Әдетте қысы қатал, қарлы-боранды болып келетін Жуалы ауданында 2023 жыл қатты дауылды боранмен басталды. Олай дейтініміз, төтенше жағдайлар қызметі тұрғындарға алдын ала ескерткендей, қаңтардың үшінші жұлдызы күні басталған қатты желдің соңы дауылға, қарлы боранға ұласып, соның салдарына 03 және 04-ші қаңтар күндері өңірдегі бірқатар ауылдық округтерде электр жарығы өшіп қалды.
Электр желілерінде орын алған апаттар 03 қаңтар күні орын алған жылдамдығы секундына 23-35 метрді құрайтын қатты дауылдың салдарынан болғаны анық. Желілердегі апатты жою үшін аудандық электр желілерін тарату мекемесі тарапынан алты бірлік арнайы техника және құрамында 20-дан астам жұмысшысы бар алты бригада жедел іске кірісіп, елдімекендердегі тұрғындарды электр жарғына қосу жұмыстарын жүргізді. Әуе желілеріндегі орын алған бұзылыстарды қалпына келтіру жұмыстары қосымша ары қарай да жалғасатын болады.
Ал ендігі кезекте аудан аумағында орын алған қарлы боранға келсек, үшінші және төртінші қаңтар күндері жалпы Жамбыл облысының аумағында төтенше жағдай орын алды. Қатты дауылдың салдарынан ауданның аумағын кесіп өтетін «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізінің бойында қарлы боранның және қатты желдің салдарынан жүре алмай қалған көліктер мен жолаушылар нөпірінің өте көп болғаны анық. Ресми мәліметтерге қарағанда, боран болған күндері аудан аумағында тас жолда 37 бала қар құрсауынан құтқарылып, ауданның орталығы Бауыржан Момышұлы ауылындағы жылыту пунктіне жеткізілген. Жылыту пунктіне балалармен қоса басқа да ересек жолаушылар жеткізілді.
Жамбыл облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері көлік жүргізушілері мен жолаушыларға көмек беру мақсатында патрульдеу жүргізіп, Шақпақ асуы аймағында 110 адамды, оның ішінде, 37 баланы эвакуациялағанын хабарлады.
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Руслан Иманқұловтың айтуынша, эвакуацияланғандар Жуалы ауданының орталығындағы №29 орта мектепте орналасқан жылыту пунктіне жеткізіліп, оларға психологиялық көмектер көрсетілген. Жолаушылардың арасында зардап шеккендер жоқ.
Ал Жуалы ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің мәліметінше, 03 қаңтар күнгі 09 сағат 57 минутта «101» жүйесіне ауданға қарасты Шақпақата және Т.Дүйсебайұлы ауылдарының тұсында «Алматы-Ташкент» тас жолының бойында боран салдарынан бірнеше жүк автокөлігі және жеңіл автокөліктердің жолда тұрып қалғаны туралы шұғыл хабар келіп түседі. Құтқарушылар көп уақытты өткізбей оқиға орнына жедел жетіп, «Алматы-Ташкент» тас жолының бойында жеңіл және жүк автокөліктерімен бірге қар құрсауында қалған 55 жолаушыны, оның ішінде, 20 бала құтқарылып, аудан орталығындағы №29 ОМ-дағы жылыту пунктіне жеткізілген. Одан кейін де аудан аумағындағы үлкен жолда қар құрсауында қалған бірнеше жолаушы құтқарылып, жылыту пунктіне жеткізілді.
Үлкен тас жолдың ең қауіпті аумағының бірі әйгілі Күйік асуы екені белгілі. Үшінші қаңтар күні Күйік асуында жеңіл автокөліктің (ішінде 4 адамы бар) жолда қалып кеткені туралы «101» жүйесіне хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына Тараз каласы АСО бөлімінен ТРЭКОЛ-39294 автокөлігі екі адаммен барып, қар құрсауында қалған жолаушыларды құтқарып, тиісінше, аудан орталығындағы жылыту пунктіне жеткізілді. Оларға тиісті көмектер көрсетілген.
Иә, тынбай соққан қатты дауыл мен қарлы боранға байланысты мұндай құтқару жұмыстары төртінші қаңтар күні де жалғасты. Ауданның құтқарушылар тобы «Алматы-Ташкент» тас жолының бойында жеңіл және жүк автокөліктерімен бірге қар құрсауында қалған 16 жолаушыны, (оның ішінде, жеті бала бар) құтқарып, жылыту пунктіне жеткізгендерін айтады
Аудандық Төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлерінің хабарлауынша, аудан аумағында орын алған қарлы боран мен қолайсыз ауа райына байланысты құтқарылған адамдардың саны – 351 адамды құрап отыр. Оның ішінде, 80 бала, 24 жүк көлігі, 21 жеңіл автокөлік, екі «ГАЗель» жүк көлігі қар құрсауынан құтқарылды.
Қыс – қатал сыншы. Табиғаттың мұндай «тосынсыйларына» қаншалықты үйренгенімізбен, оның тигізер зардабын да ұмытпауымыз қажет. Иә, боран мен қатты дауылды күндері кейбір жолаушылар Төтенше жағдайлар қызметінің ескертулеріне құлақ аспастан жолға шығып кетіп жатыр. Бұл ең біріншіден олардың өмірлеріне үлкен қауіп-қатер төндіреді. Сондықтан сақтық шараларын барынша сақтап, аса қажет болмаса, алыс жолға шықпаған дұрыс! «Сақтансаң – сақтайды» деген қағиданы ұмытпаған абзал!
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»