Basty bet

ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК ТІЛІМІЗДІ ҚАДІРЛЕУДЕН БАСТАЛАДЫ

Тіл мәселесі қашан да өзекті. Толғауы тоқсан ана тіліміз – қазақ тілінің мәселесі еліміз тәуелсіздік алғанына 30 жылға жуық уақыт болса да әлі де көп.
Тіл деген ұғымның аясы өте кең. Көп ғасырлық тарихын, қайталанбас өнері мен мәдениетін, салт-дәстүрін көшіп-қонып жүріп-ақ сақтаған қазақ халқы үшін тілден киелі ештеңе жоқ.

Тіл адамдардың бір-бірімен түсінісу құралы ғана емес, тіл – халықтың жаны, ары мен абыройы. Ендеше, тілді сақтау – ар мен абыройды, ата-бабамыз ғасырлар бойы тірнектеп жүріп жинаған рухани мәдениетімізді сақтау деген сөз. Өкінішке орай, көпшілігіміз осы бір ақиқатты әлі де түсінбей келеміз. Tәуелсіздік алғанымызға 30 жылға жуықтаса да тіліміздің әлі күнге дейін шұбарлануы, маңызды мәселелер қозғалған маңызды жиындарда қазақ тілі «екінші тіл» болып қалуына ең бірінші өзіміз кінәліміз. Әлі күнге дейін түрлі республикалық деңгейдегі жиналыстар орыс тілінде өтеді. Жиналыстарда орысша баяндама жасайтындар өзге ұлт өкілдері емес, өзіміздің қандастар.
Ел арқа сүйеп отырған білдей басшылардың өзінің ана тілінде сөйлей алмауы қандай ұят?! Олардың қазақшасы амандасуға ғана жетеді. Әрі қарай қазақшасы түсініксіз, не айтып не қойғанын өзі де, өзге де түсінбейді. Қазақша сөздің омыртқасын үзіп, көзін шығарып, тілін шайнап жүр. Солардың кесірінен қоғамдық өміріміздің кейбір салаларында ана тіліміз әлі күнге дейін өгейлікті сезінуде. Ол салаларда іс қағаздары да орыс тілінде. Бұл жағдай – ұлттық намыстың жоқтығынан.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік алған алғашқы жылдан бастап тілімізге баса назар аударды. Ата Заңымызда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі» деп нақты белгіленді. Еліміз тәуелсіздігін алып, Конституциямыз бекітілгенде 70 жыл өгейлікті көрген ана тіліміздің тамырына қан жүгіртіп, енді жандандырамыз деп қуандық. Елбасы бір емес, бірнеше рет «Қазақ пен қазақ қазақша сөйлессін» деп шегеледі. Тіпті, бір сөзінде «сиыр да өз тілінде мөңірейді» деп қатты айтқан еді. Алайда тәуелсіздік алғандағы алғашқыдағы екпініміз бәсеңдеп, баяғы марғау қалпымызға қайта түскен сияқтымыз.
Үкімет те өзгерді, заман да өзгерді. Өзгермеген тек өзіміз.
«Ана тілің – арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте», – деп ақын Қадір Мырза Әли айтқандай, көп тіл білу – әрине дұрыс. Қабілетің жетсе, көп тіл үйренгеннен ешкім зиян шекпейді. Алайда ең бірінші өз ана тілімізді құрметтеуіміз керек. Өмірде байқайтынымыз, орыс тілін бірінші орынға қоятындар халқымыздың рухани байлығына басқа жұрттың көзімен қарап, басқалардың талғамымен бағалайды.
Олай деуге орыс тілді бір әріптесімнің пікірі себеп болып отыр. Ол осы мәселеге келгенде: «орысша оқыған біздер тік мінездіміз, ар жағымызда арам ойымыз болмайды. Ал, қазақша оқығандар арам болады, не ойлап, не айтқысы келіп тұратындарын түсінбейсің» деп соғып қалатын. Міне, орыс тілді адамның өз ұлтына деген көзқарасы… Мүмкін ол ойын дұрыс жеткізе алмай тұрған шығар. Бірақ аузынан шыққан мына сөз жүрегіңді сыздатады. Қай тілде ойласаң, сол тілде сөйлейсің. Қаны қазақ болғанымен, олар халқының жанын жете түсінбейді. Өкінішке орай біздің арамызда ондайлар аз емес.
Өзгелерді ұғыну өзіңді ұмыту емес екенін естен шығармауымыз керек.
Бүгінде тәуелсіздік алған жылдары туған немесе Елбасымыз, халқымыз болашағынан үлкен үміт күтетін, яғни тоталитарлық қоғамның қайшылықтарын бойына сіңіріп үлгермеген жастардың ішінде де орыс тілін жоғары қойып, балаларын балабақшадағы орыс топтарына, мектептердегі орыс сыныптарына беретіндер әлі де көп. Олар өзінің туған тілін сор санап, өзге тілді зор санап тұрғанына қымсынбайды, керісінше артықшылық санайды.
