Basty bet
Енжарлық пен сылбырлықты уақыт талабы көтермейді
Жамбыл облысы әкімінің үстіміздегі жылғы 13 наурыздағы №70 ө өкімімен бекітілген жұмыс алгоритміне сәйкес аудан орталығындағы №19 Дінмұхамед Қонаев атындағы мектеп-гимназияда аудан басшысы Нарбай Ергебеков ауданымыздағы білім мекемелерінің басшылары мен тәрбие мәселесіне қатысты мамандарымен жиын өткізді. Оған аудандық полиция бөлімінің басшысы Мақсат Ережепов қатысты.
Аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы Мәжит Айжанов білім саласының бүгінгі тыныс-тіршілігі жайлы жан-жақты дайындалған баяндама жасады.
-2019-2020 оқу жылында ауданда бөлімге қарасты жалпы 76 білім беру, мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру және мектептен тыс білім беру ұйым қызмет етуде. Оның ішінде жалпы орта білім беретін мектептер саны-39 (27-сі -орта, 2-уі мектеп-гимназия, 1-уі – №15 мектеп-лицей, 3-еуі негізгі, 6-уы бастауыш), 26 мемлекеттік балабақша, 1 шағын орталық, 4 мектептен тыс мекеме ( №1, №2, №4 Балалар өнер мектептері, аула клубы), және 1 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті және 5 жеке меншік балабақша,- деді Мәжит Мамытұлы. – Кадр мәселесіне келсек, ауданда 2019-2020 оқу жылы жалпы орта білім беретін мектептерде 1719 мұғалім жұмыс істейді, оның 95% жоғары білімді (2018 ж. – 94%), 5% арнайы орта кәсіптік (6%) бұл 2018 жылмен салыстырғанда мұғалімдердің сапалық құрамының жақсарғанын көрсетеді
2018-2019 оқу жылында сәуір айының 17,22 күндері аралығында жүргізілген оқушылардың жетістігін сырттай бағалау (ОЖСБ) қорытындысы бойынша, аудан көлемінде №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназия, №29 орта мектеп, №10 Күреңбел орта мектебі, №5 М.Ломоносов, №4 Қ.Сағындықов атындағы жалпы 5 орта білім беру ұйымдарының 4-9-11-сыныптары қатысты.
Жалпы 5 мектеп бойынша көрсеткіші:
4-сыныптардан 340 оқушы қатысып,орташа балы 17,8 жинақтап межеге 2 балл көрсеткішпен жетпеді.
9-сынып бойынша 267 оқушы қатысып, орташа балы-42,8 жинақтап межеден 1,8 балл артық орындады.
11-сынып бойынша 54 оқушы қатысып, орташа балы-67,5 жинақтап межеден 0,5 балл артық орындады.
Жалпы 0-3 балл аралығында 19 оқушы алды.
ОЖСБ-да Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназия, №29 орта мектеп, Күреңбел орта мектебі, М.Ломоносов, Қ.Сағындықов атындағы мектептерден алынған көрсеткіштер облыстық көрсеткішпен салыстырғанда өте төмен.
2018-2019 оқу жылында авторлық бағдарлама бойынша облыстық білім басқармасының зияткерлік меншік бойынша талабының барлық кезеңінен өтіп, зияткерлік құқық бойынша аудан шеңберінде таратуға рұқсат алған 7 мектеп қана. Атап айтар болсақ, №25 Ақтөбе тірек мектебі, №30 Көктөбе орта мектебі, №4 Қ.Сағындықов атындағы орта мектеп, №13 А.Байтұрсынов атындағы орта мектеп, №6 А.Пушкин атындағы орта мектеп, №23 Алатау орта мектебі, №5М.Ломоносов атындағы орта мектептер, ал қалған 32 мектепте бұл жұмыстар жүргізілмеді. Жүргізілмеген себебі бұл авторлық бағдарлама мектеп директорларының назарынан тыс қалған. Дегенмен, білім беру ұйымдарындағы директордың ғылыми-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасарлары пәндерді оқытудағы озық іс-тәжірибелерді зерделеу және тарату, оқушыларға сапалы білім берудегі проблемалар жөнінде педагогикалық зерттеулер ұйымдастыру және оқу үрдісіне енгізу жұмыстары бойынша жүйелі жұмыстарды жүргізбеген.
