Пандемияға байланысты күрделі болып отырған қоғамдағы жағдай кім-кімге де оңай тиіп отырған жоқ. Індеттің салдарынан қаншама отбасының бұрыннан қалыптасқан тыныс-тіршілігіне өзгерістер енді. Мұны әрине, Алла тарапынан адамзатқа жіберген сынақ деп қабылдағанымыз дұрыс шығар.
«Әлемді түгел көрсе де,
Алтын үйге кірсе де.
Аспанда жұлдыз аралап,
Ай нұрын ұстап мінсе де,
-Қызыққа тоймас адамзат» деп жырлайды Бұқар жырау бабамыз. Өмірдің қызығына тойған кім бар? Кімнің жақсы өмір сүргісі келмейді дейсің? Әлемге таралған аты жаман аурудан қаншама адамның қайтыс болғаны жүрек ауыртады. Пандемияның алғашқы толқынында біздің елімізде ауру жұқтырып қайтыс болғандардың саны мыңдап саналады. Өткен ғасыр басында қазақ халқының басына төнген нәубеттер, аштықтан, саяси қуғын-сүргіннен, одан кейін халық есін жыймай жатып тұтқиылдан басталған екінші дүниежүзілік соғыстың салдарынан небір асылдарымыздан, қаншама азаматтарымыздан айрылып қалдық. Тұтқиылдан тап берген мына коронавирустық инфекцияның зардабы да бізге оңай болмай тұр.
Абайламай жүріп, ауру жұқтырғандар да арамызда көп. Мұның бәрі ең алдымен айтылған ескертулерге атүсті қарап, мән бермеуімізден болып отыр. «Сақтансаң – сақтайды» дегенді жиі естен шығарып ала береміз. «Ұят болады, қаза болған туысымызға немесе құда-жекжатымызға көңіл айтпасақ болмайды» деп жүрген кейбір ағайындар ауру жұқтырып алғанын өздері де байқамай қалып жатыр. «Батпандап кірген ауру мысқалдап шығатынын» ескерсек, аты жаман аурудан толықтай айығып кетудің өзі қиын әрі көп уақытты қажет етеді. Осы ретте коронавирустық инфекцияның ықтимал екінші толқынында ауырмаудың жолын іздегеніміз дұрыс болар.
Жамбыл облысының халқы арасында коронавирустық инфекция ауруының алдын алу жөніндегі шараларды одан әрі күшейту, сонымен қатар, Жамбыл өңірінде коронавирустық инфекциясының таралуын алдын алу мақсатында аймақтың бас санитарлық дәрігері 19 қазан сағат 00:00-ден бастап қосымша шектеу шараларын енгізу жөнінде шешім қабылдағаны белгілі.
Онда: «Жамбыл облысы аумағындағы шаруашылық және (немесе) өзге де қызмет пен тұрғындардың өмір сүруінің ерекше жағдайларымен жағдай тұрақталғанға дейін шектеу іс-шараларын жүргізуді қамтамасыз етсін» деп тайға таңба басқандай жазылған.
Атап айтсақ, балалар мен ересектерге арналған ойын-сауық мекемелерінің, кинотеатрлардың, букмекерлік кеңселердің жұмысына, Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес демалыс және мереке күндері азық-түлік емес және жабық азық-түлік базарларының, сауда үйлерінің, сауда-ойын-сауық орталықтарының, олардағы азық-түлік супермаркеттері мен дәріханаларды қоспағанда, жұмысына тыйым салу, сондай-ақ, көпшілік іс-шараларды, оның ішінде отбасылық, естелік іс-шараларды (банкеттер, үйлену тойлары, мерейтойлар, еске алу) және адамдар көп жиналатын өзге де іс-шараларды үйде өткізуге тыйым салынды.
«Тәртіпсіз ел болмайды, Тәртіпке бас иген құл болмайды» дейді Батыр Бауыржан Момышұлы. Коронавирустық инфекциясы өте қауіпті ауру саналады. Мұны әлем дәрігерлері растап отыр. Сондықтан Үкімет тарапынан белгіленген жаңа шектеу шараларына барынша түсіністікпен қарағанымыз жөн. Тәртіпке бас иіп, ауруды жұқтырмауға барынша күш салсақ, сау болатынымыз анық. Сау болсақ, тіршілігіміз де жүрісінен жаңылмайды.
Кемелбек ДӘУРЕНОВ,
Б.Момышұлы ауылдық ардагерлер
кеңесінің төрағасы.
Жуалы ауданының Құрметті азаматы