Basty bet

Ауырмаудың жолын іздейік…

індеттің алдын алу үшін адамдарға жеке басының жауапкершілігі керек-ақ

Жаман айтпай, жақсы жоқ. Аты жаман індеттің ауыздықталатын түрі көрінбейді. Жұртшылықтың өзі күнделікті хабардар болып отырғандай, коронавирустық инфекцияның таралуы әсіресе, алпауыт державаларды қыспаққа алып, әуреге салу үстінде. Күні кеше ғана ақпарат құралдарынан Қытай Халық Республикасы пандемияның төртінші толқынына дайындалып жатқанынан хабардар болдық.

Саулық – сақтықта. Сақтық шараларын жасау арқылы біз індеттен аулақ боламыз. Қарап отырсаңыз, сақтық шараларын жасау аса бір қиындық тудыратын шаруа емес. Көпшілік жиналған орындарға бармау, қоғамдық орындарға барғанда үнемі бетперде тағып жүру, саламатты өмір салтын ұстану арқылы ғана біз бұл індетті жеңе аламыз. Әлбетте, бұдан бөлек, адамдардың бір-біріне деген мейірімі мен қайырымы індет салдарларын жеңілдетуге өз септігін тигізетіні анық.
Елімізде індет алғаш тараған тұста оның алдын алу мен тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізуде медициналық мекемелер көп жұмыс жасады. Пандемия тұсында белсенді жұмыс жасаған аудандағы медицина мекемелерінің ішінде Қарасаз ауылдық дәрігерлік амбулаториясының қазметкерлері де бар.
Қарасаз ауылдық дәрігерлік амбулаториясының жаңа ғимараты 2017 салынып, тұрғындар игілігіне пайдалануға берілген болатын. 25 келушіге арналған дәрігерлік амбулаторияда барлығы 13 қызметкер жұмыс істейді. Оның екеуі дәрігер, қалғандары орта буынды медицина қызметкерлері. Айта кету керек, амбулаторияға Шыңбұлақ, Қосмұрат, Майбұлақ, Көктас, Қарасу, Жұрымбай ауылдық медициналық пункттері қарайды. Амбулаторияға тіркелген тұрғындардың саны – 3343 адамды құрап отыр.
Ендігі кезекте дәрігерлік амбулаторияның пандемияға байланысты төтенше жағдай кезіндегі жұмыстарына тоқталсақ. «Ауру айтып келмейді» демекші, коронавирустық инфекция өз кезегінде Қарасаз ауылдық округінің тұрғындарын да айналып өткен жоқ. Амбулаторияның аға дәрігері Дастан Нарбаевтың айтуынша, індеттің «алғашқы толқынында» жалпы аталған округте 32 адам қауіпті індетті жұқтырып, ем қабылдаған екен.
-Коронавирустық инфекция таралған алғашқы кезеңде біздің округте аты жаман аурудың белгілері бар 32 науқас тіркелді. Науқастың клиникалық белгілері бойынша оның ішінде 11 адам аудандық провизорлық стационарда емделсе, төртеуі облыстық арнайы емдеу орындарына жіберілді. Науқастардың барлығы уақтылы ем-дом қабылдаудың нәтижесінде індеттен жазылып шықты. Өзіміз де індет кезеңінде тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп отырдық. Айта кетсем, пандемияның алғашқы толқынында дәрігерлік амбулаторияда бірді-екілі ғана қызметкер жұмыста отырды. Медбикелердің 50 пайызы қашықтан жұмыс істеуге ауыстырылды. Олар өз кезегінде үй-үйді аралап, тұрғындарға індеттің алдын алу, одан сақтану шараларын түсіндіріп, саламатты өмір салтын ұстануды тұрақты түсіндіріп отырды. Осының нәтижесінен де болар, індет жұқтырғандардың саны көп бола қойған жоқ. Жалпылама айтқанда, біздің округте коронавирустық инфекцияның таралуы аса күрделі жағдай туындатқан жоқ.
Өзім жетекшілік етіп, медбикелер дәрігерлік амбулаторияға келген тұрғындарды тексеріп, дене қызуы барларын сүзгіден өткізіп отырдық. Әсіресе, індет жұқтырғандармен байланыс жасаған азаматтар жіті бақылауда болды. Сонымен қоса, аурудың алдын алу үшін біздің емханаға жеткілікті мөлшерде дәрі-дәрмек бөлінді. Ауырмаудың жолын қарастырудың нәтижесінде біздің округте қауіпті инфекцияның таралуының алдын алдық деп айтуға болады. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, қазір жағдай бірқалыпты.