Жалпы білім беретін пәндерден мектеп оқушылары арасындағы республикалық олимпиада өткізілді. Олимпиада екі кезеңде өткізілді. Аудандағы білім мекемелерінен 301 оқушы қатысты. Облыстық кезеңге жолдама алған 11 мектептің 24 оқушысы қатысты.
Олар: №19 Д.Қонаев МГ, №12 М.Әуезов, №15 МЛ, №1 МГ, №5 М.Ломоносов ОМ, №2 Мыңбұлақ ОМ, №21 Д.Пахомов ОМ, №22 Б.Момышұлы ОМ, №4 Қ.Сағындықов ОМ, №13 А.Байтұрсынов ОМ, №6 А.Пушкин атындағы орта мектептер.
Аталған мектептерден 24 оқушының 8-і ғана облыстық олимпиаданың жүлделі 3 орындарына ие болды.
Бүгінгі күнге ҰБТ тапсырған 750 бітірушінің 505-і (67%) мемлекеттік грант иегері атанды, оның ішінде 33-і «Алтын белгі» төсбелгісін, 34-і «Үздік аттестат» иеленген бітірушілер. «Алтын белгі» төсбелгісін иеленген 5 бітіруші (№1 мектеп-гимназия, №2 Мыңбұлақ, №5 М.Ломоносов, №13 А.Байтұрсынов,№27 Диқан) 2 «Үздік аттестат» иеленген бітіруші (№4 Қ.Сағындықов, №5 М.Ломоносов) мемлекеттік грант иегерлері тізіміне енген жоқ.
Жуалы ауданы әкімдігінің білім бөліміне қарасты білім мекемелеріндегі кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу – білім қызметкерлерінің алдында тұрған маңызды міндеттерінің бірі. Өйткені, кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу – балаға қоғамда қалыптасқан және оның рухани жан дүниесі, дене бітімі, имандылық, психикалық, мәдени, зияткерлік жағынан дамуына және әлеуметтік ортаның теріс ықпалынан қорғауға бағытталған мінез-құлық ережелері мен нормаларын дарыту жөніндегі ата-анасының немесе басқа да заңды өкілдерінің, сондай-ақ мемлекеттік органдар қызметкерлерінің тарапынан оған әсер ететін үздіксіз процесс.
Соңғы кездерде жасөспірімдер арасында және оларға қатысты жасалған зорлық-зомбылықтың артуын ескере отырып, 2019 жылдың 10 айлық статистикалық көрсетікішіне орай кәмелетке толмағандардың арасында Жамбыл облысында 13 зорлау, 11 өзіне-өзі қол жұмсау фактісі орын алған. Білім бөлімінде жауапты педагогтардың қатысуымен ағымдағы жылы 2 рет кеңес, 2 мобильдік топтың отырысы өткізілді. («Жасөсіпірімдер арасында зорлық-зомбылықтың алдын алу», «Кәмелет жасқа толмағандар арасында құқық бұзушылықтың, суицидтің алдын алу»).
Кеңестерде «тәуекел топтағы» балаларды анықтау, ерте жүктілік, жыныстық тиіспеушілік, құқық бұзушылықтың, зорлық-зомбылықтың, суицидтің алын алу, балалар қауіпсіздігі, балалар мен ата-аналарды ақпараттандыру мәселелері қаралды.
Тәрбиенің басым бағыттары туралы әдістемелік нұсқаулық әзірленіп, таратылды.
