Basty bet
Коронавирус – қауіпті індет
Жуалы аудандық мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы санитариялық-гигиеналық бақылау және қадағалау, техникалық регламентіне бақылау бөлімінің бас маманы Гүлнұр Раеевамен сұхбат
– Коронавирус дегеніміз не?
– Коронавирустар – бұл көбінесе жануарларды зақымдайтын вирустардың тобы, бірақ кейбір жағдайларда адамға берілуі мүмкін. Әдетте коронавирус тудырған аурулар ауыр симптоматиканы тудырмай жеңіл түрде өтеді.
– COVID-19 клиникалық белгілері қандай?
– COVID-19-дың кең тараған клиникалық белгілеріне мыналар жатады: безгек, құрғақ жөтел, шаршағыштық.
Науқастарда кездесетін басқа да аса кең тарамаған белгілеріне мыналар жатады: иіс сезу немесе дәм сезудің жоғалуы; мұрынның бітелуі; конъюнктивит (немесе көздің қызаруы); тамақтың ауыруы; бас ауруы; бұлшықет пен буындардағы ауырсыну сезімі; терідегі әртүрлі бөртпелер; лоқсу немесе құсу; диарея; қалтырау немесе бас айналу.
COVID-19-дың ауыр ағымы мынадай симптомдармен көрінеді: ентігу; тәбеттің жоғалуы; сананың шатасуы; үздіксіз ауру сезімі немесе кеуде қуысындағы қысылу сезімі; дене қызуының жоғарылауы (38°C-тан жоғары).
Басқа да аса кең тарамаған симптомдарға мыналар жатады: ашушаңдық; сананың шатасуы; сана деңгейінің төмендеуі (кейде тырысулармен қатар жүреді); үрейлік; жабырқаңқы көңіл; ұйқының бұзылысы; инсульт, мидың қабынулық зақымдануы, делирий және жүйкенің зақымдануы сияқты ауыр және сирек кездесетін неврологиялық асқынулар.
Кез келген жастағы адамдар өздерінде безгек және/немесе жөтел белгілерімен қатар тыныс алудың қиындауы немесе кеуде қуысының қысылу сезімі, сөйлеу немесе қозғалыс бұзылыстарын байқаса, дереу медициналық көмекке жүгіну керек.
– COVID-19 ауырған адам не күтуі мүмкін?
– Ауру белгілері байқалған науқастардың көпшілігі (80% жуығы) ауруханаға жатқызу қажеттілігінсіз емделіп кетеді. Науқастардың 15% жуығында оттегімен емдеуді қажет ететін аурудың ауыр түрі, ал 5% қарқынды терапия бөлімшесі жағдайында емдеуді қажет ететін аса ауыр түрі дамиды.
Фатальды асқынулар, соның ішінде тыныс жетіспеушілігі, жедел респираторлық дистресс-синдром, сепсис және септикалық шок, тромбоэмболия және/немесе полиоргандық жетіспеушілік, яғни жүрек, бауыр немесе бүйрек зақымданулары болуы мүмкін.
Сирек жағдайда балаларда жұқтырғаннан кейін бірнеше аптадан соң ауыр қабынулық синдром дамуы мүмкін.
– COVID-19 ұзақ уақытқа созылатын салдары бар ма?
– COVID-19-бен ауырып өткен кейбір науқастарда ауруханаға жатқызу қажеттілігі болғанына немесе болмағанына қарамастан аурудың әртүрлі белгілері сақталады: өкпенің зақымдануы, жүрек бұлшықетінің зақымдануы немесе қабынуы, мысалы миокардит немесе перикардит, есте сақтау қабілеті немесе концентрацияға әсер ететін когнитивті бұзылыстар, қан тамырларына әсер ететін жағдайлар, мысалы қан ұю, инфаркт, инсульт немесе өкпе артериясының тромбоэмболиясы сияқты асқынулардан болатын ұзақ әсерлер, үрей, депрессия немесе жарақаттан кейінгі синдром, бұлшықеттегі немесе буындағы ауру сезімі, созылмалы шаршағыштық.
– Кімнің вирусты жұқтырғанын білмесек, өзімізді және басқаларды қалай қорғауымыз керек?
– Өзіңді қауіп-қатерден сақтау үшін қорғаныштың қарапайым шараларын қолданған жөн. Атап айтсақ, басқалардан арақашықтықты сақтау, бетперде тағу (әсіресе арақашықтықты сақтау мүмкін болмаған жағдайда), бөлмені желдету, адамдар көп жиналатын жерге бармау, айналадағы адамдармен жақын қатынастардан аулақ болу, үнемі қолдың гигиеналық өңдеуін жүргізу және жөтелген кезде шынтақтың бүгілген жерімен немесе майлықпен ауызды жабу керек.
– COVID-19 растау немесе керісінше жоққа шығару үшін қандай тест жасау қажет? Ол ақылы жүргізіле ме?
– Бұл вирусты инфекцияны анықтау үшін және індетті растау мақсатында полимеразды тізбекті реакцияға (ПТР) жүгінеді. Материал үлгісін мұрын немесе тамақтан алады. ПТР вирусты үлгіде оның генетикалық материалының көпреттік көбеюі нәтижесінде анықтауға мүмкіндік береді. ПТР жұқтыру көзімен қатынаста болған соң бірнеше күннен кейін белсенді жұқпаны растау үшін қолданылады.