Жаман айтпай, жақсы жоқ. Егер індет таралған жағдайда жасайтын іс-әрекетімізді бүгіннен бастап пысықтап жатырмыз. Оған қызметкерлердің біліктілігі мен білімі жетеді,- дейді аға дәрігер.
Дені сау ұлттың болашағы да зор болады. Қазір ел ішінде халық денсаулығын жақсартуға арналған емдеу мекемелері көптеп салынуда. Осыдан үш жыл бұрын заманауи жаңа ғимаратқа көшірілген дәрігерлік амбулаторияда жедел жәрдем көлігі, ЭКГ қондырғысы, биохимиялық талдау, қан және несеп талдауларын жасайтын лаборатория жұмыс істеп тұр. Одан бөлек, физемдеу бөлмесі бар. Мекеме қызметкерлері мұндағы интернет жүйесінің де жоғары жылдамдықпен жұмыс істейтінін жеткізді. Бұл ретте «Транстелеком» жүйесімен «DAMUMED» және «Сақ бол!» бағдарламасымен жұмыс істеуге де мүмкіндік мол. Айта кету керек, амбулатория қызметкерлері тұрғындардың «Сақ бол!» бағдарламасын ұялы телефондарына енгізіп жатқанын айтады.
Медициналық мекемедегі жұмыстардың жүйелі жүргізіліп жатқанын да баса айтқан жөн. Жанар Бейнеуова, Рыскүл Әдікәрімова, Светлана Сейтімбет, Венера Ертаева, Әсел Айгелдиева, Кенжегүл Атамқұл, сонымен қоса, ауылдық медициналық пункттерде жұмыс жасап, денсаулық күзетінде жүрген Нұрхан Аярбек, Алена Резниченко, Абай Ізтұрған, Гүлжан Қаржаубаева, Ләззат Нышанова, Гүлнұр Сейітбекованың еңбектерін атап кетуді жөн көрдік.
Қарасаз ауылдық дәрігерлік амбулаториясының аға дәрігері Д.Нарбаев тұрғындарды санитарлық және карантин талаптарды сақтауға шақыратынын жеткізді.
-Коронавирустық инфекцияның әлі күнге емі табылған жоқ. Бірақ, бір нәрсе ақиқат. Ол – сақтық шараларын сақтағанда ғана аурудан алыс болатынымыз. Қазір «Сақтансаң – сақтайды» деген сөздің байыбына бармайтындар көбейді. Карантин талаптарына бағынбастан ел ішінде той тойлап, жеке өз басының ғана емес, халықтың өмірін қатерге тігіп жатқандар да кездеседі. Әрине, өкінішке орай. Ауырып ем іздегенше, қарапайым ғана сақтық шараларын жасаған әлдеқайда тиімді емес пе?! Осыны мықтап есте сақтау қажет. Сондай-ақ, тұрғындар әлі күнге міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың шарттарын жақсы білмейді. Бұл бір жағынан тұрғындардың өз денсаулығына әлі де болса немқұрайды қарайтынын білдірсе керек. Осы жағы да ескерілсе деймін. Мұндай санаттағы адамдардың саны біздің округте 544 адамды құрайды,- дейді ол.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген жақсы сөз бар. Аға дәрігер Дастан Нарбаевтың еңбек жолы туралы да аз-кем айта кетсек артық болмас. Дастан Түркістан облысының Төлеби ауданының түлегі. Қарағанды медициналық университетінің жалпы медицина факультетін бітіріп, жалпы тәжірибелі дәрігер мамандығын игерген. Жоғары оқу орнын үздік бітірген жас маман Жамбыл облысы Сарысу ауданының Жайлаукөл ауылында еңбек жолын бастаған. Мұнда екі жылдай жұмыс істеген жас 2018 жылы біздің ауданға ауысып, Қарасаз ауылдық дәрігерлік амбулаториясының аға дәрігері қызметін абыроймен атқарып келеді.
Бір қызығы, Дастан өмірлік жары Рухани Абралиеваны да Жамбыл жерінен кездестірген. Руханидың да мамандығы жалпы тәжірибелі дәрігер. Екеуі амбулаторияда бірге жұмыс істейді. Олар «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының негізінде пайызсыз берілген қаражат арқылы Қарасаз ауылынан тұрғын үй сатып алған. Біржолғы көтерме жәрдемақыны да иеленіпті. Еңбек жолы егіз өрілген жарасымды жұп Дастан мен Руханидың отбасында Ақжігіт, Нұрасыл есімді балалар желкілдеп өсіп келеді.

Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close