Basty bet

Ауылдықтардың өнегелі ісі

Қарасаз ауылдық округінің тұрғындары мұқтаж отбасына баспана тарту етті

Асар – халықтың мәрттігін, бауырмалдығын, қайырымдылығы мен ұйымшылдығын танытады. Бұл – халқымыздың бұрыннан келе жатқан ата дәстүрі. Алайда соңғы жылдары ұмыт болып бара жатқан дәстүрімізді Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жаңғыртуды қолға алған облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен облыс көлемінде көптеген қайырымдылық шаралар, игі істер жүзеге асырылуда.

Асар ата дәстүріміздің аясында өткен аптаның соңына ауданымызда үлкен қуанышты жағдай болды. Яғни, Ақбастау ауылының азаматы жалғызбасты, үш баланың әкесі Жолымбет Айтбаевтың отбасына баспананың кілті тапсырылды. Қуанышты шараға аудан әкімі келіп қатысып, ауылдықтардың қуанышымен бөлісті.
Осыдан біраз уақыт бұрын Қарасаз ауылдық округінің әкімі Бауыржан Тойшыбеков ауыл ақсақалдарын жинап, асарлату арқылы ауылдық округтегі көмекке мұқтаж бір отбасына үй алып беру туралы ұсынысын айтады. Ауылдық округтегі қоғамдастық мүшелері, ауылдық ардагерлер кеңесі ауыл әкімінің бастамасын бірден хош алып, қолдау білдіреді. Олар өзара ақылдасып, ауылдағы осы азаматқа баспана алып беруді ұйғарады да, бірден іске кіріседі. Ауылдық округ әкімдігінің аппараты, ардагерлердің бастамасына ауыл тұрғындары қуана, ұйымшылдықпен атсалысады.
Қайырымдылық, жанашырлық, мейірімділік – адам бойындағы ең ізгі қасиет. Ауыл ақсақалдарының балаша жүгіріп үй-үйді аралап, істі ұйымдастырғанына барша ауылдықтар риза. Игі іске ауылдық округ әкімінің аппараты, жергілікті қоғамдастық мүшелері, ақсақалдар, кәсіпкерлер, шаруа қожалық жетекшілері, көше-көше болып бірігіп, жеке ауыл тұрғындары болып, әркім хал-қадірінше үлес қосады. Нәтижесінде Жолымбет Айтбаевтың отбасына Ақбастау ауылынан 3 млн 900 мың теңгеге баспана алып береді. Әлі де жиналған қаражатқа үйге жиһаздар, тағы да басқа керекті дүниелері алып берілетін болады.
Жиынды ауылдық округ әкімдігінің бас маманы Бақытгүл Жексекеева жүргізді. Бақытгүл Хасенқызы қуаныш иелеріне құтты болсын айта келіп, игі іске үлес қосқан азаматтарға алғысын білдірді.
– Бұл шараға Асар дәстүріміздің аясында Қарасаз ауылдық округінің әкімдігінің аппараты, округ ақсақалдары және жергілікті қоғамдастық мүшелерінің бастамасымен ауылдық округіміздің барлық тұрғындары бірігіп үлкен үлес қосты. Яғни, осы отбасының балалары қуанышқа кенеліп, баспаналы болсын деген ниетпен Сингапурда тұратын жерлесіміз, Ақбастау ауылының тұрғыны Тұрғымбаев Талғат Ералыұлы, «Ескендір» шаруа қожалығының басшысы Әбілнұр Ахметов, жеке кәсіпкер Әбіл Қалтаев, Ақбастау ауылына ауызсу құрылысын жүргізіп жатқан мердігерлері Карасаз ауылдық округінің мешіті, округте орналасқан ұжымдар, округ ақсақалдары, жалпы барша халық атсалысты. Осы азаматтардың бәріне шын жүректен үлкен алғысымызды білдіреміз! Қайырымды істеріңіз Алладан қайтып, балаларыңыздың рақатын көріңіздер! Істеріңізге Алла береке берсін!- дей келіп алғашқы сөз кезегін аудан әкімі Нарбай Ергебековке берді.
-Бүгін ауылдарыңызда үлкен қуаныш болып жатыр. Қуаныштарыңызға ортақпыз. Яғни, ұмыт болып бара жатқан ата дәстүрімізді жаңғыртып, өнегелі, үлгі боларлық үлкен тірлік жасадыңыздар. Бұл игі істі жас ұрпақ жалғастыруы керек.
Қазақ қай заманда да жетімін жылатпаған, мұқтаж жандарға әрдайым демеу болып, көмегін аямаған. Сондықтан сауап іске үлес қосқан барша ауылдықтарға шын жүректен алғысымды білдіремін!
Баспаналы болып жатқан отбасына амандық тілеймін! Қоныстарыңыз құтты болсын!- деді аудан басшысы.
Қуанышты шарада ауылдық округ әкімі Бауыржан Тойшыбеков, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағындық Тоқбергенов, ауылдық алқа билер кеңесінің төрағасы Нұртаза Омаров, ауылдық жергілікті қоғамдастықтың төрағасы Ермахан Қойлыбаев, мүшесі Асан Борашев, Қарасаз ауылының имамы Асқар Назарбеков те сөйлеп, жүрекжарды лебіздерін білдіріп, қуанышқа үлес қосқан жандарға алғыстарын білдірді. Ауыл ақсақалы Жоламан Елеусінов ақ батасын беріп, баспана иесіне кілті тапсырылды. Ақ жаулықты аналар тәттіден шашу шашып, ауылдықтар мәре-сәре болды.

Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close