Basty bet
Азаматтар бастамалары – партия назарында
Nur Otan партиясы облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Үміт Ибраимова, облыстық мәслихаттың аудандық №17 сайлау округінен сайланған депутат Әлімбек Жұмабаев аудан орталығындағы «Nur-аi Plaza» бизнес орталығындағы «Бауыржан Момышұлы» бастауыш партия ұйымының бөлмесінде көшпелі қоғамдық қабылдау өткізді.
Көшпелі қоғамдық қабылдауға алғаш болып Бауыржан Момышұлы ауылының тұрғыны Айсұлу Садықова енді. Ол жоғары оқу орнын бітіріп, өз мамандығы бойынша балабақшаға жұмысқа орналасуға жәрдемдесуді өтініп келіпті. Қабылдауға қатысып отырған Nur Otan партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Анар Ахметова Айсұлудың бұған дейін аудандағы «Аягүл» балабақшасында бос орын бар дегенді естіп, оған орналасуға көмектесу үшін партияның облыстық филиалындағы қоғамдық қабылдау бөлмесіне хабарласқанын еске салды.
Қабылдауды жүргізіп отырған Үміт Ибраимова мен Әлімбек Жұмабаев Айсұлу Садықовадан мамандығының сұрап отырған жұмысына сәйкестігін сұрастыра келе, оның оқуды сырттай бітіргенін және мамандығының «бастауыш сынып мұғалімі» екенін, яғни балабақша тәрбиешісі мамандығына сәйкес келмейтінін анықтады. Дегенмен, қабылдауға арнайы шақырылған аудандағы «Аягүл» бөбекжай-балабақшасының меңгерушісінен мекемеде бос орынның бар-жоғын сұрады. Ол балабақша әдіскерінің уақытша бала күтіміндегі демалыста екенін, орнына уақытша жұмыскер қабылданғанын, мекемеде бос жұмыс орны жоқ екенін жеткізді.
Келесі болып қоғамдық қабылдауға кірген аудандық мәдениет үйінің қызметкері Нұржан Әліш келіншегінің бала күтіміндегі демалыста екенін айта келе, отбасының кірісін көбейту үшін қандай бизнес бастауға болатыны туралы ақыл-кеңес сұрады. Аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің бас маманы Шыңғыс Боранбаев пен аудандық кәсіпкер әйелдер кеңесінің төрайымы Әсима Шекеева өтінішті тыңдай келе, кәсіп бастаймын деген азаматтарға мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек-қолдаулар мен несиелендіру шарттарын түсіндіріп берді. Сол арада облыстық мәслихаттың депутаты, белгілі кәсіпкер Әлімбек Жұмабаев сөзге араласып, іс бастайтын азаматқа тәуекелділік, шыдамдылық, икемділік сынды қасиеттердің қажет екенін айтты.
Үшінші болып қоғамдық қабылдауға келген азаматша «Мектепке жол» акциясы аясында баласына көмек көрсетуді сұрады. Партия аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Анар Ахметова жеткіншектің оқуда озат әрі зерек екенін, Абайдың өлеңдерін жатқа оқитынын айтып, жаңа оқу жылында балаға мерекелік көңіл-күй сыйлау үшін мектепке қажетті заттармен қамтамасыз ету керек екенін айтты. Облыстық мәслихаттың депутаты Әлімбек Жұмабаев мұндай озат оқушыны қолдау қажет екенін айта келе, өз демеушілігімен озат оқушыға жаңа оқу жылына керек барлық киім-кешек, оқу құралдарымен қамтамасыз етті.
Қоғамдық қабылдауды Nur Otan партиясы облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Үміт Ибраимова қорытып, партия өзінің сайлауалды бағдарламасында азаматтардың арыз-шағымдарына сергек қарауды негізгі жұмыс бағыттарының бірі етіп алғанын, оған қоғам мен мемлекеттік органдардың көңілін аудара отырып, тиімді шешім қабылдауды әрі қарай да назарда ұстай беретіндігін жеткізді.
Абылайхан СӘМЕТҰЛЫ.
Суретті түсірген Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»