Basty bet

Дәрі-дәрмектер өзімізде өндіріледі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына арнаған Жолдауында пандемиямен күрестің алдағы уақытта жалғасатынын, бұл мақсатқа Ұлттық қордан 1 трлн теңге бөлінетінін айтты.
«Пандемиямен күрес әлі жалғасуда. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамы бойынша, пандемияны жеңу үшін кем дегенде екі жыл қажет. Алдағы айларда күш-жігерімізді барынша жұмылдыра жұмыс істейтін боламыз. Осыған дайын болуымыз керек»-деді Президент.
Сонымен қатар Президент алдағы үш жылда дәрігерлердің жалақысы экономикадағы орташа жалақыдан екі есе артық болатынын айтты. «Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелері шешілді, бірақ отандық фармацевтика саласын аяғынан тік тұрғызу керек. Барлық негізгі дәрі-дәрмектер мен медицина бұйымдары Қазақстанда өндірілуге тиіс. Бұл – ұлттық қауіпсіздік мәселесі» деді Қ.Тоқаев.
Жолдауда медициналық инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне де көңіл бөлінді. Осы ретте жыл соңына дейін еліміздің аймақтарында 13 жаңа жұқпалы аурулар ауруханасы салынып, 2025 жылға қарай денсаулық сақтау саласына арналған 20 заманауи көпсалалы нысан пайдалануға берілмек.
«Елбасының бастамасымен Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында 2 көпсалалы медициналық орталық салынады. Бұл орталықтар еліміздің бетке ұстар мекемелеріне айналып, инновациялық өсімге және қолданбалы медицинаның дамуына тың серпін беретін болады» деді Президент.

Нұрбай ЕРГЕБЕКОВ,
аудандық орталық аурухана
бас дәрігерінің м.а.

Таңдаулы материалдар

Close