Тәрбие бесіктен басталады. «Алдымен бесігіңді түзе» дейді халық. Бала – болашақ. Ол бала ертең ұлттың нағыз жанашыр, арқа сүйер азаматы болуы үшін бесіктен белі шықпай жатып, өзге тілде емес, тәлім-тәрбие, біліммен өз тілінде ауыздануы тиіс.
Ұрпақ тәрбиесінің көрігі де, бесігі де – балабақша мен мектеп. Сондықтан балабақшаларда бала халқының дәстүр-салтымен танысып, әртүрлі ұлттық ойындар ойнау арқылы тіл ұстартса, сөз үйренсе, яғни, ұлттық құндылықтарымызға баса мән берілсе, құба-құп. Қысқасы, қазақ тілінің тағдыры балабақшалар мен мектепке тікелей байланысты екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан баласын орыс сыныптарына беретін ата-аналар осыны жақсы түсінетін кездері әбден жетті.
Қазақ тілі – ең бай, шұрайлы, құнарлы тілдің бірі.
Тіл – ұлт мәдениетінің діңгегі де, өзегі де. Мәдениет тілде көрінеді, тілде өмір сүреді.
Бірде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы ұлттық құндылықтарымызды жүзеге асыру мақсатында жуалылық, Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваториясының музыкатану мамандығының магистранты Ысқақов Жұлдыз Маратұлының «Сауытбектің сарқыты – Аяз ақын» атты кітабының тұсаукесері өтті. Тағылымды шараға Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, ақын-жыршы Аяз Бетбаевтың жары Гүлшара Сәуірбайқызы қонаққа келген еді.
Гүлшара Сәуірбайқызы сөз кезегі келгенде: «Сөз өнері – өнердің ең үлкені. Әр өнердің киесі болады. Бұл өнер кез келгеннің бойына беріле бермейтіні де сондықтан.
Қазақ халқы сөз қадірін білетін қасиетті халық. Біздің ана тіліміз – қазақ тілі бай тіл. Әрбір сөзді айтқанда сөздің мағынасын түсініп сөйлейік.
Кейде жасы үлкен әйелдер сөз арасында «отырық, жатырық» деп сөйлейді. Бұл не сөз?! Жалпы қазақта «тырық» деген жақсы сөз емес. Сондықтан айтатын сөзіңді бұзбай дұрыс сөйлемесең, сөзіңнің мағынасы да өзгеріп кетеді. Дұрыс сөйлеу де адамның ішкі мәдениетінен. Дұрыс сөйлеп үйренуіміз керек.
Ата дәстүрімізді, тілімізді құрметтейтін, дәріптеп, бағасына жете білетін жастарымыз көп болсын. Осындай жастардың қалыптасуына өз үлесімізді қоса берейік» деген еді.
Бірде теледидардан бір телеарнада ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Геннадий Шиповских журналиске қазақ тілінде сұхбат беруде. Депутат қазақша таза сөйлейді. Ойын еркін жеткізіп отыр. Іштей қатты риза болдым.
Жалпы, белгілі қоғам қайраткері, ғалым, тіл жанашыры Қазақстан халқы Ассамблеясының белсенді мүшесі Асылы Осман, тағы да басқа еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етіп жүрген қазақ тілін ана тіліндей көретін өзге ұлт өкілдері көп. Ол кісілерге алғысымыз шексіз. Қазақтың тілін білетін, салт-дәстүрін сыйлайтын, құрметтейтін азаматқа қазақтың төрі әрқашан дайын. Өз тілін жетік білмейтін шұбар тілді қандастарымыз осындай азаматтарымыздан ұялса нетті!
Облысымызға басшылыққа Бердібек Сапарбаев келгенде алғаш өткізген жиындарының бірінде орыс тілінде сөйлеп отырған өзге ұлт өкілінен қазақша сөйлеуді талап етті. Жалпы Бердібек Мәшбекұлы жүрген жерінде ұлттық мүддені, тілімізді жоғары қояды. Егер әрбір басшы осылай талап етсе және өзінен бастаса тіліміз осындай күйде болмас еді.
Ауданымызда облыстық «Тілдерді оқыту орталығының» аудандық бөлімшесі бар. Жақында орталықтың жұмысымен танысуға барған едік. Орталықтың жұмысы туралы меңгерушісі Айгүл Төребаева әңгімелеп берді.
