды құраса, 2018 жылы 54,3 пайызды құраған, 4,6 пайызға өсті.
Есепті кезеңде жұмыссыздық деңгейі 4,3 пайызды, жалпы жұмыссыздар саны 1 240 адамды құрады (облыста 4,8 пайыз). Есепті мерзімде жұмыспен қамту орталығына 2637 азамат қайырылса, жұмыспен қамту шараларына 3 355 адам тартылған. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмысқа орналастыруға 49 азамат жоспарланса, жыл бойына 64 азамат жұмысқа тартылған.
2019 жылы аудан әкімінің халық алдында берген есебі барысында 20 мәселе түсіп, бақылауға алынған. Бүгінде оның 19-ы орындалса, біреуі орындалу үстінде.

Биылғы жылы ауданда атқарылатын жұмыстарға тоқталған Нарбай Әбілқасымұлы бес ауылға ауыз су жүйесі тартылып, бір мектепке қосымша спорт зал құрылысы жүргізілетінін, таулы өңірдегі елдімекендерді газдандыру жұмыстары жалғасатынын атап көрсете келе, ауылішілік газдандыруға және Қайрат ауылына 100 орындық мәдениет үйі құрылысына, пайдалануға берілген жаңа тұрғын үй алаптарын ауыз сумен және газбен қамтуға, спорт нысандарын қайта жабдықтауға, аудан орталығында жаңадан салынатын спорт кешені мен мәдениет үйіне жапсарлас бөлмелердің құрылысына жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленіп, сараптамаға ұсынылатынын еске салды.
Баяндамасын аяқтай келе, Нарбай Ергебеков аудан басшылығының мемлекет пен қоғам жүктеген зор жауапкершілік жүгі мен сенімді сезіне отырып, алға қойған міндеттерді орындауға бар күш-жігерін аямай жұмсайтынына сендірді.
Жарыссөзге шыққан ауыл тұрғыны Жорабек Шыршықбаев Абай атындағы орта мектептің ескі ғимаратын жастардың бос уақытын тиімді өткізуге ыңғайластырып беруді сұранды, сонымен бірге ауылда жарықтың жиі өшетінін, ескі бағандарды ауыстыру керектігін назарға алуды ұсынды. Ауылдық округтегі жергілікті қоғамдастық мүшесі Айдынғали Тастанбеков ауыл және аудан әкімдерінің атқарған жұмысына қанғаттанарлық деген баға бере келе, өңірдегі Ақтасты және Қызтоған жоталарына қар ұстағыш қондырғы орнату туралы округ әкімінің ұсынысын қайталады. Ақтасты ауылынан Әділхан Үркімбаев ауыл тұрғындарын ағын су мәселесі толғандырып отырғанын алға тартып, ауылға бес шақырымнан келетін тоғанды жөндеу мен арық жолдарын тазалауды назарға алуды сұранды. Ақтасты бастауыш мектебінің меңгерушісі Салтанат Сәулембаева мектептің шатырын ауыстыру, қосымша бөлмелер салу мәселесін қозғады. Тұрғындар одан басқа жайылымның тарлығы, Қошқарата тоғанын жөндеу сынды өзекті мәселелерді көтерді.
Осы және өзге де сауалдарға аудан әкімі Нарбай Ергебеков, аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков жан-жақты жауап беріп, жиынды қорытты.
***
Аудан әкімі Нарбай Ергебековтің Боралдай ауылдық округінің тұрғындары алдындағы есептік кездесуі Көлтоған ауылдық мәдениет үйінде өтті. Жиынға аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков, аудандық мекемелер мен ұйымдардың басшылары, округ ардагерлер кеңесі мен жергілікті қоғамдастық мүшелері, ауыл жұртшылығы қатысты.
Ауылдық округ әкімі Ғани Қуанышев пен аудан әкімі Нарбай Ергебеков өткен жылы атқарылған жұмыстар туралы есептік баяндама жасады.
Баяндамадан кейін жарыссөзге шыққан Көлтоған ауылының тұрғыны Уәлихан Жаманқұлов соңғы күндері соққан дүлей бораннан ауылдың жарықсыз қалғанын айтып, тозығы жеткен электр бағандарын жөндеу қажеттігін айтып, «мәдениет үйі дизельді электр қондырғысымен қамтамасыз етілсе» деген ұсынысын білдірді. Сонымен қатар ол ауданда қолға алынып жатқан «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы туралы білгісі келетінін айтып, сауалын тікелей аудан басшысына бағыттады.
Аудан әкімі Нарбай Әбілқасымұлы тұрғындарға аталған бағдарламаның мақсаты мен тиімді тұстарын жан-жақты айтып өтті. Жиында ауыл және аудан басшыларының атқарған жұмыстарына оң баға берілді.
***
Күреңбел ауылдық округі Мырзағали Жадыраев пен аудан әкімі Нарбай Ергебековтің 2019 жылы атқарған жұмыстары мен 2020 жылға жоспарланған міндеттері туралы ауыл тұрғындары алдындағы бірлескен есебі Күреңбел ауылдық мәдениет үйінде өтті. Есептік жиынға аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков, осы өңірден сайланған аудандық мәслихат депутаты Гүлнар Мұсаханова, ұсыныс білдірілген аудан мекемелері мен ұйымдарының басшылары, жергілікті ардагерлер кеңесі және қоғамдастық мүшелері, ауыл тұрғындары қатысты.
Ауылдық округтің учаскелік полиция инспекторының міндетін атқарушы, полиция капитаны Нұржан Адаматаев, округ әкімі Мырзағали Жадыраев және аудан әкімі Нарбай Ергебеков өткен жылы атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады.
Жарыссөз басталып, алғаш болып сөз алған еңбек ардагері, ауданның Құрметті азаматы Жетпіс Көпбаев тұрғындардың сапалы ауыз суға қол жеткізе алмай отырғаны жиын сайын көтерілетінін, ауылда 1965 жылы салынған ауызсу құбырының тозығы жеткенін, суағарлардан су ақпай тұрғанын алға тосып, адамдардың суды көшенің басынан аяғына дейін жаяу жалпылап, шелекпен тасып жүргенін ашына айтты. Сұраққа «Жуалы-Су» мекемесінің басшысы Қуанышбек Болысбаев өз мамандарының мұнда бірнеше мәрте келгенін, алайда тұрғындардың су құбырына орнатқан вентильдерді жұлып тастап, суды ысырап ететінін айта келе, «судың аз болуы жер асты бұлақтарының сарқылуынан орын алып отыр» деп түсіндіріп өтті. Әңгімеге аудан әкімі Нарбай Ергебеков араласып, ауыл тұрғындарын бірін-бірі сыйлап, тіршілік көзін үнеммен пайдалануға шақырды, ал мекеме басшысына тұрғындар сауалына сергек қарауды ескертті.
Күреңбел ауылының тұрғыны Еркебай Нағашыбеков ауылда түнгі жарықтың жоқ екенін, ал түнде көшелерде шибөрілер қаптап жүретінін айтып, таңертең ерте сабаққа баратын оқушылардың өміріне алаңдаушылық білдірді. Ол сондай-ақ аудан орталығындағы отын базасынан алып жүрген көмірдің сапасы нашар екеніне, арасында тасы көп болатынына шағымданып, «көмір сатушы кәсіпкерге қандай да бір шара қолдануға бола ма?» деп сұрады. Аудан әкімі бұл мәселені назарға алып, онымен айналысатынын жеткізді.
Қаратас ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Алтынбек Қуанышев өңірде атқарылған жұмыстарға ризашылығын білдіре келе, әкімдердің жұмысына сәттілік тіледі.

Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close