SAPA әлеуметтік медициналық зертханада SARS-CoV-2 анықтауға арналған ПТР талдауы 8 200 теңге тұрады және бір-екі күннің ішінде дайын болады.
– COVID-19 ауырып өткеніңізді қандай сынама арқылы анықтауға болады?
– Антиденелерді анықтауға арналған сараптама індетпен бұрын ауырып өткенді, тіпті ешқандай белгілер болмаған жағдайда да анықтауға мүмкіндік береді. Сараптаманы жасау үшін қан үлгісі қажет болады. Онда вирусқа қарсы түзілген антиденелердің деңгейін анықтайды. Көптеген адамдарда антиденелер жұқтырғаннан кейін бірнеше күннен бірнеше аптаға дейінгі аралықта түзіле бастайды және олардың қанда болуы аурумен сырқаттанып өткенді білдіреді.
Антиденелерді анықтауға арналған сараптамалар ауруды жұқтырғаннан кейін бірден немесе аурудың ерте кезеңінде COVID-19 диагностикасы үшін тиімсіз. Бірақ аурумен бұрын ауырып өткенді анықтауға мүмкіндік береді.
SAPA әлеуметтік медициналық зертханасында иммуноглобулиндердің IgG және IgM кластарын анықтау үшін жүргізілетін талдау 4 300 теңге тұрады және 1-2 күнде дайын болады.
– Адамдарда антиденелердің болуы иммунитеттің бар екенін білдіре ме?
– SARS-CoV-2 вирусымен ауырып өткен кейбір науқастарда антиденелер түзіледі. Алайда, осы антиденелердің деңгейі әр түрлі болуы мүмкін. Мысалы, аурудың ауыр түрімен науқастанған адамдарда антиденелердің деңгейі жоғары болады, ал ауруы симптомсыз немесе жеңіл түрде өткен адамдарда антиденелер деңгейі төмен болады. Қазіргі уақытта қорғаныс үшін антиденелердің қандай деңгейі керек және ағзада антиденелер қаншалықты ұзақ уақыт сақталатыны әлі толық анық емес.
– SARS-COV-2 инфекциясымен ауырған адамдар вирусты қайта жұқтыруы мүмкін бе?
– Қазіргі таңда SARS-CoV-2 қайта жұқтыру жағдайлары туралы ақпараттар бар. Бәлкім, қайта жұқтыру жағдайлары туралы жаңа ақпараттар тіркелуі мүмкін және біріншілік пен екіншілік жұқтыру кезіндегі иммунды жауаптың рөлін түсіну үшін ғалымдар зерттеулерді жалғастырып жатыр.
– Ұжымдық иммунитет дегеніміз не?
– «Ұжымдық иммунитет» түсінігі екпеге қатысты қолданылады. Ұжымдық иммунитет вакцинациямен қамту мәнінің белгілі бір шегіне жеткен кезде халықты кез келген вирустан қорғанышпен қамтамасыз ете алуы мүмкін. Ұжымдық иммунитет адамдарды вирус әсеріне ұшыратпай, керісінше вирустан қорғаған кезде өз шегіне жетеді.
Вакциналар біздің иммунды жүйеге антиденелер өндіруді үйретеді, бірақ ең маңыздысы, вакциналар бізді сырқаттандырмай жұмыс істейді. Вакцина егілген адамдар жоғарыда айтылған аурудан қорғалған.
Халық арасында көбісі вакцинаны қабылдап жатыр, сәйкесінше адамдардың аз бөлігі ауруға осал келеді. Бұл патогеннің адамнан адамға жұғу мүмкіндігін азайтады. Осы арқылы біз басқа да қауіпті ауруларға байланысты вакцина қабылдай алмайтын адамдарды аурудан қорғай аламыз. Бұл «ұжымдық иммунитет» деп аталады.
– COVID-19 адамдар арасында қалай тарайды?
– Вирус инфицирленген науқастың мұрын немесе ауыз қуысынан жөтелу, түшкіру, сөйлеу, ән айту немесе терең дем алу кезінде майда сұйық бөлшектер түрінде тарауы мүмкін. Бұл сұйық бөлшектердің мөлшері әртүрлі болады, яғни ірі «респираторлық тамшылардан» кішкентай «аэрозольдерге» дейін болуы мүмкін. Басқа адамдар COVID-19-ды олардың аузына, мұрнына немесе көздеріне вирус түскенде жұқтыруы мүмкін. Мұндай жағдай инфицирленген адаммен тікелей немесе өте тығыз қатынаста болғанда (1 метрден аз қашықтықта) жүзеге асырылады.
Вирус төмендегі үш жағдайда жеңіл таралуы мүмкін: жақын маңда адамдар көп жүретін жерлер; тығыз қатынаста, әсіресе адамдар бір-бірімен өте жақын сөйлескенде; жабық, желдетілуі нашар бөлмелерде. Сонымен қатар вирус жұқтырған адамдар түшкіргенде, жөтелгенде және есік тұтқалары сияқты заттарды ұстаған кезде тарауы мүмкін.
Кейбір адамдар осындай ластанған заттарды ұстап, қолдарын жумай, өздерінің көздерін, мұрнын немесе аузын ұстау арқылы жұқтыруы мүмкін.
Қысқаша түйіп айтқанда, өзіңізді және денсаулығыңызды індеттен сақтаңыз!
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбатты жүргізген
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»