-Орталықта үш тіл оқытылады. Ол: қазақ тілі, орыс тілі және ағылшын тілі. Өткен жылы қазақ тілін 107 тыңдаушы, орыс тілін 15, ағылшын тілін 65 тыңдаушы оқыған. Орталықта штат бойынша меңгеруші мен қазақ тілі маманы Сатар Қуаныш қызмет етеді. Одан бөлек ағылшын тілінен Айман Омарова, орыс тілінен Айгүл Оржігітова сынды штаттан тыс оқытушылар бар.
2019 жылы мемлекеттік тілді 107 тыңдаушы оқыса, оның 37-і мемлекеттік қызметшілер, 37 бюджеттік сала қызметкерлері, 17-і №16 Жуалы колледжінің студенттері, ал 16-ы жұмыссыздар.
107 тыңдаушының 71 – өзге ұлт өкілдері болса, 36-ы қазақтар, яғни С-1 тереңдетілген деңгейде тіл үйренгендер.
Оқыту төрт бөлімнен тұрады. Яғни, оқылым, айтылым, жазылым, тыңдалым. Тіл бес деңгей бойынша оқытылады.
Бірінші А-1 қарапайым деңгей, А-2 базалық деңгей, В-1 жалғастырушы деңгей, В-2 ортадан жоғары деңгей, С-1 жоғары тереңдетілген деңгей.
Орталықта бір аудитория бар. Аудитория компьютермен, стенд, сөздіктер, кітаптар жалпы қажетті оқу құралдарымен жабдықталған. Сабақтар осы аудиторияда және тыңдаушылардың сұранысына, ыңғайына қарай ауылдарда, мекемелерде өтеді. Мәселен, бір мекемеде бір топ құрайтындай адамдар өтініш білдірсе, оқытушы сол мекемеге немесе ауылға барып оқытады.
Биылғы жылға қазақ тілін оқыту бойынша екі топ, ағылшын тілін оқыту бойынша екі топ ашылған. Орыс тілін оқуға сұраныс жоқ. Қазақ тілін оқытуға байланысты тағы Шақпақ ауылдық округінен екі топ, №16 Жуалы колледжінен екі топ ашу жоспарланған.
Ал, ағылшын тілі топтары №1 мектеп-гимназия мен А.Байтұрсынов атындағы орта мектепте. Заман талабына сай ағылшын тілін үйренуге деген сұраныс көп. Мәселен, химия, биология, бастауыш сынып мұғалімдері сұраныс беріп отыр.
Жалпы біз мекемелер мен ауылдық округтерге «Қазақ, орыс, ағылшын тілдердерін үйренуге ниет білдірушілер бар ма?» деген сауалмен хат жолдаймыз. Хатқа келген жауап бойынша топтар ашылып, жоспар құрылып, жұмыс істелінеді.
Алайда «мемлекеттік тіл – қазақ тілін үйренсем» деген өз сұраныстары бойынша ұсыныстар ешкімнен түскен емес,- дейді орталық директоры Айгүл Төребаева.
Иә, арамызда өзге ұлт өкілдері емес, мемлекеттік қызметте, түрлі салада қызмет етіп жүрген қазақ тілін жақсы білмейтін қандастарымыз жетерлік. Алайда тіл үйрететін орталықтың барын біле тұра олардың қазақ тілін жете меңгеруге тырыспайтыны өкінішті.
Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған журналист Дархан Қыдырәлімен болған «Еліміз бұл қиындықтан шыңдалып шығады» атты сұхбатында ана тіліміз жайлы былай деген еді: «Жаңа сын-сынаққа төтеп беру үшін, ең алдымен, ұлттық құндылықтарды қорғай білген жөн. Ана тілімізді, салт-дәстүрімізді, ұлттық сана-сезімді, қоғамдағы татулық пен келісімді, береке-бірлікті сақтай алмасақ, келер ұрпақ бізді кешірмейді. Әсіресе мемлекеттік тілдің мәселесі өте маңызды. Тіл – ұлттың тұғыры, ұрпақтың ғұмыры. Қазақ тілі қазақты әлемге таныта алады. Халықтың тілі – халықтың төлқұжаты. Мұны әрдайым есте ұстау керек. Біле білсек, ұлттық қауіпсіздік тілімізді қадірлеуден басталады».
Мемлекет басшысының аузынан шыққан осы сөздер қазақ тілінің мәртебесін көкке көтеріп тастағандай болды. Әрбір қазақ, әрбір қазақстандық дәл осылай ойлағанда, оған іспен үлес қосқанда ғана тіліміздің тынысы кеңейіп, мәртебесі биіктей береді.
Ана тіліміз – көркем, әуезді тіл. Алла сыйлаған аманатты қадірлей білейік. Халқымыз үшін жоғары мансапты немесе джип мінген орыс тілді қандасымыз емес, арба сүйресе де ана тілін білетін, құрметтей білетін азамат қымбат. Себебі, тіл бар жерде ғана халық бар.

Таңдаулы материалдар

Close