Basty bet
Зорлық-зомбылыққа жол жоқ!
Аудандық орталық кітапхананың «Білім» орталығында «Жамбыл облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету» КММ-ның Жуалы ауданындағы кеңес беру кабинетінің ұйымдастыруымен «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» халықаралық акциясы аясында «Зорлық-зомбылыққа жол жоқ!» атты «дөңгелек үстел» өтті.
«Дөңгелек үстелге» аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің бас маманы Айсұлу Арынова, «Жастар ресурстық орталығының» инспектор-психологы Жадыра Жалғасбай, аудандық орталық аурухананың психологы Венера Сейтаева, аудандық полиция бөлімінің әйелдерге қарсы зорлық-зомбылық тобының аға инспекторы Асылбек Мандиров және медиаторлар қатысты.
Шараның мақсаты – отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, адам құқықтарының тапталуының, діни ағымдар зардабының, азаптаулардың алдын алу, кеңес беру, бірлесе жұмыс істеу.
Басқосуды аталған кеңес беру кабинетінің психологы Айгүл Дәрібаева ашып, жүргізді. Ол өз сөзінде бүгінгі шараның мақсатына тоқтала келе, ауданда кеңес беру кабинеті үстіміздегі жылдың ақпан айынан бастап ашылып, тұрғындарға қызмет көрсетіп жатқандығын тілге тиек етті. Сонымен қатар, кеңес беру кабинеті аудандық полиция бөлімімен бірлесіп жұмыс атқарып отырғандарын да жеткізді.
Жиында сөз кезегі аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің бас маманы Айсұлу Болатбекқызына берілді.
-«Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» халықаралық акциясы 1991 жылдан бастап, 25 қараша – Халықаралық әйелдер зорлық-зомбылығына қарсы күрес күні мен 10 желтоқсан – Халықаралық адам құқықтары күні жыл сайын бүкіл әлем бойынша атап өтіледі.
ҚР ІІМ бастамасымен ел аумағында 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында тәртіп сақшылары, жергілікті атқарушы органдар, білім, медицина, еңбек және әлеуметтік қорғау, қоғамдық ұйымдардың қатысуымен «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықсыз 16 күн» республикалық акциясы өткізілуде.
Акцияның негізгі мақсаты – әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты болдырмау, алдын алу, ана мен баланы қорғау, халықты қоғамдағы отбасының рөлін күшейтуге бағытталған шаралармен таныстыру болып табылады. Осыған орай, аудан аумағында аудан әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссия, жергілікті полиция қызметі бөлімінің әйелдерге қарсы зорлық-зомбылық тобының аға инспекторы және психологтармен бірлесіп кездесулер, семинар-тренингтер және түрлі форматта іс-шаралар ұйымдастырылады. Жалпы әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық көбіне ер азаматтардың жұмыссыздығы, спирттік ішімдікке салынуы, қызғаныштың туындауынан болады. Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық Қазақстан бойынша үлкен мәселе болып отыр. Сондықтан да әйелдеріміздің сана-сезімін оятып, құқықтық білімдерін жетілдіріп, психологиялық көмек беруі керек деп ойлаймын, – деді ол.
Сондай-ақ, «дөңгелек үстел» барысында ауданның билер кеңесінің төрағасы Сағындық Тоқбергенов, «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің Жуалы аудандық бөлімшесінің директоры Шора Ысқақов, психологтар сөз алып, өз ой-пікірлерін ортаға салды.
Шарада кеңес беру кабинетінің мамандары түрлі тақырыптағы бүктемелер таратты. Мәселен, онда «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбандарымен қалай сөйлесу керек?», «Озбыр адамдармен қалай сөйлесу керек?», «Үйдегі зорлық-зомбылық құрбандарына қалай дұрыс көмек көрсетуге болады?» тағы да басқа тақырыптар қамтылды. Жиында мамандар тарапынан тұрмыстық зорлық-зомбылықта қандай жұмыстар, іс-әрекеттер жасау керектігі туралы кеңінен айтылып, кеңестер берілді.
Аталған кеңес беру кабинетінің консультант-социологы Мадина Күлшікова қоғам өкілдерін бірлесе отырып жұмыс істеуге шақырып, шараны қорытындылады.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»