Basty bet
Бүгінгі бүлдіршін – ертеңгі еліміздің болашағы
Қазіргі таңда үздіксіз білім беру еліміздің ертеңі, өсіп келе жатқан жас ұрпақтың білімінің тереңдігімен өлшенеді. Білімді, жан-жақты қабілетті ұрпақ – ұлтымыздың баға жетпес қазынасы.
Білім беру балабақша табалдырығынан басталады десек, ешқашан қателеспейміз. Барлық білімнің бастауы – балабақшада. Мектепке дейінгі мекемелерде тәрбие мен білім саласында заманауи педагогикалық технологиялар қаншалықты маңызды болса, мектеп жасына дейінгі балаларды оқыту мен тәрбиелеуде де педагогикалық технологиялар ұғымы кеңінен қолданылатын ұғымның біріне айналды.
Ендеше мектепке дейінгі білім беру саласының басты міндеттерінің бірі – өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбие беру үрдісіне заманауи әдістерін енгізу. Әрине бұл үшін мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде балалардың жеке басының қалыптасуы мен дамуына педагогтардың заманауи инновациялық технологияларды қолдана білу сауаттылығына да байланысты.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы Жолдауларында балабақша мәселесін назаран тыс қалдырған емес. Ел Президенеті «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Келесі маңызды мәселе – білім беру жүйесі туралы. Бұл сала ұлт сапасын жақсарту ісінде аса маңызды рөл атқарады. Қазақта «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөз бар. Сондықтан мектепке дейінгі тәрбие жұмысы басты назарда болуы керек. Алайда, бізде екіден алты жасқа дейінгі балалардың жартысынан астамы ғана балабақшаға барады. Мұндай олқылыққа жол беруге болмайды. Балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті шешу қажет» деген еді.
Осы орайда, біз де Қарасаз ауылындағы “Қарасаз” бөбекжай-балабақшасының жай-күйімен танысып, балабақша меңгерушісі Меруерт Сембиевамен сұхбаттасқан едік.
140 балаға арналып соғылған балабақша 2006 жылдан бері жүйелі жұмыс атқарып келеді. Мұнда жалпы 46 жұмысшы бар, оның ішінде 23 педагог сапалы қызмет атқарады. Алты топ, бір асхана және бір акт залы бар. Сонымен қатар, балабақшаға балалардың қауіпсіздігі үшін 16 бейнебақылау камералары орнатылған. Балабақшаға ауылдық округке қарасты Жұрымбай, Қарасу және Көктас ауылдарынан бүлдіршіндер қатынайды.
– Жаңа заман баласы – ертеңгі еліміздің болашағы. Жаңа заман баласын қалыптастырып, дамыту үшін тұлғаның ішкі дүниесі мен оның қыр-сырын анықтап, мүмкіншіліктері мен қабілетінің дамуына жағдай жасау қажет. Біздің балабақшамызда балаларға үздіксіз білім беруде барлық жағдай қарастырылған. Балабақшада балалардың жеке басының қалыптасуы мен дамуына педагогтардың педагогикалық технологияларды қолдана білу сауаттылығы өте жоғары. Себебі, қазіргі заман балаларының берілген ақпаратты тез қабылдауынан, есте сақтау қабілеттері жоғары дамығандығын байқауға болады.
Ендігі кезекте балабақшаға күрделі жөндеу жұмыстары және ішкі су құбырын жөндеу жұмыстары жүргізіліп берілсе нұр үстіне нұр болар еді, – дейді балабақша меңгерушісі Меруерт Әкімжанқызы.
“Қарасаз” бөбекжай-балабақшасы әр мереке сайын ұдайы қызықты іс-шаралар өткізіп отырады.
Тілдер мерекесіне орай «Тілге құрмет – елге құрмет!» тақырыбында және 25 қазан – Республика күніне орай және қазан айында «Алтын күз» тақырыбында балабақшада ертеңгіліктер өткізілген. Одан бөлек, балабақша тәрбиешілерінің түрлі байқаулардан алған жетістіктері де аз емес.
Меңгеруші Меруерт Сембиеваның «Рухани жаңғыру» ақпараттық-сараптамалық орталығы «Қазақстан педагогтарының 2021-2022 оқу жылында жариялаған 100 үздік мақаласы» жарық көрді.
Ағымдағы жылы «Мектепке дейінгі үздік ұйым – 2022» атты аудандық байқаудан ІІІ дәрежелі диплом иегері атанса, Қарасаз ауылдық округінде «2022 жыл – Балалар жылы» мерекесіне орай ұйымдастырылған «Көк аспанда күн күлсін, бірге күлсін бүлдіршін!» атты мерекелік іс-шарада өнегелі өнер көрсетіп ерекшеленгені үшін “Қарасаз” бөбекжай-балабақшасы Алғысхатпен марапатталған.
Балабақша әдіскері Сәуле Тулибекова «Методикалық Олимп» атты аудандық байқауында ІІ дәрежелі және облыстық «Үздік әдіскер» онлайн олимпиадасының І дәрежелі дипломдармен марапатталған.
Балабақшаның музыка жетекшісі Гүлнара Емберді Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Балалық шағымның шуақты биі» атты байқаудан ІІ орынды иеленді.
Балабақша логопед маманы Нүргүл Байгашева аудандық «Алғысым шексіз сіздерге!» атты фестивалінің жеңімпазы атанған.
Тәрбиеші Гүлназия Кенбаева «Үдік сабақ» номинациясы бойынша республикалық байқаудан І дәрежелі дипломмен марапатталса, тәрбиеші Самби Омарова облыстық «Үздік интерактивті сабақ» атты байқауынан І орынды жеңіп алған. Сонымен қатар, басқа да тәрбиешілер бірқатар байқаулардың жеңімпазы атанып үлгерген.
Хош. Тәрбие мен білім – егіз ұғым дейтін болсақ, мектеп жасына дейінгі балаларды дамыту мәселесі мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігі болып отыр. Егемен еліміздің талабына сай мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру, қазіргі заманға сай білімді де тәрбиелі ұрпақ тәрбиелеу – білімді, жан-жақты тәрбиешілердің еншісінде. Заман өзгерген сайын әдіс-тәсілдер көбейіп, жаңарып, толығып жатыр.
Біз әңгімелеп отырған балабақша тәрбиешілері балалардың тілін дамытуды, қызықты үйрету үшін жаңа әдістер мен технологияларды өз тәжірибесінде қолданып, ылғи ізденіс үстінде жүреді. Ал, жаңа технологияны, әдіс-тәсілдерді тиімді қолдану үздіксіз тәрбие беру мен білім сапасын арттыра түсетіні айдан анық.
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»