Basty bet

Жолаушылардың қарлы жолда қысылмауы үшін

Аудандағы елді мекендерді көріктендіру, көгеріштендіру, аудан орталығындағы саябақтарды, кіші гүлзарларды тазалау, жол жиегіндегі гүлдер мен сәндік тал-дарақтарды күтіп-баптау, облыстық және аудандық мәндегі автомобиль жолдарын және ауыл ішіндегі көше жолдарын күтіп ұстау, қыс мезгілінде қардан аршу-тазалау секілді сан салалы міндеттер Жуалы ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне қарасты «Жасыл Жуалы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына жүктелген.

Мекеме аудандағы 76,58 шақырым облыстық мәндегі, 108,12 шақырым аудандық мәндегі және 43,9 шақырым ауылішілік автомобиль жолдарын қыс мезгілінде күтіп-баптау қызметін көрсетуде. Кәсіпорын директоры Бақытжан Сүлейменқұлдың айтуынша, мекеме өзіне жүктелген міндеттерді тиісті деңгейде атқаруы үшін мамандандырылған техникалар паркі жыл өткен сайын жаңарып, жаңа бірліктермен толығып отыр.
Мәселен, облыстық мәндегі автомобиль жолдарын күтіп ұстайтын техникалар саны жетеу, соның ішінде бір дана «Урал СШР» шнекті роторы, күрегімен үш дана «МТЗ-892» тракторы, бір дана «КамАЗ» жүк автокөлігі, бір дана «XGMA-X6955N» маркілі жүк тиегіші, бір дана «УАЗ» автокөлігі болса, аудандық мәндегі және ауылішілік жолдарға қызмет көрсетуге дайындалған техникалар саны 10 дана, соның ішінде, бір дана «Урал СШР» шнекті роторы, күрегімен үш дана «МТЗ-82», бір дана «МТЗ-892» маркілі тракторлар, бір дана автогрейдер, күрегімен бір дана «ЗИЛ МДК» маркілі автомашина, бір дана «WZ30-25» жүк тиегіш-экскаваторы, бір дана «КамАЗ» жүк автокөлігі, бір дана «XGMA-X6955N» маркілі жүк тиегіші, бір дана «УАЗ» автокөлігі, «Рум РМТ» әмбебап құм себетін тіркемесі әрқашан әзірлік сапында.
Бауыржан Момышұлы-Қызтоған бағытындағы облыстық мәндегі автомобиль жолдарын қысқы күтіп-баптау жұмыстарын бас мердігер «Жол де Lux» ЖШС мен кәсіпорынның арасындағы шартқа байланысты «Жасыл Жуалы» ЖШС атқаруда.
Қыс мезгілінде қарлы бұрқасын жиі соғып, жолдарды жауып тастайтын таулы өңірдегі жағдай толық бақылауда. Жұмыскерлер жолды тазалаумен бірге қарлы боранда жолда қалған жолаушылардың көлігін күресіннен шығарып, жолға салып отырады. Мәселен, қыстың алғашқы айының басында толассыз жауған қар мен ұйытқыған боранның кезінде қар тазалаушылар Боралдай ауылдық округіндегі Шахан асуында жолдан шығып кетіп, күресінге тығылып қалған 5 жеңіл автокөлікті қар құрсауынан шығарып алған.
Бүгінгі күнге аудандық және ауылішілік автомобиль жолдарын қысқы күтіп-баптау, яғни тайғаққа қарсы тұз аралас құм себу жұмыстарына қажетті 30 тонна техникалық тұз бен 270 тонна құм, сонымен бірге 20 тонна жанар-жағар май дайындалған.
Кәсіпорын штатында бүгінде 49 жұмыскер жұмыс істейді, соның ішінде бес инженерлік-техникалық қызметкер, бес көлік жүргізушісі, екі шебер, бір дәнекерлеуші, бір үнемдеуші, он механизатор, алты әртүрлі жұмысшы, саябақтарды күтіп ұстайтын 14 адам бар. Қызметкерлердің барлығы тәжірибелі, өз ісінің шеберлері, міндеттерін адал атқарып, кәсіпорынның жоспарлы міндеттерінің ойдағыдай орындалуына үлес қосып жүрген азаматтар.
– Кеше-бүгін де қардың мөлшерден көп түсуі байқалуда. Қардың қалың түсуіне байланысты жол тазалаушылардың да жұмыс жүктемесі артып, аумақтарды қардан тазарту тәулік бойына ұйымдастырылуда. Техникалар уақытпен санаспай тоқтаусыз жұмыс істеуде. Олар таңғы сағат 4-тен бастап бес бағытта қозғалып, аудан орталығы мен іргелес ауылдардың көшелерін қардан бір тазартып шығады. Одан кейін қардың түсуіне қарай қайта-қайта тазалап отырады, – дейді кәсіпорын басшысы.

Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close