Basty bet

Аға мұрағатшы Асхат

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Еліміздің Тәуелсіздік жылнамасы жазыла бастағанына небәрі 25 жыл болды. Бұл – тарих тұрғысынан қас-қағым сәт десек те, еліміз үшін ғасырға бергісіз кезең. Әрине, жасалған жұмыстардың маңызы мен ауқымына ешбір күмән жоқ. Дегенмен, осы қыруар істі атқарған, ел дамуына зор үлес қосқан азаматтардың өздері мен олардың табысқа жету тарихы әдетте құрғақ фактілер мен цифрлардың тасасында қалып қояды» дей келіп, «Біз «Жаныңда жүр жақсы адам» деген сөздің байыбына бара бермейміз. Шын мәнінде, Тәуелсіздік дәуірінде өзінің еңбегімен, білімімен, өнерімен озып шыққан қаншама замандастарымыз бар. Олардың жүріп өткен жолдары – кез келген статистикадан артық көрсеткіш» екенін баса айтады.

Елбасы атап өткендей, тәуелсіздіктің алғашқы қиын жылдары қызметке келіп, содан бергі уақыт аралығында ел дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан азаматтар біздің ауданда да баршылық. Солардың қатарында ауданда 1993 жылы құрылған архив мекемесінде жұмыс істеп келе жатқан еңбекқор азамат, аға мұрағатшы Асхат Әмірәлиев те бар.
Асхат Үшкемпірұлын өз ісін жетік меңгерген, бір сөзбен айтқанда, «архив ісінің жілігін шағып, майын ішкен» білікті маман деуге әбден болады. Біреу білсе, біреу білмес. Біздің ауданда мемлекеттік архив сонау тәуелсіздіктің алғашқы елең-алаңында, дәлірек айтсақ, 1993 жылы құрылған болатын. Асхат ағаның да еңбек жолының елеулі әрі жемісті бөлігі бүгінде «Жуалы ауданының мемлекеттік архиві» аталатын мекемеде жалғасып келеді. Ол аталған мекеме құрылған күннен бастап, архивтің қалыптасу, орнығу және даму кезеңдерін басынан өткеріп келе жатқан байырғы қызметкер.
Асхат Әмірәлиев 1967 жылы қызметкердің отбасында туған. Көз көргендердің айтуынша, Асхаттың әкесі марқұм Үшкемпір Әмірәліұлы ауданға еңбегі сіңген адал азамат болған екен. Небәрі алты жасында әкеден айрылған ол өмірде қиыншылықты көп көрген.
Ү.Әмірәлиев сонау жылдары «Вторчермет» мекемесінің Жуалы ауданы бойынша инспекторы, Бурный ауылдық советі төрағасының орынбасары, ауылдық советтің хатшысы, аудандық төлқұжат беру үстелінің бастығы қызметтерін абыроймен атқарған. Бір өкініштісі, 62 жасында өмірден озыпты. Ал жұбайы Ағымжан апайдың жасы қазір 77-де. Ұрпағының тілеуін тілеп отырған жайы бар.
Асхат Үшкемпірұлы аудан орталығындағы бұрынғы Орджоникидзе атындағы орта мектепті (қазіргі №1 мектеп-гимназия) 1984 жылы орта үлгеріммен бітірген соң бірден аудандық ағаш отырғызу мекемесіне жұмысқа орналасады. Бұл кәсіпорын кезінде аудан бойынша тал-дарақтар отырғызып, оны күтіп-баптаумен, көбейтумен айналысатын. Мұнда бір жылдай жұмыс істеген жас маман Асхат Отан алдындағы азаматтық борышын Ресейдің Хабаров өлкесіне қарасты Вяземск қаласында өтеп келіп, аталған мекемедегі жұмысын қайта жалғастырды. Оның бұл мекемедегі жұмысы 1993 жылға дейін жалғасты.
1991 жылы Қазақстан төл Тәуелсіздігін алып, әлемге егемендігін жариялағаны белгілі. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары кейбір мекемелер тоқырауға шыдас бермей жабылып жатты. Бұл жылдар Асхат ағаның да жадында жақсы жатталып қалды.
Бәрі де күні кешегідей есінде. 1993 жылдың мамыр айында сол тұстағы ауданның ең алғашқы әкімі Еркінбек Солтыбаевтың пәрменімен Жуалыда архив мекемесі ашылды. Үшкемпір Әмірәлиев аталған мекеменің меңгерушісі болып тағайындалып, Асхат бірінші бұйрықпен осында жұмысқа қабылданады. Мекеме алғаш ашылғанда облыстық архив және құжаттама басқармасына бағынысты болды. Осы тұста жаңадан құрылған мекеменің жұмысын ұйымдастырып, жолға қою оңай болған жоқ. Ең бірінші қолға алынған шаруа облыстық мұрағаттан ауданға қатысты 2500-дей құжаттар бірлігі актіленіп, осында әкелінді. Мұрағатқа қазіргі №1 Балалар өнер мектебінің жанындағы қосалқы үй-жай берілді. Мекеме қызметкерлері оны жөндеп, жұмысқа ыңғайлы етіп алды. Мәселе осымен біткен жоқ. Бөлмелерге жылу жетпей, қызметкерлердің суықта дірдектеп отырып жұмыс істеген күндері де болды.
