Basty bet
Әр адамның амандығы маңызды
Жаны ауырған әрбір адамға қол ұшын беруге дайын тұратын ізгі ниетті жандар ортамызда баршылық. Солардың қатарында елімізде індет алғаш тараған тұста оның алдын алу мен тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізуде, пандемия тұсында белсенді жұмыс жасаған аудандағы медицина мекемелерінің ішінде Шақпақ ауылдық дәрігерлік амбулаториясының қызметкерлері де бар.
Шақпақ ауылдық дәрігерлік амбулаториясының жаңа ғимараты 2017 жылы салынып, тұрғындар игілігіне пайдалануға берілген болатын. 25 келушіге арналған дәрігерлік амбулаторияда барлығы 25 қызметкер жұмыс істейді. Оның екеуі дәрігер, қалғандары орта буынды медицина қызметкерлері ауыл тұрғындарына қызмет көрсетеді. Айта кету керек, амбулаторияға Амансай, Шақпақ станциясы, Ынтымақ, Т.Дүйсебайұлы ауылдық медициналық пункттері қарайды. Амбулаторияға тіркелген тұрғындардың саны 3586 адамды құрап отыр. Оның ішінде 1165 (0-14) жастағы балалар.
Д есепте тұрғандар саны 500 адамды құрайды. Оның ішінде қан қысымы, жүрек, онкологиялық аурулар, мүгедектігі бар азаматтар кіреді. Олар толық тегін дәрі-дәрмекпен қамтылған. Тегін дәрі аудандық ауруханадан уақтылы келіп отырады.
Ауылдық амбулатория бір жедел көлік машинасымен қамтылған.
-Бағалай білген жанға медицина қызметкері тұғыры таймас биік тұлға. Жалпы, медицина қызметкері болу адамға жарық сыйлау деген сөз іспетті. Сондықтан тек ісімен ғана емес, жүрегімен емдей білетін ақ халатты абзал жандарымыз баршылық.
Өздеріңіз білесіздер, жалпы медицина жауапкершілігі аса мол, жүгі ауыр саланың бірі. Сол себепті, кез келген адам біліктілік пен аса шыдамдылықты талап ететін жауапты мамандықты мойындаса, бұл саланың маңыздылығы сол болар еді. Біздің жұмыс барысында қателесуімізге болмайды. Сол себепті біз үнемі тәжірибеміз бен білімімізді жетілдіріп, ізденіс үстінде жүреміз.
Біз күнделікті жұмыс барысында біріміздің білмегенімізді бірімізге айтып отырамыз. Өз саламызда ем жүргізудің барлық тәсілін жетік меңгеруге міндеттіміз. Халық денсаулығының мықты болуы медицина саласында еңбек ететін ақ халаттылардың қолында екені бәрімізге белгілі,- дейді Шақпақ дәрігерлік амбулаториясының дәрігері Гаухар Аңқабаева.
Дәрігерлердің жұмысы аты жаман індет таралған кезде анық көрінді. Олар күн-түн демей, ауырған ауыл тұрғындарына көмек беруге асықты. Осы уақытта Шақпақ дәрігерлік амбулаториясы да қарап жатқан. Олар ауыл тұрғындарына түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, карантин талаптарын сақтауға шақырып отырды. Амбулатория талаптарға сай қызыл және жасыл аймаққа бөлінді. Қызыл аймақта бір дәрігер, бір медбике болды. Олар дене қызуы көтеріліп, ауырып келген науқастарға өздерінің алғашқы көмектерін көрсетті.
Тағы да айта кететін бір жайт, індет тараған кезінде ауылдың екі азаматы өз қаражатарына Шақпақ ауылдық амбулаториясына «Оттегі концентраторын» сыйға тартты. Олардың бірі Ақайдар Дүйсембиев болса, екіншісі амансайлық Айдархан Балтабаев сынды азаматтар. Бұл кісі оттегі концентраторыннан бөлек бес пульсоксиметр тарту етті. Иә бүкіл адамзат атты жаман індеттен қиналған уақытта осылай қол ұшын берген азаматтарға ауыл тұрғындары ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын жаудырды.
-Әр жұма сайын ауылдағы медициналық пункттерге барып, дәрігерлік қабылдау өткіземіз. Сонымен қатар аймақтық медбикелер Д-есепте тұрған өзге де тұрғындармен үнемі байланыс жасап отырады.
Әрбір тұрғынның денсаулығына бей-жай қарамайтын денсаулық сақшыларының арқалаған жүгі ауыр, міндеттелген жұмыстары көп. Осы ретте мен көп жылдық тәжірибесі бар, дәрігер Рая Рахимованы айтқым келіп отыр. Ол кісі осында қанша жылдан бері дәрігер болып қызмет атқарады. Менің ол кісіден әлі үйренерім көп. Ол кісі осында қызмет істейтін барлық қызметкерлерге өз тәжірибесімен бөлісіп отырады. Әрбір медбике білмегенін сол кісіден сұрайды десем де артық емес,- дейді аға дәрігер Гаухар Аңқабаева.
Негізінде бұл мекемедегі мамандардың дерлігі еңбек жолдарын осында бастаған. Кейбірі осында туып-өсіп, туған ауылдарына келіп қызмет етуде. Әрқайсысының ұжымда өзіндік қызметі мен орны бар. Олар өз жұмыстарын жақсы біледі. Адамдармен жақсы тіл табыса алады. Соның арқасында шығар ауыл тұрғындары өз еріктерімен келіп жаман ауру тараған кезде екпе салдырды.
Бұл бір ұжымның күнделікті атқаратын жұмыстары. Олар үшін әрбір адамның денсаулығы мен амандығы маңызды.
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»