Basty bet

Тұрғындар көптен күткен қуаныш

Қарасаз ауылының көше жолдарына орта жөндеу жұмыстары жүргізілуде

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауында ел Үкіметінің алдына 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөнінде маңызды міндеттің қойылғаны белгілі. Бұл бағыттағы жұмыстардың атқарылуын біздің өңірдің өмірінен де көруге болады.

Аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, бүгінгі таңда аудандағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 561,2 шақырымды құрайды. Оның 58,1 шақырымы республикалық маңызы бар автомобиль жолы. Ал облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығы – 132 шақырымды құраса, оның бүгінгі таңдағы қанағаттанарлық жағдайы 93 пайызды құрап отыр. Ал аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 108,12 шақырым.
Бұл жолдардың да қанағаттанарлық жағдайы облыстық мәндегі жолдың сапасымен шамалас деп айтуымызға болады. Ал ауылішілік автомобиль жолдарының ұзындығы – 263 шақырымды құраса, оның қанағаттанарлық жағдайы 68 пайызға жеткен.
Өңір тұрғындары санының жыл санап артып және ауылдық елдімекен аумақтары шекарасының кеңейіп келе жатқанын ескерсек, ондағы көшелерді, оның ішінде, жаңа тұрғын үй алаптарын тиісті инженерлік желілермен, инфрақұрылыммен, атап айтқанда, ауызсу жүйесімен және электр желілерімен жабдықтау, көше жолдарын жаңадан салу, көшелерге жарық тарту сияқты мәселелердің маңызды бола түсетіні анық. Сол себептен де мемлекет те ауылдарға инженерлік-инфрақұрылым жүйелерін тартуға барынша көңіл бөліп, оған тиісті көмек-қолдаулардың барлығын мейлінше жасап отыр. Ел деңгейінде атқарылып отырған мұндай маңызды жұмыстардың табысты жүзеге асырылуы тұрғындарға қолайлы жағдайлар жасаумен қатар, ауылдар арасындағы жол және сауда, басқа да қатынастарды жеделдетуге мүмкіндік береді.
Ал аудан орталығына жақын орналасқан Қарасаз ауылы тұрғындарының көп жылдан бергі өтініш-тілектеріне сәйкес, ауылдық округтің әкімі аппаратының биыл атқаратын жоспарлы жұмыстарының ішінде көше жолдарын жөндеу мәселесіне де баса көңіл бөлініп отыр. Атап айтқанда, биыл ауылдық округтің орталығы – Қарасаз ауылында төрт көше (бұрылыстарымен бірге) орта жөндеуден өтеді.
Мемлекеттік сатып алу жұмыстарының қорытындысына сәйкес, ауылдағы Абай, Ы.Алтынсарин және Бірлік көшесінің 1-ші және 3-ші бұрылыстарын жөндеу жұмыстарын тараздық «ЖамбылДорМостСтрой-Сервис» ЖШС өз міндетіне алып, мердігер мекеме мамыр айының басында ұзындығы 700 метрді құрайтын Абай көшесін жөндеу жұмыстарын бастап кетті.
-Жөндеу жұмыстарын негізінен өз уақтысында және жобалық-сметалық құжатта белгіленген техникалық талаптарға сәйкес атқаруға күш салудамыз. Біздің серіктестіктің бұл салада 10 жылдан астам тәжірибесі де бар. Көше жолының ескі асфальті сүріліп болғаннан кейін, оған негіз ретінде қалыңдығы 15-20 сантиметрді құрайтын құмшағал (ПГС) төселіп, жол таптауға арналған ауыр техникамен тапталды. Таптау кезінде жолға көп көлемде су шашылады. Бұл – жол салудағы негізгі талаптың бірі.
Біз бүгінге дейін өз міндетімізге алған көше жолдарының ескі асфальт жабындарын сүріп, негізін жасау жұмыстарын толығымен аяқтадық. Ендігі кезекте Абай көшесінің жолына асфальт жабындысын төсеу жұмыстарын бастап кеттік. Көше жолының ені бес метрді құраса, асфальт жабынының қалыңдығы 6-8 сантиметрді құрайды,- дейді жол салуға жауапты серіктестіктің учаске басшысы Александр Попов.