-Мекеме алғаш құрылғанда шаруашылық есепте болып, көп қиындықтарды бастан өткізуге тура келді. Онда қазынада ақша жоқ. Көптеген мекемелер «шықпа жаным, шықпалап» жұмыс істеп жатқан кез болатын. Бізбен келісімшартқа тұрған мекемелер мен ұйымдар қызмет ақысын қолма-қол ақшамен емес, астықпен есеп айырысатын.
Менің архив ісіндегі алғашқы тәлімгерім де, ұстазым да әкем болды. Әкем Үшкемпір Әмірәлиевтың қай істе де тәжірибесі мол, өмірден көрген-түйгені мол еді. Мекеме жұмысын жолға қойып, 1996 жылы зейнеткерлікке шыққан соң екі жылдан кейін-ақ қайтыс болды. Әке тәрбиесі, әке өнегесі маған өмір бойы азық болып келеді,- дейді Асхат Үшкемпірұлы.
«Бәріне уақыт төреші» деген сөздің растығына архив ісінің майталманы Асхат ағаның да көзі анық жетті. Уақыт өте келе жағдай да біртіндеп түзеліп, мекеменің жұмысы жолға қойыла бастады. 2000 жылдардың басында мұрағат шаруашылық есептен жергілікті бюджетке толықтай өтті. Сақтау бірлігі де артып, мекеме жаңа құжаттармен толыға түсті. Мекемеге 1993-1996 жылдары Ү.Әмірәлиев, 1996-2000 жылдары Галина Коваленок басшылық жасаса, ал 2000 жылдан бері аудандық мемлекеттік архивін Ажар Ақбалаева басқарып келеді.
Бүгінде Асхат Үшкемпірұлы І санатты аға мұрағатшы болып еңбек етеді. Оның негізгі міндеті – мекемелер мен ұйымдардан мерзімі таянған құжаттарды қабылдап алу. Қазақстан Республикасының «Ұлттық мұрағат қоры туралы» Заңының мұрағат ісін ұйымдастыру нұсқаулықтарының талаптарына сәйкес мекемелер мен ұйымдар өздерінде жинақталған құжаттарды бес жыл өз қорларында сақтайды. Осы мерзім аяқталғаннан кейін 75 жылға сақталатын және тұрақты сақталатын құжаттар түріне қарай мұрағат қорына тапсырылуы тиіс.
Одан бөлек, кейінгі жылдары аудандық архив ауданнан шыққан танымал тұлғалардың, Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлердің, «Жуалы ауданының Құрметті азаматы» атағын иеленген азаматтардың, Чернобыль апатын жоюға, сондай-ақ Ауған соғысына қатысқан ардагерлерінің жеке тектік құжаттарын жинақтауда. Қазіргі таңда мұнда 25 азаматтың құжаттары (198 сақтау бірлігі) сақтаулы. Жалпы архив қорында 21 042 сақтау бірлігі бар. Оның ішінде тұрақты, жеке құрам, жеке тектік құжаттары бар. Бір қуантарлығы, алғашқыда қиын кезеңдерді бастан өткерген архив ісі қазіргі таңда заманға сай сипат алуда. Атап айтқанда, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында «Е-архив» базасы арқылы «Құжаттардың электронды бірыңғай архиві» жүйесіне жедел қосылуда.
-Архив – бұл тарих. Көптеген құнды құжаттар осында сақталады. Сондықтан архив ісін дамытып, келер ұрпақтың қажетіне жарарлық құнды құжаттарды сақтап, қалдыру үшін аудан мекемелері өздерінде жинақталған құжаттарды дер кезінде біздің мекемеге өткізуі тиіс. Өкінішке орай, көптеген мекемелер мұның байыбына бара бермейді. «Тапқан – қуанады, таныған – алады» демекші, аудандық архивтің қызметіне жүгінетін тұрғындардың қатары қалың. Оларға көбінде іздегендерін тауып береміз. Қуанып, алғыстарын жаудырып кетіп жатады,- дейді аға мұрағатшы.
Архив ісін дамытуда ерен еңбегімен еленіп, ұжымдастарына қарапайым, еңбекқор мінезімен танылған азамат, аға мұрағатшы Асхат Әмірәлиевтың ҚР Мәдениет министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінен, Жамбыл облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшылығынан, сондай-ақ, аудан әкімі және аудандық мәслихаттан алған Құрмет грамоталары, Алғысхаттары бар. Мемлекеттік наградадан Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл толуына орай берілген мерекелік медалі аталған салада 27 жыл еңбек өтілі бар білікті маманның еңбегіне берілген лайықты марапат.
Асхат Үшкемпірұлы отбасында жары Гүлжамал Данаева екеуі Аида, Әсем, Айдос, Жандос есімді ұл-қыздарды қатарынан кем қылмай өсіріп, үлкендерін жоғары оқу орындарында оқытып жатыр. Үлкен қызы Аида Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің филология факультетінде, ал Әсем ТарМУ-де шетел филологиясы бойынша жоғары білім алу үстінде. Ал ұлдары №1 мектеп-гимназияның үздік оқушылары.
Өз ісін жан-тәнімен сүйетін, еңбексүйгіштігімен көпке үлгі болып жанымызда жүрген Асхат Үшкемпірұлы міне, осындай азамат.

Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Таңдаулы материалдар

Close