Білім беру ұйымдарында прокуратура, полиция бөлімдері мен білім саласы қызметкерлерінің 5 мобильді тобы мен мектептің мобильді топтары тұрақты жұмыс атқаруда. Сонымен қатар, кәмелет жасқа толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында «Қауіпсіз Жуалы» бағдарламасын жүзеге асырудың 2018-2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары және 30.07.2019 жылы өткен аудан прокурорының жанындағы шұғыл мәжілістің хаттамасы негізінде ауданда қалыптасқан қылмыстық ахуал және оны алдын алу жөнінде бірлескен жұмыс тобы құрылды,- дей келіп баяндамашы білім бөлімінің тарапынан барлық құқық бұзушылықтың алдын алуда профилакатикалық іс-шараларды өткізіп жатқанымен, білім мекемелеріндегі оқу процесі кезінде топтық төбелестердің, әлеуметтік желілерде тұлғааралық қақтығыстардың жиілеп кетуі де алаңдатып отырғандығына тоқталды. Орын алған жағдайларға жеке-жеке тоқталды, атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті.
Сөз тізгінін аудан әкімі Нарбай Әбілқасымұлы алды.
– Аудан бюджетінің 70 пайызы білім саласына жұмсалады. Себебі, бала – біздің болашағымыз. Сондықтан оларға барынша жағдай жасауымыз керек. Алайда, сол бөлінген қаржыға жұмыс сапалы орындалмайды. Мәселен, орнатылған бейнебақылау камералары, тағы да басқа мектепте бұйымдардың сапасы сын көтермейді. Неге? Неге сол мекеменің басшысы жұмыс атқарылып жатқанда немесе қабылдап алғанда мердігерден жұмыстың сапасын талап етпейді? Қыруар қаржы бөлінеді, атқарылды аты ғана, бірақ сапасы жоқ. Біраз жылдан соң оған қайта қаржы бөліп, қайта жасау керек. Жауапкершілік қайда, тәртіп қайда?
Неге біз Үкіметтен бөлінген әрбір қаржыны үнемді, тиімді жұмсамаймыз?
Абай атамыздың «Адамның адамдығы жақсы ұстаздан» деген сөзі бар. Ұстаздың жауапкершілік жүгі ауыр.
«Тәртіпке бас иген құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деп Баукең айтқандай, барлық істе тәртіп керек. Кешегі Таразда №6 мектепте болған оқыс оқиға да тәртіптің төмендігін көрсетіп отыр. Тиісті мамандардың жұмыс орнында уақтылы болмауы, өз ісіне жауапсыздықпен қарауының салдары.
Ауданда қанша жұмысшы топ құрылып, жұмыс істеп жатыр. Бірақ мектеп оқушылары арасында бәрібір құқықбұзушылықтар орын алуда. Демек, жұмыс өз деңгейінде емес.
Қазір халықтың ой-пиғылы өзгерген. Сіз бен біз сол өзгерген заманға төтеп беруіміз керек. Бірінші өзіміз рухани жағынан санамызды өзгертуіміз керек. Қазір енжарлықты, сылбырлықты уақыт талабы көтермейді.
Жаңашылдыққа бет бұруымыз керек.
Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы бойынша біздің аудан алдыңғы қатарлардың бірінде. Алайда, ол – білім сапасы жоғары деген сөз емес. Себебі, бес мектепте бастауыш сынып оқушылары белгілеген межеге жете алмайды. Олимпиадаға қатысатын мектепте оқушыларының саны небәрі 24 қана. Бәрін балаға жаба беруге болмайды. Себебі, бала жас талшыбық сияқты. Қайда майыстырсаңыз, сонда майысады. Баланың білімі төмен болып жатса, оған мұғалім кінәлі.
Үкімет жастарға барынша жағдай жасап отыр. Біз сол мүмкіндікті үйлестіре білейік.
Мектеп асханалары мен балабақшаларда да балалардың ас мәзірі көңіл көншітпейді. Мердігерден талап етейік. Бала үшін бәріміз жауаптымыз,- дей келіп өңір басшысы Нарбай Әбілқасымұлы ұстаздар қауымын ел дамуына кедергі келтіріп отырған індет–сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шабуға үлес қосуға, құқықтық сауаттылыққа шақырды. Арқалар жүгі ауыр мамандық иелеріне алғыс білдіріп, жұмыстарына табыс тілеп, жиынды қорытындылады.
Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»