Көшені орта жөндеуден өткізу жұмыстары барлық техникалық талаптарға сәйкес жүргізілуде. Олай болуы заңды. Бір жағынан жұмыстың сапалы атқарылуына аталған көшенің тұрғындары да мүдделі. Олар орта жөндеу жұмыстарын күнделікті өз бақылауына алып, жұмыс барысында мердігер тарапынан кеткен бірқатар кемшіліктерді де жауаптыларға атап көрсетіп, олқылыққа жол бермеуде.
Мердігер мекеме өкілінің айтуынша, жол жабынына қажетті асфальт «ЖамбылДорМостСтрой-Сервис» ЖШС-ның Тараз қаласында орналасқан асфальт зауытында дайындалып, осында жеткізілуде екен. Қай өндірісте немесе құрылыста, жол жөндеуде болсын жұмысты сапалы жүргізуге арнайы техниканың маңызды рөл атқаратыны айтпаса да түсінікті. Айта кетерлігі, серіктестікте жол жөндеуге қажетті техниканың барлығы бар. Қазір жұмыс барысында асфальт төсеуге арналған арнайы техника, одан бөлек, салмағы 8 және 16 тоннаны құрайтын таптағыш техника (грунтовой каток), экскаватор, автогрейдер және автогудронатор, су, жанар-жағармай және битум тасымалдайтын қуатты техникалар пайдаланылуда.
Иә, көше жолдарын орта жөндеуден өткізу жұмыстарын ауыл тұрғындары көп жылдан бері сарыла күткені анық. Себебі, Қарасаз ауылындағы көше жолдарының дені Кеңестік кезеңде жөнделіп, одан кейін ешбір жөндеу көрмеген. Мысалыға айтатын болсақ, ауылдағы Абай көшесінің жөндеу көрмегеніне 35-40 жыл уақыт болған. Мұны ауылдың және аталған көшенің байырғы тұрғыны Есімхан Сеңгірбаев та растады.
-Бұл ауылға бұрынғы «Красный пахар» колхозынан көшіп келгенімізге де жарты ғасырдан асып барады. Біздің көшенің жолы шамамен 35 жыл бұрын совхоздың қаражаты есебінен салынған болатын. Ештеңе мәңгілік емес қой. Одан бергі уақытта көшенің асфальт жабыны әбден тозып, әр жерден шұңқырлар пайда болып, жүруге жарамсыз болып қалды. Көшені жөндеу туралы өтінішімізді ауыл әкімшілігіне және аудан басшылығына жеткізгенімізге де біраз жыл болды. Міне, биыл тұрғындардың көптен бергі тілегі орындалды. Бұл – біздің көптен күткен қуанышыз болатын. Көшеміз жөнделіп, оған жаңа асфальт жабыны төселуде. Оған өте қуаныштымыз. Аудан және ауыл басшылығына тұрғындар атынан алғысымды жеткізгім келеді. Жалпы жол салуға жауапты мердігер мекеменің жұмысына көңіліміз толады,- дейді көшенің тұрғыны Е.Сеңгірбаев.
Ауыл тұрғындарының өмір сүруіне қажетті жағдайларды жасау – ел Үкіметінің алдында тұрғын маңызды әрі жауапты міндеттердің бірі екені анық. Осы ретте 2019 жылы Қарасаз ауылына жаңа ауызсу құбыры тартылып, жыл аяғында пайдалануға берілгені жергілікті тұрғындар үшін үлкен қуанышты оқиға болған еді. Ал бұл ауылда тұрғындарға қажетті газ құбырының тартылып, көгілдір от алауының тұтанғанына да 15 жылдан асып барады. Көшелерді жарықтандыру жұмыстары да кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Ал 30 шақты ауладан тұратын Абай көшесіне бұрнағы жылы жарықтандыру жүргізілген.
-Ауылдағы көше жолдарын кезең-кезеңімен орта жөндеуден өткізуді жоспарлап отырмыз. Биыл ауылда көптен бері жөндеу көрмеген Абай, Ыбырай Алтынсарин және Жамбыл көшелері және Бірлік көшесінің бірінші және үшінші бұрылыстары орта жөндеуден өтеді. Жалпы Қарасаз ауылында барлығы жеті көше бар. Оның ішінде, таулы аймақтағы шалғай ауылдарды аудан орталығымен жалғап жатқан Бірлік көшесі облыстық мәндегі жолға жатады. Көше жолдарының қанағаттанарлық үлесі жыл санап артып келеді. Жалпы биыл көшелерді орта жөндеуден өткізу жұмыстарына ел қазынасынан 143 миллион теңгеден астам қаражат қарастырылып отыр,- дейді ауылдық округтің әкімі Жанар Нұрмұратқызы.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close