Basty bet

Аймақтар көркейді, тұрғындар жұмысты болды

Өткен жылы ауданның көптеген елдімекендерінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы табысты іске асырылып, ауыл-аймақтардың бірсыпыра проблемалары шешімін табумен қатар, тұрғындар да жұмыспен қамтылды.

Аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағының айтуынша, бағдарлама аясында ауданда жалпы құны 2 599 297 мың теңгені құрайтын 38 жоба іске асырылған. Атап айтқанда, аудан әкімдігінің білім бөлімі тарапынан білім беру объектілері бойынша жалпы құны 96 077 мың теңгені құрайтын төрт жоба қарастырылды. Ашық конкурс нәтижесінде мердігер «Асау Инвест Ник» ЖШС 84 280 мың теңгеге жеңімпаз болып танылып, жұмысын мерзімінде аяқталды. Үнемделген қаражат көлемі 8 929 мың теңге.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілері бойынша сумен жабдықтау қосымша кестеге сәйкес жеті жобаға облыстық энергетика басқармасы арқылы ашық конкурс ұйымдастырылып, жеңімпазы «Байсын-А» ЖШС-мен келісімшарт жасалды. Жобаның техникалық бақылаушыларына аудан әкімдігінің ТҮКШ, ЖК және АЖ бөлімі ашық конкурс ұйымдастырып, жеңімпаз «Жамбыл экспертиза» ЖШС анықталып жұмыс басталып аяқталды, үнемделген қаржы көлемі 10 518,8 мың теңге.
Газбен жабдықтау бойынша сегіз жобаға 639 405,0 мың теңгеге облыстық энергетика басқармасы арқылы ашық конкурс ұйымдастырылды, «KazCityPlat 2010» ЖШС және «ҚазМұнайГаз» ЖШС-мен мердігер ретінде, ал «Инжиниринг сервис групп» ЖШС-мен техникалық қадағалаушы ретінде келісімшарт жасалды, соның ішінде «Бизнестің жол картасы» бойынша қайта іске қосылатын “Тоқтаев” шаруа қожалығын газбен қамтамасыз ету бойынша “Алира сервис компани” ЖШС, ал техникалық қадағалаушы “Али-Сервис KZ” ЖШС-мен келісімшарт жасалды. Жұмыс басталып аяқталды, үнемделген қаржы көлемі 20 642,0 мың теңге.
Кентішілік және ауылішілік жолдарды орта жөндеу жұмыстары бойынша 10 жоба 219 395,0 мың теңге Бауыржан Момышұлы ауылына қарастырылып, қосымша кестеге сәйкес жеңімпаз мердігер “L-Вита Темп Строй” ЖШС, техникалық қадағалаушы «Амаль» ЖШС анықталды. Үнемделген қаржы көлемі 16 530,0 мың теңгені құрап, мердігер жұмысын аяқтады.
Суғармалы алқаптар көлемін арттыруда маңызды болып есептелетін каналдарды ағымды жөндеу жұмыстарына арналған бес жобаны іске асыруға 177 740 мың теңге қаржы қарастырылды. Бауыржан Момышұлы ауылы суландыру жүйесін жүргізу жұмыстары 85 769,0 мың теңгеге аяқталса, Шақпақ ауылдық округінің Шақпақата ауылындағы Д.Пахомов көшесіне суағар науа орнату жұмыстары 12 036,0 мың теңгеге мердігері анықталды, жұмыс толығымен аяқталды. Сондай-ақ Нұрлыкент ауылдық округінің Нұрлыкент ауылындағы Е.Байғазиев көшесіне суағар науа орнату және жаяу жүргіншілер жолын салу жұмыстарына бөлінген 74 935,0 мың теңге толығымен игерілді. Ақсай ауылдық округінде каналдарды ағымды жөндеуге бір көзден келісімшарт жасалып, қазіргі таңда мердігер жұмысты аяқтады, үнемделген қаржы 536,0 мың теңге.
Жалпы құны 96 000 мың теңгені құрайтын төрт каналды, атап айтқанда, Қарасаз ауылдық округінің Қарасаз ауылындағы «Береке» су тоғаны, Ақсай ауылдық округінің Қайрат ауылындағы «Қайрат», Диқан ауылындағы «Шетбұлақ», Ақтөбе ауылдық округінің Ақтоған ауылындағы «Жарбұлақ» су тоғандарына ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілді.
– «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында ауданда жалпы 858 жұмыс орнын ашу жоспарланған болатын. Соның ішінде 431 адам аудан әкімдігінің жұмыспен қамту бөлімі арқылы жұмыспен қамтылып, бағдарлама аяқталғаннан кейін 74 жұмыс орны қалыптасты. Аудан көлемінде іске асырылып жатқан жобалар бойынша үнемделген қаржы көлемі 66 939,0 теңгені құрады, – дейді Асхат Базарбайұлы.

Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close