Basty bet

«Бабаң берген ақ бата, басыңа қонсын бақ бата!»

«Ақ бата» батагөйлер байқауы дәстүрлі шараға айналып келеді

Ақсақалдық – абыройлы қасиет. Қазақ халқы қарияны қазынаға балап, көпті көрген аға ұрпақтың өкілдерін жол көрсетер ақылшысына, абзал да абыройлы, пейілі кең дариясына теңегені белгілі. Сондықтан ақсақалдар мен жасы үлкен атаны сыйлау, ақ жаулықты анаға құрмет көрсету – халықтық қасиетіміз. Қазақ қазақ болғалы бұл үрдіс, әлемде теңдесі жоқ мұндай ерекше дәстүрлер ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді. Ақсақалдық және абыздық сияқты абзал қасиеттер қазыналы қарттардың бойынан әлі де табылады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл көктемде Атырау облысында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында сөйлеген сөзінде, ақсақалдықтың қадір-қасиеті мен аға буынның қоғамдағы рөлі туралы жағымды пікір білдіргені белгілі. Президент: «Ең алдымен, халықтың береке-бірлігін сақтау елдігіміз үшін аса маңызды. Бұл туралы үнемі айтып жүргенімді білесіздер. Ынтымағы жарасқан, ортақ мақсатқа ұйысқан ұлт ешқашан ұтылмайды. ештеңеден құр қалмайды. Бұл істе зиялы қауым айрықша рөл атқарады. Әсіресе, елге сөзі өтетін аға буынның орны бөлек. Олар – қазақтың қаймағы, ұлттың мақтанышы. Елдің тұтастығы зиялы қауымның бірлігінен басталады. Яғни, алдымен ел ағаларының арасында ауызбіршілік болуы керек. Олар ұрпаққа өнеге болатын кесек әңгіме айтуы қажет» деп толғанысқа толы ойын ортаға салғаны бар.
Одан бөлек, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев былтыр Атырау облысына жұмыс сапарымен барғанда жалпы ақсақалдардың қоғамдағы рөлі туралы мынадай пікір білдіргенін де ерекше атап өткіміз келеді.
«Қазақ қай заманда да үлкенін сыйлаған, ақсақалдардың аталы сөзіне тоқтаған. Ал, аузы дуалы қарттарымыз әрдайым елдің ұйытқысы болған. «Қариясы бар елдің қазынасы бар» деген сөз содан қалған. Біз халқымыздың игі дәстүрлері мен қазіргі заманның талаптарын үйлестіре білгеніміз абзал. Осы орайда, мен Ақсақалдар кеңесінің жұмысын жандандыру керек деп санаймын. Шын мәнінде, ел ішінде жастарға ақыл-кеңесін айтып, дұрыс жол сілтейтін данагөй қарияларымыз аз емес. Ақсақалдарымыз өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, ел бірлігін сақтауға атсалысып, ортақ іске зор үлес қосары анық» дегені де ел жадында.
«Ардагерлер ұйымы» РҚБ-ның Жуалы аудандық филиалы ардагерлер қозғалысының жұмысын жүйелеп, бұл бағытта бірқатар жұмыстарды ұйымдастырып әрі үйлестіру арқылы өңір жұртшылығына пайдалы іс-шаралардың өтуіне мұрындық болуда. Оған әлбетте, аудан басшылығының тиісті көмек-қолдау көрсетіп отырғанын да атап өткен жөн.
Күні кеше Жуалы ауданында «Ақ бата» аталатын бата беруден ақсақалдар арасында байқау өтіп, оған ауданға қарасты 14 ауылдық округтің 13-інен батагөй қариялар қатысты.
Байқаудағы өткізудегі мақсат та біреу. Ол – ауыз әдебиетінің үлкен саласы, сөздің асылы, ақ тілектің атасы, бата беру дәстүрін жас ұрпаққа жеткізу және жалғастыру, тілі шешен, аузы дуалы көпті көрген данагөй қарттардың өнегелі өмірін қоғамға үлгі-өнеге ете отырып, ғибрат боларлық сөздерін жас ұрпақтың бойына сіңіру арқылы имандылыққа тәрбиелеу, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді үйрету.
Айта кету керек, «Ақ бата» байқауы – аудандық деңгейде өткізілген іс-шара болғанымен, оның ауқымы өте кең. Бұл байқаудың аудандық кезеңінен үздік шыққан үміткерлер алдағы маусым айында Тараз қаласында өтетін облыстық байқауға жолдама алып, ауданның намысын қорғайтын болады.
Жалпы байқауға ауданға қарасты 14 ауылдық округтен 14 үміткер қатысып, «Достық» мәдениет үйіне жиналған жұртшылыққа бата беріп, халықтық салт-дәстүрлерден сайысқа түсті.
Батагөй қариялардың арасындағы сайыс – «Бата – сөздің атасы», «Ақ бата – асыл мұра» және «Айтарым бар…» деп аталатын үш кезеңнен тұрды. Алдын ала жасақталған қазылар алқасы батагөйлер беретін батаның ой тереңдігі мен мазмұнына, сахна мәдениетімен қатар батаның берілу шарттарына да баса назар аударды.
