Basty bet

“Артық білім – кітапта”

А.Байтұрсынұлы атындағы орта мектептің кітапханасындағы тағылымды шаралар туралы

Мектеп кітапханасының мақсаты – оқушыларға оқулықтар тарату ғана емес, оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру.
Қазір қай сала болсын жұмыс істеуге барлық мүмкіндік бар. Көп мәселе маманның өз жұмысына деген сүйіспеншілігі мен жауапкершілігіне, жұмысын ұйымдастыра білуіне байланысты. Әрбір кітапханашы жұмысын өз деңгейінде ұйымдастырып, оқушыларды кітап оқуға қызықтыра білсе жұмыс та нәтижелі болады.

Аудандық білім бөлімінің жауапты мамандары мектеп кітапханаларының ішінде А.Байтұрсынұлы атындағы орта мектептің кітапханасының жұмысы туралы жақсы пікірлер айтты. Аталған мектеп кітапханасының меңгерушісі Лилия Тұрсымбетова болса, ал кітапханшысы Бағила Оразова.
Кітапханада кітап қоры – 29 575 дана кітап. Оның 4048-і көркем әдебиеттер, 25 527 – оқулықтар.
Ал, оқырман саны 650, яғни оқырмандары мектеп мұғалімдері мен оқушылары. Сонымен бірге мектеп кітапханасына 16 мерзімді басылымдар келеді.
Мектеп 2020 жылдан бастап “Оқуға құштар мектеп” жобасы бойынша жұмыс істейді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысында: “…Беделді халықаралық зерттеулердің нәтижелері біздің оқушыларымызда оқу сауаттылығы дағдылары тиісті деңгейде дамымағанын көрсетеді. Сондықтан жоғары оқу мәдениетіне баулу, оқу сауаттылығын дамыту қазақстандық мектептердегі білім беру үрдісінің басым бағыттарының бірі болуы тиіс. Оқуға деген қызығушылық, кітап арқылы қоршаған әлемді тану балаларда мектеп қабырғасынан қалыптасуы керек. Кітапхана осы қызығушылықтың орталығы, кітаптардың қызықты әлеміне жетелейтін орын болуы керек”,- деді.
Сонымен қатар Президент отандық кітапханалар өздерінің ағартушылық рөлін жоғалтпай, заманауи талаптарға сай болуы тиістігін баса айтты.
“Оқуға құштар мектеп” жобасы осы мақсатта қолға алынған. Жобаның мақсаты – оқушылардың оқу мәдениетінің деңгейін және олардың оқу белсенділігінің өсуін арттыру, жас ұрпақ бойында азаматтық, рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру. Сонымен бірге оқушылар, педагогтар мен ата-аналар арасында оқуды танымал ету үшін жағдай жасау. Мектеп кітапханаларына қоғамның назарын аудару.
2020-2025 жылдарға арналған жобадан күтілетін басты нәтиже – отбасылық кітап оқу дәстүрін жаңғырту.
Мектепте жобаны іске асыру жол картасы аясында екінші қабаттағы фойеде оқу залы жабдықталған. Кітапханашылардың айтуынша, бұл бұрышты мектеп директоры Азамат Әбеев бастап, бүкіл ұжым қолдап, демеушілік жасап, жабдықтаған екен. Бұрышта орындық, үстелдер, кітап сөрелері қойылған.
Жобаны жүзеге асыру мақсатында түрлі сыныптан тыс іс-шаралар жоспарланып, бекітілген. Жоспарда барлық сынып, барлық пән бірлестіктері қамтылған.
-Кітапханамыздың тұрақты оқырмандары өте көп. Олардың ішінде әсіресе, 11 сынып оқушысы Аружан Дүрәлі, 10 сынып оқушысы Нұрсезім Аманбай, 9 сыныптан Гүлім Аманқұл, Ақтолқын, Ақторғын Өмірбай, 7 сыныптан егіз қыздар Арай, Нұрай Тілегеновалар, Салтанат Мейрамбайқызы, Ақниет Жолдасбек, бастауыш сыныптан 3 сынып оқушылары Ақбота Қыдырбай, Қуат Жадыра, Ілияс Нұрсезімді ерекше атап өтуге болады.
