Basty bet

Ел болып еңсеретінімізге сенемін!

Құрметті отандастар! Аса құрметті жуалылық жерлестер! Өкінішке орай, әлем елдерін шарпыған жұқпалы ауру – коронавирус індеті Қазақстанды айналып өткен жоқ. Біз аты жаман ауруды ауызбіршілікпен, өзіміздің бойымыздағы сенімділікпен күресуге күшіміз жететініне мен сенемін. Ауру таралған бірінші күннен бастап Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, сонымен бірге, ел Үкіметі, өңірлер мен аудан, ауылдардың әкімдері жұртшылықты жұмыла күресуге шақырып, аты жаман ауруға қарсы күреске шықты.

Бұл күрестің басында әрине, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері, дәрігерлер, Қарулы Күштердің жауапты мамандары, Ұлттық гвардияның сарбаздары бірге жұмылып, бір сапта аянбай қызмет етіп келеді. Бұл іске кәсіпкерлер мен волонтерлер де білек сыбана кірісіп отыр. Бірлігі мықты елді ешқандай жау да, дау да ала алмайды. Осы ретте жұртшылықпен бірге аты жаман індетті жеңетінімізге көзіміз жетеді.
Егер де тарих беттерін парақтайтын болсақ, Қазақстан Республикасы алғаш тәуелсіздікке қол жеткізген жылдары қаншама қиыншылықтар басымыздан өтті. Сонда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қалың жұртшылықты бір мүддеге жұмылып жұмыс жасауға, сол арқылы ғана ел ішіндегі береке-бірлікті арттыруға болатынын айтып, халықты бірлікке шақырды. Біз Елбасымен бірге кездескен қиыншылықтардың бәрін жеңіп, күрделі кезеңдерді ел болып еңсере білдік. Қазіргі таңда бүкіл әлем Қазақ елін біледі. Осынау орасан зор істердің ең төрінде біздің бірлігі бекем қалың жұртшылығымыздың ауызбіршілігі тұрғаны анық.
Елімізде тіркелген бұл жұқпалы ауруды жұрт болып бірлесіп күрескенде ғана жеңе алатынымыз анық. Коронавируспен күресте күн демей, түн демей тер төгіп, еңбегін туған еліне арнап жүрген азаматтарға көмек-қолдау көрсетейік. Бір болайық, Президентіміздің ұстанып отырған саясатын қолдайық. Өзіміз де сол сапта болайық дегім келеді.
Құрметті жерлестер! Әрине, мені тәрбиелеп, өсірген алтын бесікке, туған жеріме көзқарасым өзгеше. Оны Сіздер жақсы білесіздер. Қасиетті Жуалы жерін былайғы жұртшылық әруақты ел, іргесі берік өлке ретінде жақсы біледі. «Біз батырлар мен ақындар туған өлкеденбіз» дегенді аса мақтанышпен айтамыз. Даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы, намыстың найзағайы болған Шерхан Мұртаза, тағы да басқа даңқты, рухы биік азаматтарды тудырған қасиетті Жуалының перзенті екенімді мен де әрдайым мақтан тұтамын. Сол себепті де, елде қалыптасып отырған күрделі кезеңде, ел бірлігі мен халықтың сабыр-төзімі таразыға түскен сын сағаттарда жуалылық жерлестерімді сарыуайымға салынбауға шақырамын.
Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, халықтың алаңдауына, абыржуына ешқандай негіз жоқ. Жұқпалы дертпен күресуге елімізде барлық мүмкіндіктер бар. Күрделі кезеңде жұмысынан уақытша қол үзіп қалған азаматтарға да мемлекет жағдай жасайды. Мұндай жағдайда ешкім де назардан тыс қалмайды. Осыған сеніңіздер. «Ел бірлігі – ең асыл қасиет» деген сөз бар. Бәріміз бір болғанда ғана осы жұқпалы ауруды жеңіп шығатынымызға кәміл сенемін. Сіздер де осындай сенім күшін берік ұстаныңыздар. Бірлігіміз бекем болсын. Сіздерге амандық, берекелі тірлік тілеймін!

Бақытжан ЕРТАЕВ,
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты.
Генерал-лейтенант,
Халық Қаһарманы.

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close