Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Абай аманаты» атты мақаласымен еліміздің басты газеті «Егемен Қазақстан» газетінен оқып таныстым. Туынды Тұңғыш Президентіміздің Абайды алғаш таныған сәтінен басталып, ұлы ойшылдың сөздерімен өрілген. Мақаланы оқу арқылы ақынның ғибратты сөздерінің Елбасының өміріне, оның ішіндегі ел басқарудағы іс-әрекетіне қаншалықты әсер еткенін жақырынырақ білдік.
Автор ұлы ақынның шығармаларына терең бойлай отырып, оны өмірлік ұстанымы етіп қалыптастырып, әрі десе ел басқарудағы әдіс-тәсілдерімен ұштастырған. Хакім Абай есімін иеленген мектепте білім алып, оны бір жағынан мақтаныш, екіншіден, жауапкершілік жүктеліп отырғанын сезінген. Бала кезден ақынның мол мұрасымен танысып, білімге, еңбекке, сондай-ақ жаңаны танып, маңдай термен нәпақа табу керектігін түсінген.
Мақалада Елбасы «Кейде біздің буын өмір бойына ұлы Ақын мектебінен, яғни ғұламаның мұхиттай шалқар ой қазынасынан толассыз білім алып келе жатқандай көрінеді» дейді. Яғни, сол кезден бастап ақынның ғибратты сөздеріндегі астарлы ой мен бес нәрседен бойын аулақ ұстап, еңбекпен, бірлікпен, адалдықпен жетілгендерін ұғынуға болады. Біз осы үрдісті лайықты жалғастыруымыз қажет. Абайдың ақыл дариясы ұлтымыздың бүгінгі буыны үшін де және болашақ ұрпақ үшін де айнымас бағыт-бағдарға, өмірлік шамшыраққа айналуы керек.
Мақаланы оқи отырып, Елбасының Абайдың мәңгі жасайтын қағидасымен, яғни «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп…» бауырмалдықты, біздің басты байлығымыз халқымыздың бірлігі мен ынтымағын бала кезден көріп, жетілгенін аңғаруға болады. Ақынның «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген өлең жолдары ХІХ ғасырда-ақ бірлік арқылы күллі адамзаттың көшіне ілесе білуге шақырды. Осы ретте, Елбасы Тәуелсіздік алғаннан бастап еліміздің бірлігін ту етіп келе жатқаны баршамызға белгілі. Алдағы уақытта да ел бірлігін асқан құнды дүние жоқ екенін ұмытпауымыз қажет.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы «Абай қаншама тар қапас заманда өмір сүрсе де, болашаққа үмітпен көз тікті. Ол өлеңдерінде «жаңа өспірім, көк өрім», «тілеуі, өмірі алдындағы», «көкірегі сезімді, тілі орамды» жастарға үлгі бермек үшін ғибрат айтты. «Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез» дей отырып, «дүние де өзі, мал да өзі, ғылымға көңіл бөлсеңіз» деген тағылымын үйретті. Абайдың өнегесін ескере отырып, тәуелсіз мемлекетіміздің жастары арасынан халықаралық стандарттарға сай, білімі мен білігі жоғары мамандар даярлау мақсатымен «Болашақ» президенттік стипендиясын тағайындадық. Соның арқасында ұлы ақын өмір сүрген заманда «интернатта оқып жүрген» қазақ баласының ұрпақтары ХХ және ХХІ ғасырлар тоғысында әлемнің ең таңдаулы университеттерінде білім алу мүмкіндігіне ие болды» деген Елбасы сөздері Абай аманатының бүгінгімен сабақтасып жатқандығын көрсетеді.
Абай мұрасы – мәңгілік. Бүгінде қазақтың бас ақынын әлем таниды. Ұлы ақынның құрметіне өзге елдерде көше атаулары беріліп, көрнекті ескерткіштер мен мүсіндер орнатылуы біз үшін үлкен мәртебе. Әлем Абай арқылы қазақ халқын таниды. Осы ретте, Елбасы ғұламаның 150 жылдық мерейтойын халықаралық деңгейде атау өтудің елдік, егемендік тұрғысынан қаншалықты маңызды болғанын бүгінгі мақалада назардан тыс қалдырмай, сол кездегі естеліктерге тоқталып өтті.
Ақынның мол шығармасы мен ғибратты сөздері қай қоғамда болсын өз маңызын жоғалтқан емес, жоғалтпайды да. Ақын халықпен бірге мәңгі жасайды. «Абайдың сөзі мен ойы біздің күнбе-күнгі тірлігімізге, өркенді өмірімізге кірпіш болып қаланып, бүгінгі өркениет пен алдағы болашақ талабына лайық ұмтылыстарымыздан және игі істерімізден нақты көрініс табатынына кәміл сенемін» деген Елбасының сөзінен ақынның мерейтойы той тойлау үшін емес, ой ойлау үшін қажет деген қағиданың дұрыстығына одан әрі көз жеткізе түсесің.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»