Ал, ұстаздардан ең белсенді оқырманымыз Байқадам Ағыбаев әріптесіміз. Сонымен бірге Зина Оразалиева, Құралай Сұлтанова сынды ұстаздарды атап өтуге болады.
Оқырмандардың көп сұрайтын тақырыптары – мотивациялық, махаббат туралы кітаптар, мақал-мәтелдер, ақын-жазушылардың өмір жолдары мен шығармалары туралы. Кітапханада жоқ еңбектерді сұраған жағдайда, оқырманды бос қайтармауға тырысамыз. Ондай жағдайда интернеттен қарап болса да тауып беруге тырысамыз.
Өткен жылы осы жоба аясында кітапханамызға көптеген кітаптар келді, маңызды іс-шаралар да көп болды.
Балалар жылына, Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына орай түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды.
Оқырмандар үлкен сынып оқушылары өздері оқыған кітаптары туралы эссе жазса, бастауыш сынып оқушылары сурет салып алып келеді. Біз міндетті түрде оқушылардан оқыған кітаптарының мазмұнын сұраймыз.
Сонымен бірге сабақ үстінде, сабақтан тыс түрлі шаралар ұйымдастырамыз. Жазғы, күзгі, қысқы, көктемгі демалыста да балалармен байланыста болып, онлайн шаралар ұйымдастырамыз.
Өткен жылы “Үздік оқырман отбасы” облыстық байқауына мектебімізден қатысқан Әзімбай отбасы жүлделі І орынды жеңіп алды.
“Оқуға құштар мектеп” жобасын іске асыру аясында өткізілген облыстық “Ең үздік кітапхана” шеруіне белсене қатысқанымыз үшін мектепке облыс әкімдігінің білім басқармасының арнайы сертификаты берілді.
Сонымен бірге жоба аясында Ы.Алтынсариннің 180 жылдығына орай “Кел, балалар, кітап оқимыз!” тақырыбындағы “Таза бұлақ” әңгімесіне дауыстап оқу сағатына белсене қатысқанымыз үшін кітапханамыз арнайы сертификатпен марапатталды.
Дүрәлі Аружан жоба аясындағы аудандық “Кітап оқитын мектеп” байқауында І орынды жеңіп алды.
Көркем әдебиетті оқуда шығарманың идеялық мәнін меңгеру және рухани мәдени құндылықтар жөнінде пікір алмасуға үйрету мақсатындағы жоба аясында өткен “RЕАDx” аудандық байқауында өзі оқыған шығармасы бойынша жарнама бейнематериалды жоғары деңгейде дайындағаны үшін Өмірбай Айша сынды оқушымыз ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Жалпы, аталған жоба аясында өткен аудандық, облыстық байқауларда қол жеткізген жетістіктеріміз көп.
Мектебімізде оқу жылы бойы “Бәрін тастаңыз, оқуды бастаңыз!” 20 минуттық оқу өтуде. Іс-шара үзіліс уақытында өтеді. “Коворкинг” орталығында балалар оқыған кітаптары туралы қысқаша мазмұнын айтып, ой-пікірлерімен бөліседі,- дейді кітапхана меңгерушісі Лилия Әбдімәлікқызы.
“Артық білім – кітапта” деп Абай атамыз аманаттағандай, рухани азықтың бастау бұлағы кітаптың адам өмірінде алар орны бөлек. Сондықтан кітап оқитын, оқуға құштар, оқу мәдениеті мен талғамы жоғары жастарымыз лайым көп болсын! Кітапханаларымыздың жұмысына сәттілік тілейміз!

 

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close