Basty bet

Ауданның туристік әлеуетіне назар аударды

Есте жоқ ескі замандарда Асан қайғы бабаның қонысқа жайлы жер іздеп, аралаған жерлеріне сипаттама бергені есіңізде болар. Асан қайғының Жуалы жеріне келіп, жыр арнағаны да тарихтан мәлім. Оның: «Басқаның бәрін қисаң да, Жуалыны қимайсың. Бөктеріп алып кетер ем, ат сауырына сыймайсың немесе «қарың мол, топырағың май екен, қадіріңді егін салған ел білер» деп тамсана жыр төккеніне қарап-ақ Жуалының жәннат өлке екенін білуге болады. Соңғы жылдары ауданымыз туристік даму бағытын да қолға алып, ауданның көрікті аймақтарынан демалыс орындары ашылу үстінде.

Өткен аптаның соңында Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Алмас Мәдиев біздің ауданда болып, бірқатар туристік нысандарды аралап, олардың әлеуетімен және ондағы проблемалармен де танысты. А.Мәдиевті аудан әкімі Нарбай Ергебеков пен орынбасары Асхат Жабағы күтіп алып, нысандарды аралау барысында жол бастап жүрді.
Алмас Өскенбайұлының алғашқы аялдаған нысаны «Қаралма» тау-шаңғы базасы болды. Бұл нысан Шақпақ ауылдық округіне қарасты Т.Дүйсебайұлы ауылының Алатау жақ бетінде орын тепкен. Аталған туристік аймақта қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүруде. Мұнда сервистік орталықтың құрылысымен қатар, екі жолақты арқан жолдың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Құрылысқа қызығушылық танытып, оған қомақты инвестиция салып жатқан компания басшыларының айтуынша, арқан жолдың құрылысы жыл аяғында аяқталады деп күтілуде. Нысанға апаратын жол асфальтталған. Электр бағаналары тартылған. Ендігі кезекте газ және су тарту жұмыстары жүргізілуі қажет.
Мұндағы құрылыс жұмыстарымен танысқан облыс әкімінің орынбасары А.Мәдиев туристік нысанның құрылысы толықтай аяқталмаса да мұнда жыл он екі ай тұрғындарға демалысты ұйымдастыруға болатынын айтты.
-Жалпы табиғаты әсем Жуалы ауданында туризмді дамытуға мүмкіндіктер мол. «Қаралма» тау-шаңғы базасының туристік әлеуеті зор деп білемін. Өйткені, мұндағы құрылыстар толықтай аяқталғанда ішкі туризм дамып, алыс-жақын шетелден де туристер келетін болады. Қазір бұл аймақта құрылыспен қатар демалысты да ұйымдастыруға болады. Тиісті санитарлық талаптарды сақтау арқылы жұмысты жүргізуге мүмкіндік бар.
Әлбетте, құрылысты қарқынды жүргізуге биыл елімізде орын алған пандемия да кері әсерін тигізбей қойған жоқ. Осыған орай алдағы уақытта атқарылатын жұмыстардың да көлемі көп,- деді Алмас Өскенбайұлы.
Жуалы жерінде тұңғыш рет Қаралма шатқалында теңіз деңгейінен 3200 метр биіктікте Тараз қаласынан 70 шақырым қашықтықта жатқан «Қаралма» тау-шаңғы базасы» туристік аймағын құру жобасы қолға алынып, екі-үш жылдан бері жүзеге асырылуда. Бұл кешеннің орналасу артықшылығын айтар болсақ, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізінен сегіз шақырым, Б.Момышұлы ауылынан 20, Тараз қаласынан 70 және Шымкент қаласынан 90 шақырым қашықтықта орналасуында болып отыр. Кешеннің бұлай орналасуы қыс айларында қардың жеткілікті болуын қамтамасыз етеді және курортты туристер мен демалушылармен қамтамасыз етуге мүмкіндік мол. Сонымен қатар, кешеннің аумағында барлық маусымдық курорттық жүктемені қамтамасыз ететін жазғы демалыс түрлерін ұйымдастыруға да болады.