Байқаудың шарттарына сәйкес, бірінші кезеңде қатысушы үміткерлерге ел ішінде кең таралған баталарды жатқа айту міндеттелді. Мысалы, байқауда бірінші болып өнер көрсеткен Мыңбұлақ ауылдық округінен сынға түскен Жалғасбай Бажиков Әз Төле бидің бала Жетеске берген батасын жатқа айтса, екінші үміткер Мақұлбек Қуанышбеков (Ақсай ауылдық округі) Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының батасын көпшілікке арнап берді. Ал көкбастаулық үміткер Ербол Помашев Қаз дауысты Қазыбек бидің жоңғар қонтайшысына елдестірмек мақсатта айтқан сөзін жатқа айтты. Ал одан аудан орталығынан байқауға қатысқан төртінші батагөй қария Мұратқали Рахметов ел ішінде сирек айтылатын Қаракерей Соқыр абыздың Жәнібекке берген батасын нәшіне келтіріп жатқа айтты. Кейінгі үміткерлер қазақтың дәстүрлі баталарымен қатар, тарихи тұлғалар – Төле би, Әйтеке би, Жамбыл ақынның, Кенен Әзірбаевтың және Шерхан Мұртазаның ел-жұртқа және жеке адамдарға арнап берген баталарын жатқа айтты.
Ал байқаудың екінші кезеңінде батагөйлер ел ішіндегі ұлттық салт-дәстүрлерге қатысты, атап айтқанда, нәрестеге бата, шілдехана батасы, бесікке салу, тұсаукесер, жас келінге бата, дастархан батасы, Наурыз батасы, ұзатылатын қызға, жас жұбайларға, шаңыраққа бата, сондай-ақ, елге, алыс сапарға аттанғалы отырған азаматқа (сапар батасы), қоныс батасын беріп, аузы дуалы ақсақалдардың бата беру дәстүрін қайта жаңғыртқандай болды.
«Ақ бата» аудандық батагөйлер байқауының үшінші кезеңінде қатысушылар билетте жасырылған сұрақтарға жауап берді. Айта кету керек, билетте халқымыздың ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлеріне байланысты сұрақтар жасырылған. Әрине, байқаудың кезеңдерінде барлық үміткер үздік өнер көрсетті деп айта алмаймыз. Атам заманнан келе жатқан халықтық салт-дәстүрлерден хабары мол, көпті көрген, жақсы қасиеттерді бойына жақсы сіңірген қарияларды көріп бір қуансақ, жалпы халық дәстүрін білсе де, оның мән-мағынасына бойлай бермейтін, ең өкініштісі, ата дәстүрді ұрпағының бойына сіңіре де алмайтын қатысушыларға сәл-пәл қынжылғанымызды да жасырмаймыз. Дегенмен, батагөйлер арасында өткен байқау ата дәстүрге шөлдеген, оның мән-мағынасына бойлай бермейтін жандарға көп ой салғаны рас. Себебі, ата дәстүрді білмеу, оны құрметтемеу – кейінгі жас ұрпаққа үлкен опық жегізеді. Сол себептен де ғасырлардың сынынан өтіп, ұмытылмай бүгінге жетіп отырған халықтық құндылықтарды құрметтеу – адамдық және азаматтық парызымыз.
Аудандық бата беру байқауында салт-дәстүрге жетік батагөй қариялардың өнерін сараптап, оларға тиісті бағасын беру қазылар алқасының мүшелеріне де оңай болды деп айта алмаймыз.
Сонымен, «Ақ бата» аудандық батагөйлер байқауының қорытындысында қазылар алқасының шешімімен байқаудың бірінші орны Шақпақ ауылдық округінің намысын қорғаған қадірлі әрі білімді қария Дәулетжан Байдалиевке берілді. Айта кету керек, Дәулетжан Жамалбекұлы жан-жақты, өнерлі азамат. Ардагер ұстаз, өңір тарихы және өлкетану ісінің білгірі. Қазылар алқасының шешімімен екінші орынның жүлдесі Б.Момышұлы ауылынан қатысқан үміткер Мұратқали Рахметовке және үшінші орын Мыңбұлақ ауылдық округінен сынға түсіп, үлгілі өнер көрсеткен батагөй қария Жалғасбай Бажиковке берілді.
Байқау жүлдегерлері мен қатысушыларын аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова, «Ардагерлер ұйымы» РҚБ-ның аудандық филиалының төрағасы Сейітхан Жұмашев, аудандық «Ақ бата» байқауының (2023 жылы) Бас жүлдегері, ауданның Құрметті азаматы, билер кеңесінің мүшесі, өңірге танымал имам Сейітқазы қажы Медетбеков және мәдениет саласының үздігі, өнер қайраткері Ришад Қуанышев салтанатты жағдайда марапаттап, батагөйлер байқауының өз деңгейінде ұйымдастырылғаны жөнінде оң пікір білдірумен бірге, жалпы ақсақалдар мен аға буынның қоғамдағы ойып алар орны туралы айтып, халықтық салт-дәстүрлер мен ұлттық құндылықтар жөнінде орамды ойларын ортаға салды.
Айта кету керек, аудандық «Ақ бата» байқауының бірінші орнын иеленген Дәулетжан Байдалиев алдағы айларда Тараз қаласында өтетін батагөйлер байқауының облыстық кезеңінде ауданның намысын қорғайтын болады.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»
Суреттерді түсірген
Рашид Кемелбек

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close