Бүгінгі таңда жобалық басқарудың «Ішкі және кіру туризмін дамыту» жобасы аясында жобаның іске асырылу орны анықталып, құрылысқа 274 гектар жер бөлініп, электр қуатымен жабдықтау, газбен қамту және су құбырын жүргізу жұмыстары жүргізілуде. «Қаралма» тау-шаңғы базасы» туристік аймағының негізгі инвесторлары «Альтаис» ЖШС мен «ТаразСтрой-2004» ЖШС болып табылады.
Кешеннің аумағына 20 коттедж, 100 орындық қонақүй, 70 орындық екі мейрамхана, кафе, бақылау алаңы, сервистік орталық, веложолы бар спорт мектебі, 100 автокөлікке арналған екі бірдей автотұрақ, бассейн және басқа да сауда, ойын-сауық орындары кіреді. Техникалық сипаттамалары бойынша арқанжолдың ұзындығы – 2050 метрді, ал жаяу жүруге арналған жолдың ұзындығы – 300 метрді құрайды.
Бұл жобадағы жұмыстар толықтай жүзеге асырылғанда ауданның туристік әлеуеті артып, бұдан түскен салықтық түсімдер қазына қаражатын молайтуға да септігін тигізетіні анық.
Облыс әкімінің орынбасары А.Мәдиев келесі кезекте Теріс өзенінің бойындағы Баркуаб қалашығындағы қазба жұмыстарының барысына қанықты. Мұнда атқарылып жатқан жұмыстарды «АРК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Ескендірбек Төрбеков айтса, жалпы аудан аумағындағы басқа да көне қалашықтар туралы, сонымен бірге, аудан аумағынан және «Бурноокябрь-1» шартты атауын иеленген Баркуаб қалашығынан табылған көне жәдігерлер туралы аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері, «Үздік өлкетанушы» төсбелгісінің иегері Дәулетжан Байдалиев кеңінен әңгімеледі. А.Мәдиев көне қалашықтың қазба жұмыстарын да аралап көрді.
Облыс әкімінің орынбасары Алмас Өскенбайұлына Көксай шатқалынан салынатын «Көксай» этно-туристік демалыс орталығының да жобасы таныстырылды. Жан-жағы терең шатқалды, табиғаты әсем, ағаш пен өсімдіктер дүниесіне, аң-құсқа бай Көксай шатқалында демалатындардың қарасы қалың. Әсіресе, көктем мен жаз айларында мұнда «Алатау» шаруа қожалығы киіз үйлер орналастырып, демалушыларға жағдай жасайды. Дегенмен, демалушылар үшін сервисті дамыту маңызға ие. Осы ретте жалпы құны үш миллиард теңге болатын инвестициялық жоба аясында жеке азаматтардың қаржысы есебінен демалыс орталығы салынбақ. Көксай шатқалынан салынатын «Көксай» этно-туристік демалыс орталығында спорт кешені, автотұрақ, 80 орындық қонақүй, одан бөлек, 36 орындық шетелдік туристердің талабына толықтай жауап беретін заманауи қонақүй, бассейн, монша, тағы басқа нысандар салынбақшы. Тиісінше, қазақи киізүйлерге де орын қарастырылған. Сонымен қатар, шатқалдың ортасында арқанды жол да салынбақ. Жобаны таныстырушылардың айтуынша, дәл қазір бұл аумақтың жері заңдастырылуда екен.
Жобаны іске асырушы тараптар Көксай шатқалына апаратын 20 шақырымдық жолды жөндеу мен табиғи газ тартуға облыс билігінен көмек сұрады. Инвестициялық жоба толықтай жүзеге асырылғанда 100-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылмақ.
-Жалпы Жуалы жері өте перспективалық аймақ. Оның ішінде әйгілі Көксай шатқалына келіп демалам деушілердің қатары қалың. Әрі десе, бұл шатқал туристік кластерді дамытуға қолайлы. Ауасы жұпар, суы таза. Демалушыларға ештеңе кедергі келтірмейді. Біз бұл жобаны жүзеге асыру үшін арнайы жол картасын әзірлеуіміз қажет. Жобаны жүзеге асырылуы аудандағы туризмнің дамуына оң септігін тигізеді деген сенімдемін,- деді Алмас Өскенбайұлы.

Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close